Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасөспірімдердің қауіпсіздігі басты назарда

Жасөспірімдердің қауіпсіздігі басты назарда

Бүгінде алдымызда тұрған бас­ты міндеттердің бірі – аудан көлеміндегі кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықпен қылмыстың, қандайда бір келеңсіздіктерді болдырмау өзекті мәселенің бірі болып табылады.
Жуырда аудандық Салтанат сарайында жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында семинар өтті. Бұл жиынға аудандық прокуратура, білім бөлімінің басшысы және мектеп директорлары, ішкі саясат қызметкерлері мен жеке күзет агенттігінің басшылары қатысты.
Қазіргі таңда баланың тәртібін қадағалау ата -ананың бірінші міндеті. Отан отбасынан, отбасы ошақ қасынан басталатыны анық. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қанатты сөздерден бабаларымыздың бағзы заманнан-ақ бала тәрбиесіне мән бергенін аңғаруға болады. Сондықтан отбасының жеміс берер гүлі, алтын тіреу діңгегі – бала. Ата-ана баланы бесіктен тәрбиелеп, бағып-қағып, оқытып саналы азамат етіп тәрбилейді. Бүгінде өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген әдетке айналды. Бұғанасы бекімеген жастардың қылмысқа бой ұру мәселесін тек құқық қорғау органдары ғана емес, ата-ананың, мектептің, басқа да мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың қадағалауын талап етеді. Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22:00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі сағат 23:00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған. Осы мәселелер турасында Шиелі ауданының Полиция бөлімінің бастамасымен жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың және алдағы уақытта атқарылған жұмыстардың жай-күйі талқыланды.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында аудандық полиция бөлімімен 9 айда атқарылған профилактикалық жұмыстардың нәтижесі мен аудан көлемінде қалыптасқан қылмыстық ахуал тұрақтануының айғағы жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтың тіркелуі есепті мерзімде – 10,2 процентке яғни, 21 іске төмендеген.
«Аудан көлемінде кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс 66,7 процентке, кәмелетке толмағандармен топтасып жасалған қылмыс – 100,0 процентке өсім алғанымен, кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар 100,0 процентке дейін төмендеген».
«Кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу бағытында «Жасөспірім», «Студент», «Балалар түнгі қалада», «Абайлаңыз балалар» атты жедел профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ аудандық әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның 17 рет арнайы отырысы өтіп, онда 1 ата-ананы ата-аналық құқығынан айыруға шешім қабылдады. Семинар соңында әрбір мектепті сапалы бейнекамерамен қамтамасыз ету, жеке күзет агенттігінің қызметкерлерімен қамтамасыз ету жөнінде ұсыныс келтірді.

Шапағат Тілеубаев
28 қазан 2020 ж. 760 0