коронавирустан 3 адам айықты
Дүйім жұртты дүрліктірген дерттің ел-жұртты біраз есеңгіреткені рас. Күннен күнге коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны өсіп жатыр. Естеріңізде болса, COVID-19 вирустық инфекциясына қатысты алғашқы жағдай Сыр өңірінде наурыздың 28-де анықталған еді. Ал бүгінгі күні қауіпті індетке қатысты республикада 1757 жағдай тіркелген. Оның ішінде облыс аумағында індетті жұқтырған 149 науқас анықталып отыр. Атап айтқанда, Қызылорда қаласында – 23, Жаңақорғанда – 30, Арал мен Қармақшыда – 4, Сырдарияда – 25, Қазалыда – 2. Ал Шиелі ауданында кеше 2 жағдай анықталып, науқастар саны 61-ге жетті.
Соңғы тәулікте тіркелген 2 жағдай Қодаманов пен Бала би ауылынан анықталды. Жаңадан тіркелген науқастар бұрын коронавирус инфекциясын жұқтырған адаммен байланыста болған.Жалпы коронавирус инфекциясы анықталған азаматтармен байланыста болған – 2181 азамат бар, оның тікелей қарым-қатынаста болғаны – 1146, жанама қарым-қатынаста болғаны – 1035 азамат. Инфекциялық стационарға – 125, провизорлық стационарға – 64, карантиндік стационарға – 583 азамат жатқызылған. Айта кетейік, дертке шалдыққандардың ең кішісі – 4 жаста, ал үлкенінің жасы – 87-де.
Коронавирус инфекциясымен Шиелі ауданында 61 жағдай тіркелгенін жоғарыда айттық. Қодаманов ауылынан – 46, Балаби ауылынан – 8, Ортақшыл мен Жиделіден – 1, Шиелі кентінен – 5 адам індеттің тырнағына ілінген.
Қытайдан келген вирус халықты біраз әуре-сарсаңға салып, күн санап артып жатқан сандар көңілге қаяу түсіргенімен одан айығып жатқан жандардың бары көңілімізге медет болуда. Нақтырақ айтар болсақ, 19.04.2020 жылы ауданда коронавирус індетінен 3 науқас айығып шықты.Емделушілердің емі толық аяқталғаннан кейін 2 рет тест сынамасы алынған. Сынама нәтижесі теріс көрсеткіш көрсетуіне байланысты науқастар COVID-19 вирусынан айығуына байланысты ауруханадан үйлеріне жіберілді. Індетті жеңген 3 науқастың біреуі Шиелі ауданының, ал екеуі Жаңақорған ауданының тұрғыны. Алдағы уақытта емделушілер 14 күн бойы аймақтық дәрігерлер бақылауында болады.
Айта кетейік, облыста бұған дейін 21 науқас COVID-19 індетінен айыққан болатын. Ал соңғы мәліметте бойынша ауданда індетті жұқтырған науқастардың үшеуі емделіп шықты. Бұл әрине жақсы жаңалықтардың бірі. Иә, қауіпті инфекцияның қатарынан табылмас үшін бекітілген төтенше жағдайларға құлақ ассақ, аурудың ауылы алыс болар еді.
Сұлушаш МАДИЯРОВА