Тәртіпке бас иген құл болмайды
Кейде ақбас тарихтың ақтаңдақ беттерін ақтарып отырып, қазақ халқы не көрмеген деп таңдай қағамыз. Қазір төрткүл дүниенің төбесіне қауіп пен қорқыныш үйіріп отырған коронавирус індеті де сондай сынақтың бірі шығар, бәлки?
Дегенмен айтып келмеген бұл ауру адамзат баласына аяушылық танытпауда. Аранын аждаһадай ашып, Қазақстан тұрғындарын ғана емес, әлем халқын қара жамылдырып отыр. Бұл сөзімізге сәт сайын өзгеріп отырған статистикалық мәліметтер дәлел. Жер-жаһанның дәрігерлері адам жанына араша түсумен айналысса, тәртіп сақшылары сақтық шараларының сақталуын қадағалаумен әлек. 5 шілдеден бастап аудан әкімдігі және тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау, полиция басқармалары өкілдерінен құрылған 3 мобильдік мониторингтік топ жасақталған. Топ мүшелері карантин тәртібін бақылау мақсатында күнделікті рейд жұмыстарын жүргізуде. Бүгінге дейін мобильдік топпен 135 нысан тексерілген. Карантин кезінде орын алған құқық бұзушылықтар да жоқ емес. Оларға тиісті шара қабылданып, 6 айыппұл салынып, үшеуі өндірілген. Мұның барлығы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалып жатқан әрекет. Осы тұста халық та қазақы кеңбалақ қалпын қойып, жайбарақаттықты жойып, ширығып, темірдей тәртіпке бағыну қажет.

Қазақ ежелден ақкөңіл, қонақжай, мамыражай халық емес пе? Қонақ келсе қорасындағы соңғы қойын сойып беруден тайынбайды. Ал қиындық төнсе, Алласын аузына алып, «Құдай сақтасын» деп жайбарақат отыра береді. Бірақ осы мамыражай мінездің кесірін тигізетін сәттері де бар. Әсіресе, коронавирус індеті желдей жылдам тарап жатқан уақытта қазақы мінездеріміз опық жегізбесе екен. Бұлай деуімізге халық арасында әлі де жиын-тойдың, құдайы астардың тоқтамай тұрғандығы себеп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазір «тойың тойға ұлассын» дейтін уақыт емес. Технология дамыған заманда сіз қандай да бір себептермен және мақтаныш істермен айналысуды доғару керек. Осындай қауіпті пандемия кезінде тіпті біздің кейбір азаматтар маған хат жазып, тойды өткізуге мүмкіндік беруімді сұрайды. Біз қиын күрес кезеңінде тұрмыз. Сондықтан еңбек өмір салты мен басты міндетімізге айналуы керек. Біз енді саналы түрде ойлануымыз керек, той туралы ойламауымыз керек. Бұл ақыл, ғылым, білім және еңбек дәуірі» деп ашып айтқан еді. Десек те «Тойың тойға ұлассын» деп арқаны кеңге салып, думандатып жүргендер жоқ емес. Мейрамханалар толығымен жабылғанымен, есік алдында қыз ұзатып, бет ашып жатқандарды көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Ал құдайы астарға баратын адамның қарасы тіптен қалың. Қазақ жақын туысы қайтыс болса, үйде қарап отыра алмайтынын жақсы білеміз. Қайтсе де қара жамылған үйдің жұбанышына айналсам дейді. Ал кейбіреулері «Бармасақ, ұят болады» деген оймен қаза болған үйге жиналады.
Бір күні жасы алпысты алқымдаған көрші апам артынып-тартынып кетіп бара жатыр екен. Жұмыстан түскі асымды ішуге келе жатқан бетім сол еді, аяғын әрең басқан апаны көзім шалды. «Апау, күн қайнап тұрғанда қайда бара жатсыз?» деп әзілдеп сұрақ жөнелттім. «Е, мына жерде бір танысымның қызы ұзатылып жатыр. Соған кіріп-шығайын деп едім. Жарықтық, әкесі жақсы адам еді. Бармасам ұят қой» деп өз бағытымен кетті. Міне, осы сынды жандарды күніге кездестіріп жатамыз. «Кезінде біздің тойға келіп еді» я болмаса «Ұят болады» деп вирусты да елемей, тойлауға асыққандар бар. Өкініштісі, «Не болады дейсің? Мұның бәрі сандырақ» деп әлі де қолды сілтеп, коронавирус індетіне сенбейтіндер жетерлік. Иә, біз «Сен бұған илануға міндеттісің» деп талап қоя алмаймыз. Ал той тойлап, қыр асып жүргендердің ісін жауапты мекемелер-ақ бір жақты етуде. Енді халық та бір сәт ойланып, өзін ғана емес, айналасындағы исі қазақтың да хал-ахуалын есіне түсірсе екен. Оның үстіне тынысы тарылып төсекте жатқан жандар барда, уайым-қайғысыз ән салып, би билеп жүргеніміз әділетті ме? Қазір той тойлайтын, «Ұят болады» деп жалған намысты ойлайтын уақыт емес. Еліміз жер-жаһанды жалмаған жаман ауруды жеңгеннен кейін де тойлайтын күндеріміз келер. Бәз-баяғыша «Қазақтың тойы бітпесін» деп бір-бірімізді қапсыра құшақтап, табанымызды жерге тигізбей билерміз. Тек қазір тастүйін жұмылып, тәртіпке бағынып, сақтанайық. «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген батыр Бауыржанның сөзі бар емес пе? Көрші Қытай елі бұл ауруды темірдей тәртіптің арқасында ғана ауыздықтай алды. Енді біз де Президент Жарлығымен жарияланған карантин режимін сақтап, медицина мамандарының кеңесіне құлақ асайық. Сонда ғана ет-жақындарымыз бен өзімізді тәжівирустың тырнағына іліндірмейміз. Лайым ілінбейік.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА