Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ әлеуметтiң демi ме?

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ әлеуметтiң демi ме?

Иә, қазіргі кезде біреудің жеке өмірін сыртынан көріп, бақылап жүрген «виртуалды достар» өте көп. Поляк жазушысы Януш Вишневский «Ғаламтор адамдарды жақындатпайды. Ол – жалғыздықтардың жиынтығы. Былай қарасаң, бәріміз бірге секілдіміз. Бірақ, бәрібір жалғызбыз» деп жазады. Осыдан 5-6 жыл бұрын елімізде ресейлік «Мой мир» әлеуметтік желісінің дәурені жүрді. Ғаламторға қолы жеткен жұрттың бәрі сонда суреттерін орналастырып, «агентте» тілдесіп отырушы еді. Ал, қазір жасөспірімдер «Вконтактеде», ересектер «Фейсбукте», ал, «Инстаграмда» барлық жұлдыздар мен жұлдыз болғысы келетіндер отырады. Әлдекімді былайғы өмірде кездестіре алмай жүрген болсаңыз, алаңдауыңызға еш негіз жоқ. Бірден әлеуметтік желіге кіріңіз, іздеген адамыңыз алдыңыздан шығады. Қазір ғалымды да, ақынды да, саясаткерді де, әншіні де, бәрін-бәрін сол жақтан табуға болады. Пікірлессең де, сын айтсаң да, мақтағың келсе де, барлығы сенің виртуалды «досың», бәрі де қолжетімді. Бірақ, мұндай достық адамдарға қаншалықты қажет екендігін айту қиын.
Бір қолданушылар желіде үнемі тек игілікті хабар мен адамдарды ізгілікке шақыратын жазбалар жазып отырады. Мәселен, Жанат Бақыт есімді журналист, тележүргізуші «Инстаграмда» ылғи өмірден түйгендерін, жұртшылыққа, әсіресе, әйел затына керек кеңестерімен бөлісіп отырады. Оның жазбаларын оқырмандары күтіп жүреді. Осы секілді «Аялы алақан» бағдарламасын жүргізген Бибігүл Дәулетбекқызын да айтуға болады. Ол әдемі әңгімеге қоғамдағы ащы шындықты арқау етіп жариялайды. Ал, «Фейсбуктен» ақын Бейбіт Сарыбайдың жазбаларын оқысаңыз қандай керемет! Бір демалып қаласыз. Пайдалы пост жазатын мұндай қолданушыларды жұрт іздеп жүріп оқиды.
Әлеуметтік желі жасты да, кәріні де өзіне тәуелді етіп қойған құдіретті күш секілді.
Ал, «Вконтакте» желісінің көліктер жарнамалаған және тағамдардың жасалу жолымен бөлісетін топтары болмаса, пайдасы шамалы. Көбіне бұл желіні 12-20 жас аралығындағы жасөспірімдер пайдаланады. Байқап қарасақ, ауданымыздағы жастардың көбі осы желідегі «Признавашки Шиелі» тобына тіркелген екен. Яғни, бұл топтың 30 мыңнан аса тіркелушісі бар. Мұнда желіні пайдаланушылар «Түнгі чат», «Таңғы чат», «Гоу селфи», «Дайте инфо», «Признание ПШ» айдарлары бойынша суреттер, хабарламалар жариялайды. Мұны кейбір кісілер түсінбей қалуы мүмкін. Мысалы, көшеде кетіп бара жатқан жігіт кенет түр әлпеті келіскен, сұлу бір қызды көріп қалды. Ол бірден әлгі қызды ұялы телефонына суретке түсіріп алады да, ПШ-ға жариялап, «осы қыз туралы инфо беріңдерші» деп шығара салады. Осымен бітті, сол қыз жайлы ақпаратта шек болмайды. Немесе «гоу селфи» деп барлығы дәл сол сәтте суретке түсіп, топқа жариялаумен әлек болады. Бұл жасөспірімдерге қаншалықты пайдалы немесе зиян?
Қарап отырсақ топтың белсенді­лерінің көбі жоғары сынып оқушылары. Бұл топқа күніне 40-тан аса пост жарияланады екен. Жазбаларды ашып, бір шолып өттік. Барлығы сүйдім-күйдім, өлдім-өштім, осы жан болмаса өмір сүре алмаймын, болмаса осы жігіт немесе қыз туралы мәлімет беріңдерші деген жазбалар. Мұны ұлы да қызы да жарыса жазған.
Жалпы, әрнәрсенің шегі, қолдану әде­бі болады. Әлеуметтік желі деген осы екен деп, таңнан кешке дейін телефонды құшақтап жүруге болмайды. Балалары­на жұрттан қалмасын деп сенсорлы ұялы телефон, айфон әперген ата-аналар олардың немен айналысып жүргенінен қан­шалықты хабардар? Осы орайда ата-­ана­лар арасында сауалнама жүргізіп көрген едік. Нәтижесінде, балаларының қандай желіге кіріп, кімдермен дос боп жүр­генін бақылап отыратындары санау­лы ғана екен. Ата-аналардың «Осы телефонда не бар екенін қайдам, алаңсыз шұқылайды да отырады. Экранға қарап қарқылдап күлерін қайтерсің» дегендері де болды. Ал, көпшілігін балаларының ғаламторда немен айналысып жүргені мазаламайтын да көрінеді.
Ауданымыздағы №45 «Ақ орда» мек­теп-гимназиясының психологі Айгүл Сүйіндікованың айтуынша: «Ғалам­тордың, оның ішінде әлеу­меттік желінің жасөспірім шақтағы балаларға зиянын айтып жеткізу мүмкін емес. Бала өздігінен талпыну мен ізденуден қалып тек дайынға, сөзді терсе дегені алдынан шығатынға әбден бейімделеді. Мектепте берілген үй тапсырмасын өзі ізденіп, ойлап құрастырып, орындамаған баланың таным процестері, яғни, ойлау, есте сақтау, қабылдау жүйесіне дейін сол бір экранға, желіге тәуелді болуы – үлкен мәселе десек болады. Далада, көлікте, сабақта, тіпті демалу, тынығу уақытында да ұялы телефондарын құшақтап жататын тәуелділік жасөспірімдердің көбінде кездеседі. Балалардың көзбе-көз қарым-қатынас жасауларының, достық сезімінің, жан ашу, қамқорлық жасау деген игі қасиеттерінің төмендеуіне де ықпал етеді. Әр затты өз орнымен, өз уақытымен, белгілі бір шектеумен қолдануын қадағалауға бала тәрбиелеп отырған әр ата-ана үлкен мән бергені дұрыс, алдын алғаны жөн», – деп қорытты.
Байқасаңыздар қазір балалар тұрмақ, ересектердің өзі болмашы нәрседен мейірім іздейтін болдық. Ғаламторда жолдан өте алмай тұрған әлдебір әжейді жолдың ар жағына жетелеген бала туралы видеоны көрсек елжіреп кетеміз. Бүгінде қыздар тырнағын түрлі түске бояғанын да қуаныш көріп, желіге жазатын болды. Бір жігіттердің махаббатта жолы болмай жүргенін баяндаған мұңға толы жазбасын оқып, оған кеңес береміз. Әлгі тырнағын бояған сұлуға «Пай-пай, әдемі екен!» деп пікір қалдырамыз. Қарияға қолұшын созған балақайға «Әп, бәрекелді!» дейміз. Аттандаған ағайындарға «Дұрыс, мен сендерді қолдаймын!» деп сенім білдіреміз. Бірақ, осының бәрі де виртуалды әлемде, шынайы өмірден алыс жүзеге асып жатады. Жаныңда жүрмеген соң, жанашырлық жоқ. Жалаң пікірлер мен мақтау сөздер адамға шынайы өмірдегідей жылу сыйламасы анық. Ғаламторда «дос» болғаның, пікір алмасқаның ол жанмен былайғы өмірде де солай етене араласасың деген сөз емес. Сондықтан, әр нәрсені өз орнымен қолданып, жақсы жағын ғана ала білгеніміз артық етпейді.

Гүлхан ЯХИЯЕВА.
---
23 қараша 2017 ж. 1 568 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031