Неліктен біз виртуалды қарым-қатынасты таңдаймыз?
Өмірде жоқ кітап, фильм кейіпкерлеріне ғашық болу, соларды армандап өмір сүру бұрыннан бар. Қазіргі кезде оған ғаламтор желілеріндегі виртуалды жандармен қарым-қатынас қосылды. Көптеген адам (тек әйел заты ғана емес) өмірде өз теңін тауып, өмірдің қызығы мен шыжығын басынан өткеруге жүрексінеді. Сондықтан мұндай жандар ұзын сонар сериалды тамашалап, жағымды кейіпкерлермен достасып, жағымсыздарымен қастасып, сериал сюжетінің жетегінде өмір сүреді. Әйелдер қауымы басты рөлдердегі ер-азаматтарға ғашық болып, солардың тілеуін тілеп жүреді. Қарапайым өмірде кездескен адамдарды солармен салыстырып, оларға ешкімнің тең келмейтініне күйінеді. Демек, жігіттерге күн астындағы Күнікей қыз, ал қыздарға Super Mаn керек. Осы сериалды көретін таныстарымен кейіпкерлерді сағаттап талқылаудан еш жалықпайды. Сүйікті сериалы аяқталғанда далада қалғандай әсерде болады. Кезекті басталған сериалға бас қояды. Мұны психологтар темекі, ішімдік, т.б. тәуелді болу сияқты зиянды әдетке жатқызады. Ал ғаламтор желілерінде де осыған ұқсас жағдай: сұхбаттасымен көзбе-көз көрісіп, танысып, тілдескеннен гөрі смартфондағы диалог әлдеқайда қызықтырақ. Неліктен? Көптеген жан өздері аңсаған жанның өмірде барына күмәнданады, сондықтан өз қиялында жасап алған тұлғамен ойша немесе ғаламтор арқылы қарым-қатынас жасап жүре бергенді қалайды. Бұлар психологиялық тұрғыда әлі туылмағандар. Өз бетімен отбасын құруға құлықсыз әрі қабілетсіз. Біздің қоғамда виртуалды коммуникацияның пайда болғанына 10 жыл да толған жоқ. Ал 10 жыл бұрын адамдардың қарым-қатынасы қандай еді? Қонаққа бару, серуендеу, қыдыру жиілігі қандай еді? Адамдардың бір-біріне деген сенімі қандай деңгейде еді? Виртуалды қарым-қатынастың арты небір жағдайларға жеткізу мүмкіндігін біз талай рет естіп келдік. Соны біле тұра тәуекелге барып, адамдармен қарым-қатынасты үзбейміз. Көптеген "досымызды" шын өмірде көргенде тілдесуден жүрексініп, қашудың амалын іздейміз. Себебі смартфон арқылы диалог құру біз үшін жеңіл әрі ыңғайлы. Осындай қорқыныш тағы 10 жылдан кейін қандай деңгейде болмақ? Мүмкін біз үйден шығудан бас тартамыз? Виртуалды қарым-қатынас жеңіл әрі қауіпсіз. Расында да, ешкім сізге телефон арқылы физикалық зиян келтіре алмайды. Сол себепті көптеген адам осы әдісті құптайды. Диалог барысында әңгімені белсенді жүргізіп, күліп, досымен "жақындаса" түсетін адамдар шын өмірде дәл сол адамдармен тіл табыса алмай жатады. Мұның себебі екеуінің де қапелімде жаңа ортаға түсуінде. Комфортты аумақтан шығып, үлкен қоғам арасында қарым-қатынас жүргізу басқа елден келген тіл білмейтін туристпен тең. Ал кейбір адамдар, керісінше, виртуалды қарым-қатынасқа "жоқ" деп, шын өмірде қызықты, ашық, жайдары адам болып келеді. Сондықтан "диалог" арқылы өзін керемет, жайдары, қызық, позитивті, ақылды адам қылып бейнелей алған адамға сенуден бұрын сан рет ойланыңыз. Виртуалды әлем - біздің шын мәнінде кім екенімізді жасыруға көмекші құрал.
Massaget.kz
Massaget.kz