Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Той қуған тозар, ой қуған озар

Той қуған тозар, ой қуған озар

Әлемге шеңгелін салған кесел біздерді еркіндіктен алыс­татып, той түгілі, топырақты өлімге де баруды тоқтатты. Той демекші, жаз – нағыз той-томалақтың қызатын науқаны. Ал қазір елдің қызықшылығына ортақтасып, қызмет қылатын асабалар қауымы арқандаулы. Олар наурыздан бері нәпақасыз қалғандардың қатарында. Себеп айтпаса да түсінікті. Үш ай үйден шықпай жатқан той тізгіншілері немен айналысып жатыр? Тойға мораторий жариялауға олардың көзқарасы қалай? Осы тектес сауалдар көптің көңілін күпті еткені рас.
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!» деген болатын. Бұл Президенттің парасатты пайымы – бейнетті шақ туғанда би билеуді, шашу шашуды шамалы тоқтата тұр дегені. Тиісінше қолыңнан келсе, қоғамның қолтығынан демеп, ғылыммен айналыс. Сол ғылыми жаңалығың жұртқа пайда әкелсін.
«Болғанынан боладысы қызық екен» деп, «той» атаулының бес-ақ сағатта өте шығатынын талай жан айтып жүр. Бірақ сол бес сағат үшін 5 жылдық ризықты шашып жібердік-ау деп ешкім ойламайды. Жалпы той туралы сөз қозғалғанда көпшіліктің пікірі екіге жарылады. Мәселен, айтыскер ақын Болатбек Мейірбекұлы қазақы тойдың қазынасы сарқылмаса дейді. 15 жылдық той жүргізу тәжірибесі бар Болатбектің салт-дәстүрді саралайтын, әдет-ғұрыпты әспеттейтін, ең бастысы қазақы тойдың бүгінгі бет-бейнесі мен келер келешегіне керекті кеңес айтатын «Той мен ой» деген кітабы жарық көрген. «Президентіміздің сөзін толықтай қолдаймын. Білім, ғылым, өнеркәсіп, технология, заманауи даму дегендерді қарқынды түрде қолға алу қажет. Әйтпесе заман көшінен қалатынымыз айтпаса да түсінікті. Тек менің қосарым, оның бәрін тек тойды тоқтату арқылы жүзеге асыруға болады деп түсінуге болмайды. Рас, қазіргі дерт дендеп тұрған кезде тойды қысқарта тұрған дұрыс. Бірақ жағдай қалыпқа келген кезде де біржола тоқтатып, тыйым салу қазақы туыстықтың, отбасылық құндылықтың беріктігіне сызат түсіруі бек мүмкін. Алайда қазақ тойына түбегейлі өзгеріс қажет. Менің кітабым да Президентіміздің ойымен астарлас. Қазақ тойы қалай болған және қалай болуы керек? Тойдың өзін идеология ретінде қалай пайдалануға болады? Асаба, әншілердің қандай нәрселерге жол бермегені жөн? Қазақ салт-дәстүрлерінің сыры неде? Осы секілді сұрақтарға жауап береді» дейді автор.
Жақында тойға 5 жыл мораторий жария­лау керек деген мәселе туындағанда әнші, педагог Рамазан Стамғазиев мынадай пікір білдірген болатын. «Дәл қазір коронавирус өршіп тұрған, ел қорқып жүрген кезде ауруды таратпау үшін уақытша тыйым салу орынды. Бұл тек елдегі эпидемиялық жағдайда. Бұл ұсыныстың екінші ұшы да бар. Қазақ кішкентай ғана қуанышын бүкіл елмен бөліскенді құп көреді. 500-1000 адам шақырмаса да, 20-30 адаммен тойлай береді. Үйіне он адам, жиырма адам шақырса да, отбасының кіші қуанышын атап өткені дұрыс. Тойға тыйым салмау керек. Мен қазір педагогпын, жұмысым бар. Консерватория, академия, колледжде жұмыс істеймін. Негізгі табысым – сол. Ал енді той-томалақпен жанын бағып, күнделікті тіршілігін істеп жүрген әншілерге бұл қиын. Олардың одан басқа табысы жоқ қой. Көбі ғылыммен айналыспайды, педагог емес. Жеке концертімен, той-томалақпен жанын бағып жүр».
Иә, карантин елдің еңсесін басты. Әлеуметтік әл-ауқатына да әсер етті. Дейтұрғанмен, осы бір бейнетті күннің беті қайтып, әлі-ақ шашу шашылар шаққа да жетерміз. Себебі қазақ бұдан да жаман күнде тойға барған, бара да бермек. Өмір болған соң ақ пен қараның, жақсылық пен жамандық, қайғы мен қуаныштың қатар салтанат құратыны анық. Тек ендігісі той-думанда сақтық пен саулықты сақтап, ысырапшылдыққа бой алдырмай, қанағат пен қаражатты есептей алсақ болғаны. Осындай кең етек жайған кеселден қиылып кетпей, сабырлы болсақ игі. Сонда ғана той тойға ұласпақ.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
06 тамыз 2020 ж. 525 0