Өңірдегі ахуал аймақ басшысының бақылауында
Жұмадағы істің қайыры болар. Кеше облыс басшысы Гүлшара Әбдіқалықова Шиелі ауданына жұмыс сапарымен келді. Өңірде өршіп тұрған тәжтажалды тоқтатудың айла-шарғысын шамалап, тосқауыл-бекеттердің жұмысын барлады. Бүгінгі таңда эпидемиологиялық ахуалдың күрделенген ошағы саналатын Шиелі ауданының тыныс-тіршілігін көзбен көрген облыс басшысы сақтық шарасын барынша күшейтуді тапсырды.
Облыс басшысы Г.Әбдіқалықова жұмыс сапарын Шиелі ауданының кіреберісінде орналасқан тосқауыл бекеттерінің жұмысымен танысудан бастады. Жалпы ауданда 11 санитарлық бекет құрылып, бірқатар ауылдық округте қатаң шаралар енгізілген. Короновирус індеті анықталып, карантинге жабылған Ортақшыл, Қодаманов, Бала би, Жиделіарық елді мекендерінің тұрғындары жергілікті кәсіпкерлер есебінен тегін азық-түлік және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуде. Айта кетейік, Коронавирус инфекциясымен Шиелі ауданында 61 жағдай тіркелген. Оның 46-сы Қодаманов ауылынан, 8-і Балаби ауылынан, 1-і Ортақшы ауылынан, 5-і Шиелі кентінен, 1-і Жиделі ауылынан анықталған. Тәжтажалдың тырнағына ілініп, сырқатпен күресіп жатқан науқастардың хал-жағдайын білмекке бел байлаған облыс әкімі Шиелінің индустриялды аграрлық колледжіндегі медицина мамандарымен сөйлесті. Олардың дәрі-дәрмек және қорғаныш киімдерімен толық қамтамасыз етілуін тексерді. Пандемияны ауыздықтауға күш салып, күні-түні кірпік қақпай науқастардың жанынан табылған ақ желеңділер «Аудандық аурухананың ескі ғимаратында вирус жұқтырған 4 адамға тиісті ем жасалып жатыр. Мұнда науқастарға арнайы оқшау орын қарастырылған. Емделушілердің жағдайы қанағаттанарлық» – деп баяндады. Халықтың амандығы үшін басын қауіп-қатерге тіккен дәрігерлерге «Гежуба Шиелі цемент» зауытының жатақханасы оқшау орын ретінде тынығып, демалуларына берілген. Осылайша медицина қызметкерлерінің және олардың отбасыларының амандығын ойластырудамыз деді Шиелі ауданының әкімі Қ.Мүбараков.
Одан әрі маңызды назардағы қоныс 46 жағдай тіркелген Қодаманов ауылына бағыт алды. Елді мекен толыққанды оқшауланған. Осы ауылдан шыққан науқастар облыс орталығындағы жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Осы ауылда болған аймақ басшысы тұрғындарды сабырлы болуға шақырып, жағдай тұрақталмайынша, қатаң карантин ережелерін сақтау керектігін ескертті. «Біз үшін қазір ең бастысы – дендеген дертті тоқтату. Азық-түлік, дәрі-дәрмек арнайы көліктермен жеткізіледі. Ауылдан ешкімді шығармай, сырттан ешкімді кіргізбеу керек. Вирус жұқтырған адамдардың тезірек жазылып шығуына бар күш-жігерді жұмылдырамыз», – деді облыс әкімі Г.Әбдіқалықова.
Сақтық шарасы демекші, жаман дерттен сақтану үшін ауданда осы күнге дейін 1 млн 262 мың шаршы метр аумақ залалсыздандырылып, 28 млн теңгеге антисептик, хлор, қорғаныш киімдері және басқа да медициналық бұйымдар сатып алынған. Ауру ошағы табылған орындарды да дер уақытында залалсыздандыру жұмыстары қолға алынып жатқандығын тілге тиек еткен сала басшылары өңірдегі ахуалдың қатаң бақылауда екенін жеткізді. Сапар қорытындысында облыс әкімі ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың тиісті деңгейде емес екенін, талаптардың уақытылы орындалмауы салдарынан көпшілік шаралар өткізіліп, аурудың тез таралуына жол берілгенін айтып, аудан басшылығына ескерту жасады.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ