Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қауіп сейілер емес

Қауіп сейілер емес

Аудан тұрғындарына коронавирустан құтылдық деп, бетперде тақпай, ережені ескермей, арқаны кеңге салуға еш негіз жоқ. Себебі, эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. Бұл туралы сәрсенбі күні баспасөз орталығында өткен брифингте аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Г.Айтекеева айтты.
Облыс көлемінде соңғы 7 күн ішінде Covid-19 сырқаттанушылық көрсеткішінің өсуі орын алып, эпидемиологиялық ахуал «тұрақсыз» болып бағалануда. Ал аудан бойынша бүгінгі күнге эпидемиологиялық ахуал 5 пайыздық көрсеткіште.
– Бүгінге дейін ауданда вирус жұқтырған адамдар саны 79-ға жетті. Оның ішінде ошақтар бойынша Ш.Қодаманов, Бала би, Ортақшыл, Жиделіарық, Жақаев, Байсын, Тартоғай және Шиелі кентінде КВИ белгілерімен науқастар анықталды. Ауру жұқтырғандардың тіркелуі Ш.Қодаманов елді мекені бойынша – 46 науқас, Бала би елді мекені бойынша – 10, Ортақшыл – 1, Жиделіарық – 1, Жақаев – 6, Атыраудан келгендер – 3, Шиелі кенті бойынша – 8 болса, 6-8 маусым аралығында соңғы тіркелген жағдай Байсын, Тартоғай ауылдарының 2 тұрғыны мен Ресейден келген 2 науқас Covid-19 оң нәтиже берген. Айта кетейін, соңғы 4 науқастың коронавирустық инфекция жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болғандығы анықталмады, ауру белгілері де жоқ, симптомсыз вирус тасымалдаушылық ретінде есепке алынып отыр. Аудан көлемінде қазіргі таңда коронавирус инфекциясымен облыстық, аудандық жұқпалы аурулар ауруханаларында 10 науқас жатқызылып, ем қабылдауда, – дейді басқарма басшысы.
Аудан тұрғындарының жиын-тойлардан уақытша бас тартуы, өзге де түрлі шектеу шараларының қаншалықты орындалып жатқаны жайлы сұрағанымызда:
– Бұған дейін аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм және ішкі істер бөлімімен ауданда коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алуға қарсы іс-шараларды күшейту мақсатында құрылған мобильдік топ эпидемияға қарсы сақтану шаралары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жадынамалар таратты. Енді алдағы уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес, рейдке шығып, жоспардан тыс тексерулер жүргізілгелі жатырмыз. Рейд барысында шектеу шараларын бұзған нысандарға әкімшілік шара көрілетіндігін ескертеміз. Мұндай рейд қазіргі таңда облыс орталығы мен Арал ауданындарында жүргізіп жатыр, – дейді Г.Айтекеева
Сондай-ақ брифингте басқарма басшысы аудандағы барлық нысандар күшейтілген санитариялық – дезинфекциялық режиммен жұмыс істеуін, әлеуметтік ара-қашықтықты сақтай отырып, қоғамдық орындарда бетперделік режимді жалғастыру, қол гигиенасын сақтау, ұжымдық, жанұялық туған күн, үйлену той, құдалық, басқа да дәстүрмен әдет-ғұрып шараларға, барлық жиындарға тыйым салуды жалғастыратынын, аудан көлемінде коронавирус инфекциясының таралуының алдын алуда зор жауапкершілік танытып, енгізілген шектеулерді қатаң сақтауға шақыратынын айтты.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
13 маусым 2020 ж. 498 0