Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ас қайыру: ас қайыру: бабалар аманатына адал болайық

Ас қайыру: ас қайыру: бабалар аманатына адал болайық

«Асың, асың, асыңа,
Бақыт берсін басыңа.
Дастарқаның мол болсын,
Көргенің тек той болсын.
Өркенді бол, қойлы бол,
Ашық-жарқын ойлы бол...» деп бата берді алты жасар Азамат атасынан кейін. Бұл оған ата-апасының үйреткен ас қайыру батасы болатын. Атасы болса сол жерге жиналған дүйім көпшіліктің алдында мерейі көтеріліп, көңілі көлдей баланың алғырлығына ырзашылығын білдіріп, маңдайынан сүйді. «Өркенің өссін» деп батасын да берді ақсақалдар. Бесіктен белі шықпаған баланың үлкендерше ас қайырып отырғаны жұртшылықты таңырқатпай қоймады. Өйткені, қоғамда ас қайыру түгілі, екі сөздің басын қосып айта алмайтын жандардың да бары шындық. Ал сіз ас қайыра аламысыз? Біз бүгін сол ас қайырудың маңыздылығына, қадір-қасиетіне тоқталмақпыз.
Ата-бабадан жалғасып келе жатқан ас қайырып, бата беру қазірге дейін өз маңызын жоймаған. Бұл – қазақы әдет, жөн-жоралғы, ғасырлар бойы санаға сіңген салиқалы салт. Кез келген жиын-тойларда, аста күнделікті бата беру қазақтың әр шаңырағында көрініс тапқан. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Яғни бата-тілекте тек жақсы, жағымды сөздер айтылады. Оның астарында сыйластықтың, көңіл бөлудің, қамқорлық танытудың, тілектес болудың сыры жатыр. Ас қайырудың маңыздылығы туралы 20-дан астам немере, 1 шөбере сүйіп отырған Ұлған Қошқарова өз пікірін былайша білдірді.
– Қазақта «Асқа адалдық, денге саулық» деген тәмсіл бар. Мәнін тереңірек ұғына білген адамға үлкен мағына жатыр. Дастарқанға ­отырып, дәм алып болған соң міндетті түрде асты қайыру қажет. Бұл әуелі дайындалған тағамға, содан кейін дайындаған адамға деген құрмет. Қазіргі таңда кейбір жастар асты қайырмай тұрып, сыртқа шығуға құмар. Бұл дұрыс емес қылық. Ас қайыру батамен айтылады ғой. Ал бата, тілекпен адам көгеріп, өспейді ме? Сол себепті үлкенді сыйлауды, дәмді сыйлауды, мейірімділікті, шыдамдылықты, қанағаттылықты, қонақжайлылықты насихаттайтын «Ас қайыруды» әрбір қазақ білуі керек деп есептеймін. Мен де өз немерелеріме батаның түр-түрін үйретіп жатырмын. Бұны әр адам өзіне парыз санауы тиіс. Өйткені, балалар – біздің болашағымыз, – дейді ақжаулықты әже.
Иә, шынында қонақ келсе қорасындағы жалғыз малын соятын қазақ үшін ас қайырудың орны ерекше. Өйткені, бата, тілек ақ дастарқанның сәні мен салтанатын келістіріп, рухани көңіл-күйді көтереді. Сонымен қатар алдына қойылған тағамдардан тамсана дәм татқан мейманның асты дайындаған адамға ризашылығын білдіреді. Айта кетейік, сөздің қадір-қасиетін жіті ұғынған, түсінген халқымыз бата беруге де, бата сұрауға да аса мән берген. Бәріңізге белгілі, батаны әдетте көпті көрген көнекөз қариялар береді. Шынайы, ақ, адал жүректен шыққан кез келген бата қабыл болатыны сөзсіз.

Фариза КЕНЖЕШОВА
02 маусым 2020 ж. 4 380 0