Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Төтенше жағдай режимі қатаң бақылауда

Төтенше жағдай режимі қатаң бақылауда

Елімізде Төтенше жағдай режимі сәуір айының соңына дейін ұзартылғаны мағлұм. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысында айтты. Оған облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының басшылары бейнебайланыс арқылы қатысып, қауіпті дерттен сақтану шараларын күшейтті. Облыс бойынша коронавирус пандемиясы өршіп тұрған Шиелі ауданына Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау Комитеті төрағасының орынбасары Ж.Бекшин және Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары О.Искаков, Облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері А.Абдикаимова жұмыс сапарымен келді.

Президент бүкіл дүниежүзі зардабын тартып отырған коронавирус пандемиясының еліміздің экономикасына да теріс ықпалын тигізіп жатқанын, сондықтан қазіргі таңда осы дағдарысқа қарсы нақты шаралар қабылдағанын айтты.
— Жалпы, бүкіл әлем коронавирусқа қарсы күн сайын емес, сағат сайын күрес жүргізіп жатыр. Әлем жұртшылығы айтып отырғандай, бұл дағдарыс – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін болып тұрған ең ауқымды және аса қауіпті алапат. Біз карантин шараларының арқасында вирустың жаппай таралуын бәсеңдеттік. Тұтастай алғанда, жағдай бақылауда. Елорда мен Алматыдағы қазіргі ахуал тұрақты. Бірақ Қарағанды, Ақмола, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында ауруға шалдыққандардың саны күрт өсіп кетті. Бұл атқарылған жұмыстардың жеткіліксіздігін және қосымша шаралар қабылдау қажет екенін көрсетеді. Оңтүстік – халық тығыз орналасқан өңір. Сондықтан індеттің таралуы­н тоқтатпасақ, жағдайды ушықтырып аламыз – деді мемлекет басшысы. Ал енді статистиканы сөйлетер болсақ, кешегі күні Қызылорда облысы бойынша коронавирусқа шалдыққандар саны 119-ға жетті. Оның ішінде Шиелі ауданы бойынша 57 адам тіркелген. Тарқатып айтар болсақ, кентте – 3, Төңкеріс ауылдық округінде – 44, Талаптанда – 7, Ортақшылда – 1, Жиделіарық ауылдық округінде – 1 адамнан жаман дерттің белгісі анықталған.
Шиелі ауданындағы ахуалды сараптап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылау үшін келген тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ж.Бекшин және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары О.Искаков, облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері А.Абдикаимова әуелі өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты. Шиелі ауданының әкімі Қ.Мүбараков төтенше жағдайға байланысты ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың барысын көрсетті.
Сондай-ақ, мамандар Шиелі ауданаралық ауруханасына жатқызылған карантиндік режимдегі азаматтардың хал-жағдайын көріп, коронавирус инфекциясын анықтауға арналған зертханалық құрылғының жұмысын бақылады. Қазіргі таңда карантинге жабылған Бала би, Қодаманов елдімекендеріне кіріп, ауылдың ахуалын нұсқаулыққа сәйкес халықтың санитарлық талапты орындауын қарап, эпидемиологиялық жағдай мен ұйымдастырылған іс-шаралар барысын талқылады. Әлемге азуын батырған ауруды ауыздықтаудың амалы тәртіпке бағыну екені даусыз. Осыны ескерген сала басшылары тосқауыл-бекеттерге бөлінген №66597 әскери бөлім сарбаздарымен кездесіп, бақылауды күшейтуді тапсырды.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
14 сәуір 2020 ж. 474 0