Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ

Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ


Балалар – еліміздің болашағы. Оларды тәрбиелеу, оқыту, білім беру, болашаққа қадам бастырып, осы өмірде өз орнын табуына жәрдем беру әр ата-ананың міндеті. Ананың бесік жырынан басталатын қарым-қатынасы, іс-әрекет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр осылардың бәрі адамның дүниетанымын, сана-сезімін, мінез-құлқын қалыптастыратын тәлімдік мұра. «Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз, жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз» – дейді дана халқымыз. Отбасындағы ата-ананың мінез-құлқы баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысаны.Тәрбиеге әсер беретін өскен орта, ата-ананың тәрбиесі дұрыс болмаса, жаман әсерлер адамды азғырып, түрлі жаман мінезді жұқтырады. Нашақорлық, темекіге, ішімдікке үйірлік бұзықтық жолға түсіп, зорлық-зомбылық жасауға мүмкіндік туғызады, еңбек етуге, қоғамға, денсаулыққа, ұрпаққа, отбасына зиянын тигізеді. Зорлық-зомбылық тәрбиесіздіктен де туындайды. Бала тәрбиесінде тәрбиелілікке жетудің жолы – еңбекке, әдептілікке, инабаттылыққа, адамшылыққа, қайырымдылыққа үйрету. Осылардың барлығын балалардың бойына сіңіріп, күнделікті өмірде әдетке айналдыру тәрбиенің басты мақсаты болмақ. Халық даналығы – «Адамнан-адам тәлім алады, ағаштан-ағаш мәуе алады» деген сөз бекер айтылмаған. Салауатты өмір сүрудің бір негізгі күрделі мәселесі – жаман қылықтардан, зорлық зомбылықтан аулақ болу. Бала өзіне керекті рухани дүниенің барлығын қоршаған ортадан алады. Сондықтан, жаман әдеттен аулақ болайық. Дүниедегі мақсаттың да, міндеттің де ең үлкені – ол ертеңгі күнге өнегелі, парасатты ұрпақ қалдыру. Ендеше, баланы сеніммен тәрбиелеу – зор нәтиже береді деп ойлаймын.

А.Базарбаева,
аудандық емхана психологі.
10 қараша 2018 ж. 7 017 0