Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ойыншықтың сапасы сын көтермейді

Ойыншықтың сапасы сын көтермейді

Үйдегі балаларға сыйлық жасамақ болып, дүкен аралап, тәуір ойыншық іздедім. Бір қарағанда көздің жауын алатын ойыншықтың сапасына үңілгенде кежегең кері тартып, көңілің толмай қалады. Қазіргі заманда кішкентай бүлдіршіндердің ойнайтын ойыншықтарының саны көп болғанымен, сапасы сын көтермейді. Техника дамып келе жатқан заманда, олардың сапасын былай қойып, бет-бейнелерінің өзгергенін байқауымызға болады. Мысалы, ойыншық дүкенін аралап жүрсең, әртүрлі құбыжық бейнедегі ойыншық кейіпкерлерді көріп, бала түгілі, үлкендердің өзі шошып кететін жағдайды байқап жүрміз. Мұндай ойыншықтар заманауи стильде болғанымен, ұлттық құндылығымызды төмендетіп, балалардың санасын улап, ойлау қабілетін тежейді.
Балалар ойыншықтарын өндіру ісі – сол елдің экономикасына қомақты табыс әкелетін сала. Қаншама ойыншық шығаратын өндіріс орындары бар көршілес Ресейдің өзінде сырттан келетін ойыншық өнімдерінің үлесі – 88-90 процент, ал өздерінде өндірілетіні 10-12 процентті ғана құрайды екен. Ал ойыншық өндіретін кәсіпорны саусақпен санарлық біздің елдегі ахуал айтпаса да түсінікті. Бізге өнім көбіне толықтай шет елдерден әкелінеді. Осыдан кейін баласы үшін барын аямайтын халықтың жылына қанша қаржысы шетел асып жатқанын бағамдай беріңіз.
Баланың қуанышынан асқан бақыт бар ма әлемде?! Баланың бақытын бар дүниенің асылына айырбастамайтын халықпыз ғой қашанда. Тілектерін орындаймыз мүмкіндігімізше, қыдыртамыз, сыйлықтар жасаймыз. Бірақ қуанту үшін алып беріп жатқан ойыншығымыздың сапасына мән бермейміз? Біздің әкелеріміз ойнаған экологиялық таза асық пен «ләңгі», ағаштан жасалған қуыршақтардың бүгінде ауылы алыстаған. Байқап қарасақ, қазіргі уақытта ойыншықсыз жүрген баланы көрмейсің, тіпті сәбидің ажырамас серігіне айналғандай. Қайда жүрсе де қолынан тастамайды. Кейде оны аузына салып, бірге ұйықтап та қалатын кездері аз емес. Кішкентай бүлдіршіннің қолына тиген улы заттардан жасалған ойыншықтан бала ағзасының уланып, түрлі ауруға ұшырататынын ойлаудың өзі қорқынышты. Осылайша сапасыз ойыншықтардың балалар қолына түсіп, зиянының мысқалдап кіріп, батпандап шыққанын білмей қалатын кездеріміз көп. Мысалы, Қытайлық ойыншықтардан шығатын түрлі дыбыстардың да шамадан тыс асып түсетіні арнайы мамандар тарапынан анықталған. Әрине, мұндай дыбыстар баланың есту қабілетінің төмендеуіне, тіпті саңырау болып қалуына әкеліп соқтыратыны анық. Сәбилер тұрмақ ересек адамдардың өзі әлгі дыбыстарды естігенде жүйке жүйелері сыр бере бастайтыны жасырын емес. Жалпы, осы дыбыс шығаратын ойыншықтарды жасағанда поливинилхлоридті және тағы да басқа химиялық ингриденттер пайдаланады екен. Тағы бір маңызды мәселе, ойыншықтың сыртындағы боя­­уы құрамында уытты компаненттердің болуы жағымсыз өткір иістердің болуымен білінеді. Негізінен мұндай ойыншықтардың целлулоидтан жасалғандарын алған дұрыс. Ол ағзаға зиянсыз зат болғандықтан денсаулыққа кері әсері жоқ. Сол ойыншықтардың бала денсаулығына зиян екенін біледі, бірақ сауда орындарында тауардың сапа сертификатын талап етіп жатқан ешкім жоқ. Сұрағанымен ол талапқа сатушының өзі де жауап бере алмайды. Ал сапалы ойыншықтардың бағасын қарапайым халықтың қалтасы көтермейді. Арзан ойыншықтарды пайдаланған балалардың иммунитеті әлсіреп, аллергиялық ауруға сондай-ақ, асқазан, ішек дерттеріне жиі ұшырайтындықтары дәлелденген.
Осы мәселемен базардағы ойыншық сататын нүктелерді аралап көрген болатынбыз. Кіре берістен-ақ балаларды қызықтырып, өзіне еріксіз елітетін ойыншықтар бірінен-бірі өтіп, тізіліп тұр. Қарап отырсақ, елімізге 30-ға жуық елден ойыншықтар әкелінсе, алдыңғы орында Қытай тұр. Зерттеулерге сенсек, осы шет мемлекеттерден тасымалданатын ойыншықтардың гигиеналық талаптарға сай жасалмағандығы анықталған. Ойыншықтар қатарына кіргеннен бастап, тынысың тарылып, мазасыз күй кешесің. Себебі жағымсыз бір иіс тұла бойыңды тітіркендіріп жібереді. Соған қарамастан саудагерлер өз тауарларын мақтап, алмасыңа қоймай, қызу сауда жүріп жатады. Тіпті, сөрелерге балаларды қызықтырып, қуыршақтарды билетіп, әртүрлі қимылдар жасатып қойған. Әрине, оны көрген бала қалай қызықпасын? Жалпы еліміздегі базар, дүкен сөрелерін қытай тауарларының жаулап алғанына да біраз уақыт болды. Себебі ол ойыншықтардың бағасы қолжетімді. Ал отандық ойыншықтардың бағасы айтарлықтай қалтаға салмақ салады. Сонда сапасы сын көтеретін ойыншықтарды қайдан аламыз? Оның үстіне елімізде ойыншықтар нарығын зерттейтiн арнайы мамандар жоқтың қасы. Сырттан келетін ойыншықтың сапасына тиісті орындар айрықша көңіл бөлуі қажет. Тіпті бұл – қатаң қарастырылатын тақырып. Өйткені ойыншық – ұлттық қауіпсіздіктің басты мәселесі. Ойыншық арқылы баланың ойлау қабілеті артады, сол арқылы өмірге бейімделеді.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
30 маусым 2020 ж. 715 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930