Қызылордалықтар коронавируспен күрес жөнінде 400-100 нөміріне хабарласа алады Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз
ҚазАқпарат - Қызылорда облысында коронавирус инфекциясымен күрес бойынша call-орталық жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Хабар 24» телеарнасында айтып берді.
«Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның жанынан жедел штаб құрылды. Мамандар тәулік бойы коронавирус инфекциясымен күрес шараларын ұйымдастыру және ақпараттарды талдау жұмыстарын атқаруда. Тұрғындармен кері байланыс жүйелі орнатылған. Өңір тұрғындары толғандырған сұрақтары бойынша 400-100 call-орталығына хабарласа алады», - деді Г. Әбдіқалықова.
Сонымен бірге, әкім Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әлеуметтік осал топ өкілдеріне, табысынан айырылған азаматтарға, көпбалалы аналарға, жалпы жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетілетінін еске салды.
«Осы бағытта аймақта тиісті шаралар қолға алынып, мұқтаж жандарға әлеуметтік қолдау көрсетілу басталды. Қиын-қыстау кезеңде жұмыла жүк көтеретін кез келді. Сондықтан барша Сыр жұртын санитарлық талаптарды орындап, шектеу тәртібін мүлтіксіз орындауға шақырамын», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Айта кетейік, қазіргі уақытта облыс бойынша инфекция жұқтырғандар саны 26-ға жетті. Оның ішінде Қызылорда қаласында - 6, Жаңақорған ауданында - 16, Қармақшы ауданында - 2, Шиелі ауданында - 2 оқиға тіркелген.
Карантинге жабылған Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданында блокбекеттер қойылды. Індеттің алдын алу және жою шараларын жүргізу үшін Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасына 104 млн теңге бөлінді.