Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » "Мінез – жанның айнасы"

"Мінез – жанның айнасы"


Мінез – адам баласының ішкі жан дүниесінің сыртқы көрінісі деуге болады. Сондықтан, әл-Фараби бабамыз «Мінез – жанның айнасы» деген екен. Әдетте, біз адамдарға қарап мінезі жақсы екен немесе жаман екен деп баға беріп жатамыз.
Жақсы мінезді адамдарға ақкөңіл, яғни үнемі көңілді жүретін, жайдары адамдарды жатқызамыз. Көбінесе олар ашуланбайды, қайрымды, мейрімді және сабырлы келеді. Мәселен, мінезі жақсы ұстаз оқушыға мүлдем дауыс көтеріп ұрыспайды. Ондай адамдардың ашуға беріліп айқайлағанын немесе қатты сөздер айтқанын естімейміз. Осыған қарап, қытай халқының «Үлкен өзендер ақырын ағады, ал ақылды адамдар ақырын сөйлейді» деген мақалы рас екен деп ойлаймын.
Кейде адамның өмір сүру стилі, тағдыры, қоғамдағы орны өз мінезіне байланысты сияқты. Мәселен, көптеген психологтар адамның мінез-құлқы оның өмір сүруін анықтап береді дейді. Яғни, мінезі ашық, ақкөңіл адамдар тез достасып, кез келген адамдармен жылдам дос болып кетсе, мінезі тұйық адамдар өзгелермен қарым-қатынасқа түсуі өте қиын.
Әрине, «Бес саусақ бірдей емес» дегендей барлық адамдардың мінезі жақсы бола бермейді. Мінезі жаман адамдарды кекшіл, өзімшіл, қырсық, ашуланшақ ретінде байқауымызға болады. Меніңше, бұл жаман қасиеттер. Сондықтан, әл-Фараби «Мінез-құлық міні - рухани кеселге жатады» деген болатын.
Қорытындылай келе, жақсы мінезді болуға тырысуымыз керек және көркем мінезді адамдардан үлгі алуымыз қажет деп ойлаймын. Өйткені мінезі жақсы адамның өмірі де жақсы болмақ және ондай адам айналасындағы адамдарға, тіпті еліне үлкен септігін тигізе алады. Сондықтан, Алаштың ұлы тұлғасы Әлихан Бөкейханов: «Ұлтына, жұртына қызмет ету - білімнен емес, мінезден» деп айтқан. Әрине, кемшіліксіз адам болмайтыны рас. Меніңше, адамның бойында жаман мінезі болатын болса, оны түзетуге болады деп ойлаймын. Ол туралы Абай «Абай: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», – дейді. Яғни, «Мінезді түзетуге болмайды» деген қате пікір. Демек, өз боймыздағы жаман мінездірді жойып, тек жақсы мінездірімізді шыңдап, көркем мінез иесі болуға тырысумыз қажет.
Уәлихан Дәурен,
Кимэп Университеті
«Қамшы» сілтейді
24 шілде 2018 ж. 11 450 0