Қызылорда облысында коронавирус оқиғасы Қармақшы және Шиелі аудандарында тіркелді
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында коронавирус жұқтырудың тағы 6 оқиғасы тіркелді. Бұл туралы өңірлік коммункикациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов мәлімдеді.
«Бүгінгі таңда Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар саны 24 адамға жетті. Олардың екеуі – Қармақшы ауданында, екеуі Жаңақорған ауданында, біреуі – Шиелі, ал, алтыншысы – Қызылорда қаласында тіркелді. Қармақшы ауданындағы бір науқас Алматы қаласынан келген. Екінші науқас анықталу үстінде. Жаңақорған ауданындағы екі адам да осы инфекцияны бұрын жұқтырған науқастармен қарым-қатынаста болғандар. Шиелі ауданында да осындай жағдай, яғни, бұрын ауырған науқаспен тығыз байланыста болған. Ал, Қызылорда қаласында анықталған адам облыста ең бірінші анықталған науқаспен қарым-қатынаста, тығыз байланыста болған», – деді Жақсылық Абдусаметов.
Басқарма басшысының айтуынша, облысымызда коронавирус инфекциясын жұқтырушылар саны күрт көбейіп отыр. Бүгінгі таңда өңірде осы қауіпті індетті жұқтырғандардың бәрі бұрын науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар екендігі анықталып отыр.
«Сондықтан, облыс тұрғындары, ең алдымен, сақтық шараларына мән беруі қажет. Жеке бас гигиенасын сақтап, мейлінше қорғану керек», – деді басқарма басшысы.