Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алдын алу шаралары күшейеді

Алдын алу шаралары күшейеді

Шиелі ауданында коронавирус инфекциясының алдын алу шараларын күшейтуге байланысты сейсенбі күні Көкшоқы елді мекеніндегі баспасөз залында брифинг өтті. Оған Шиелі ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Әмір, Шиелі аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқарма басшысының міндетін атқарушы Манзура Шалабайқызы, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Жандос Мампаев, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Азамат Есімов қатысып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Бүкіл әлемді дүрліктірген бұл вирусқа қарсы аудандағы медицина мамандары сақтық шараларын бастап кетті. Яғни аталған дертке шалдыққан адам табылса, ем-дом жасайтын нысандар мен онымен байланыста болған жандарды қатаң бақылауда ұстайтын, қарайтын орындар жабдықталуда.
– Ең бастысы, әр адам өзінің, жанұясының денсаулығына бей-жай қарамай, зор жауапкершілік танытқан жөн. Аталған вирус ауа арқылы таралатындықтан, алдын алу шараларын күшейткен абзал. Яғни қолды жиі жуу, жеке бас гигиенасын сақтау, қоғамдық, көпшілік орындарға бармау, – дейді Н.Әмір.
Көпшілікке мәлім, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында елімізде төтенше жағдай жарияланған болатын. Осы мақсатта жергілікті кәсіпкерлік, мәдениет және өнер, білім ұйымдарының жұмысына да шектеу қойылған. Брифинг барысында осы жайтқа әр тұрғын атүсті қарамауы да сөз болды.
– Біз коронавирусқа байланысты қаңтар айынан бастап жұмыс істеп келеміз. Шиеліден шетелге шыққан қырық тоғыз азаматты он төрт күн бақылауда ұстадық. Талдау нәтижесі теріс деп танығандықтан біз ол жандарды босаттық. Дегенмен әлі күнге дейін хабарласып, бақылап отырмыз. Соңғы келген ақпарат бойынша шетелге шыққан адамдар болмағандықтан қазіргі таңда түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз, – деді М.Шалабайқызы.
Сондай-ақ отбасылық жиындар, кішігірім отырыстар, ас беру сияқты орындарда адамдар саны елуден аспау керек болса, ірі сауда орталықтары, көпшілік тамақтанатын орындар мен базарлардың уақытына белгілі бір шектеу қойылды. Алайда, әлеуметтік желілерде елді дүрліктірер жалған ақпарат таратылса, негізсіз дүрбелең тудырса, міндетті түрде заң алдында жауапқа тартылатыны да айтылды. Мұндай жағдайда мемлекеттік органдардың ресми хабарларына жүгінген абзал. Бастысы, сақтық шараларын күшейтіп, мамандар айтқан кеңестерге құлақ түрген жөн.

Фариза КЕНЖЕШОВА

21 наурыз 2020 ж. 592 0