Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Вирус жұқтырғандар көбейіп жатыр

Вирус жұқтырғандар көбейіп жатыр

Елімізде әлемді алаңдатқан тәжвирусқа қатысты 302 жағдай тіркелді. Ал облыс бойынша қауіпті індетті жұқтырғандар қатары 5 адамға көбейген. Әрине, бұл көптің көңіліне қаяу салып, қорқынышты арттырып отыр.

Жасыратыны жоқ, осы коронавирус алғаш таралғаннан бастап, баршамыз оған атүсті қарадық. Сеніңкіремей, алып-қашпа әңгімелердің бірі дестік. Бірақ жоғарыда жазылған цифрлар күн санап көбейген сайын деңбірің қашып, сенбеске амалың қалмайды. Сонсоң мүмкіндігінше одан қорғанудың жолын қарастыра бастадық.
Coronavirus2020.kz сайты мәлімдеген соңғы мәлімет бойынша елімізде коронавирус дертіне шалдыққандар қатары 302-сі адамға жетіп отыр. Нұр-Сұлтанда – 168, Алматыда – 73, Шымкентте – 2, Ақмола – 9, Ақтөбе – 2, Атырау – 12, ШҚО – 2, Жамбыл – 3, БҚО – 2, Қарағанды – 13, Қызылорда – 5, Маңғыстау – 1, Павлодар – 1, СҚО – 1, Алматы облыстарында – 8 науқас тіркелген.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы­ның басшысы Жақсылық Әбдісәметов БАҚ өкілдеріне оқиғаны баяндап берді. Бірнеше күн бұрын облыста вирус жұқтырған алғашқы тұрғын анықталған болатын. Ал 29 наурыз күні сол науқас қаралған емхана медбикесінің бойынан вирус белгілері табылғаны белгілі болған.
– Ал бүгін тіркеліп отырған 3 адамның бірі сол алғашқы науқаспен қарым-қатынаста болған. Екінші азамат 20 наурызда АҚШ-тан келген екен. Бойынан вирус белгісі табылған үшінші тұрғын ауруханада қызылшадан емделіп жатқан. Таңғы сағат 7:30-да лабораториялық зерттеулер қорытындысын алысымен олар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылып, ем-домы басталып кетті. Олармен қарым-қатынаста болғандар нақтыланып жатыр, – деді облыстың бас дәрігері.
Ұлттық қоғамдық денсаулық орталығының сайты ұсынған дерек бойынша елде 1886 адам карантинде, тағы 6519 адам үй карантинінде жатыр.
Олардың ішінде 215 адамның ауру белгілері жеңіл өтіп жатыр, 28 адамның жағдайы орташа ауыр, 7 адамдікі ауыр. Дәрігерлер 67 адам вирусты шетелде жұқтырып келгенін, 114 адам байланыс арқылы, 103 адам Қазақстанда екенін мәлім етті. Біле білсеңіз, коронавирус ерлерге қарағанда әйелдерде көп анықталып жатыр. Инфекция табылғандардың көбі 20-25 жас аралығындағы – 17 әйел және 8 ер адам. Олардың қатарында балалар да бар. Мәселен, бес жасқа дейінгі – 3 қыз, 10-15 жастағы екі қыз және бір бала. 60 жастан 65 жасқа дейінгі үш ер адам мен алты науқас әйел қауіп-қатер тобында тұр.
Қызылордада коронавирусқа тап болғандардың саны 5-ке жеткенін жаздық. Соның ішінде бір дерек Жаңақорғанда тіркеліп отыр. Оның студент екендігі анықталды. Бізге жеткен мәлімет бойынша, науқас қазір аудандық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. Ал арнайы сала мамандары науқаспен байланыста болған жандардың санын анықтау үстінде.
Елімізде індетке қарсы күреске бөлінген қаржының жалпы көлемі 4 трлн теңгеден асатындығын айта кету керек. Елімізде вирус жұқтырғандардың 20-сы дерттен жазылып шыққан. Оның 14-і Нұр-Сұлтанда, жетеуі Алматы қаласында.

Сұлушаш МАДИЯРОВА


31 наурыз 2020 ж. 511 0