Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Поп-Ит», «симпл-димплмен» бүлдіршінді бүлдіріп алмаймыз ба?

«Поп-Ит», «симпл-димплмен» бүлдіршінді бүлдіріп алмаймыз ба?


Үйдегі балаларға сыйлық жасамақ болып, дүкен аралап, тәуір ойыншық іздедім. Бір қарағанда көздің жауын алатын ойыншықтың сапасына үңілгенде кежегең кері тартып, көңілің толмай қалады. Мысалы, ойыншық дүкенін аралап жүрсең, әртүрлі құбыжық бейнедегі ойыншық кейіпкерлерді көріп, бала түгілі, үлкендердің өзі шошып кететін жағдайды байқап жүрміз. Мұндай ойыншықтар заманауи стильде болғанымен, ұлттық құндылығымызды төмендетіп, балалардың санасын улап, ойлау қабілетін тежейді. Тіпті, бұл күндері атауы да ыңғайсыз антистрестік заттардың көбейіп бара жатқанын да аңғаруға болады.
Ойлап қарасақ, әлі қоғамның қиындығына тап болмаған, алаңсыз балалық күндерін өткізетін бүлдіршіндерге антистрестік ойыншықтардың қажеті қанша? Буыны қатайып үлгермеген балаларда алып бара жатқан ненің стресі ол? Ол аздай түрлі-түсті пішіндегі силиконнан жасалған ойыншықтардың жарнамасына қарамай-ақ алып жатамыз. Бір қызығы, мұндай ойыншықтар сұранысқа ие. Балалар арасында тіпті үлкендерге дейін қызықтырған, қазіргі тілмен айтқанда «хит» болған спиннер ойыншығы естеріңізде шығар. Яғни, «саусаққа арналған жаттығу құралы». Аталған ойыншықтың түрлі заттардан жасалатынын аңғарсақ, бүлдіршін көзін, қолын жарақаттап алуы мүмкін екені белгілі. Одан бөлек: слайм, поп-ит, симпл-димпл, лизун секілді жүйке жүйені тыныштандырар дүниенің көптігі қызықтырады. Алайда, олардың зиянын ешкім зерделеп жатқан жоқ. Кішкентайлардың тынышталғанына риза боламыз. Бұл ойыншықтардың арасында, қазіргі уақытта сұранысқа ие бірден бір ойыншық – поп-ит пен симпл-димплдың қаупі әлдеқайда жоғары екендігін психологтар дәлелдеп отыр. Себебі, интернет дүкендегі бұл ойыншықтың анықтамасында «Аутизммен ­ауыратын бүлдіршіндерге арналған сенсорлық ойыншық» – деп жазылған. Ал, оның сапасыз материалдан жасалған арзан баламалары жүйке жүйесіне ғана емес, денсаулыққа зиян тигізуі мүмкін.
– Түрлі-түсті көз тартатын, пішінде поп-ит, симпл-димпл, лизун деп аталып, қоғамдағы балалар ойыншықтары ішінде соңғы уақытта өтімді тауарға айналған ойыншықтардың логикаға салып қарағанда бала дамуына ешқандай пайда әкелмейтінін байқаймыз. Ойыншықпен ойнау барысында бір қимылды қайталай беретінін ескерсек, қимыл кейін әдет болып кетуі әбден мүмкін. Үлкендер арасында антистресс деп атайтын ойыншықтар еш­қандай стресске қарсы көмек береді деп айта алмаймын. Керісінше жалғыз ойнауға, бір қимылды қайталауға, бір нүктеге тапжылмай қарап отыруға үйрететін ойыншық депрессияға алып келуі мүмкін» – деп пікір білдірді аудандағы психолог маман Ж.Нұрбаева.
Бүгінде мұндай ойыншықтар кез келген дүкенде толып тұр. Балаларға арналған ойыншықтар сататын дүңгіршектегі Айнұр есімді сатушы: «Поп-ит, симпл-димпл ойын­шықтарын алыпсатарлардан көтерме бағамен аламыз, балаларға ешқандай зияны жоқ, түрлі-түстілігімен, саусақпен басқанда шығатын дыбысымен ғана тұтынушылардың қызығушылығын оятады. Өзіме келген бұл ойыншықтарды тұтынушылардың барлығына дерлік ас содасымен салқын суға жуып алып барып, ойнатуын кеңес етемін, келушілерге ашып көрсетіп, жағымсыз иісі жоқ екендігін тексеріп алуларын сұраймын» – деп жауап қатты. Бұл антистресстік ойыншықтар базарға алғаш келгенде 600 теңгеден бастап сатылымға шықты. Аталған ойыншыққа сұраныс атрқаннан соң болар, қазіргі бағасы 1000, 1500, 1700 теңгеге дейін көтерілді.
Осы мәселемен базардағы ойыншық сататын нүктелерді аралап көрген болатынбыз. Кіре берістен-ақ балаларды қызықтырып, өзіне еріксіз елітетін ойыншықтар бірінен-бірі өтіп, тізіліп тұр. Қарап отырсақ, елімізге 30-ға жуық елден ойыншықтар әкелінсе, алдыңғы орында Қытай тұр. Зерттеулерге сенсек, осы шет мемлекеттерден тасымалданатын ойыншықтардың гигиеналық талаптарға сай жасалмағандығы анықталған. Ал, отандық ойыншықтардың бағасы айтарлықтай қалтаға салмақ салады. Сонда сапасы сын көтеретін ойыншықтарды қайдан аламыз? Оның үстіне елімізде ойыншықтар нарығын зерттейтiн арнайы мамандар жоқтың қасы. Сырттан келетін ойыншықтың сапасына тиісті орындар айрықша көңіл бөлуі қажет. Тіпті, бұл – қатаң қарастырылатын тақырып. Өйткені ойыншық – ұлттық қауіпсіздіктің басты мәселесі. Ойыншық арқылы баланың ойлау қабілеті артады, сол арқылы өмірге бейімделеді. Сондықтан, тілі енді шыққан баланы поп-ит, димпл-симпл деп шүлдірлетпей, қазақы ойыншықтардың қатарын көбейтуді ертрек ойламасақ болмас...

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
24 тамыз 2021 ж. 705 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930