Отбасы күнінде 5 сәби дүниеге келді
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп ұлттық жаңғырудың негізгі алғышарттарын айқындап берді. Демек көне дәуірлерден бастау алатын, өзінің тарихи тәжірибесінен, игі салт, ізгі дәстүрлерінен мүлдем қол үзген қоғамда жаңғыру немесе жаңару мүмкін емес. Халқымыздың осындай тамыры терең кеткен, тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтарының бірі – отбасы құндылықтары. Бақытты отбасында өскен әр бала – болашақтың негізін қалар маман.
Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген қарапайым қағидат қай дәуірде болсын өзгерген емес, өзгермек те емес. Жыл сайын 15 мамыр Халықаралық отбасы күні мерекесін атап өтудеміз. Бұл – жаңа отау көтерген жас шаңырақтың іргесін бекітіп, үлгілі отбасын үлгі ететін айтулы күн. Осы мереке күні Шиелі ауданаралық аурухананың перзентхана бөлімінде 5 сәби дүниеге келді. Бұл дүниеде бар бақытымыз да, қызығымыз да, күйбең тіршіліктің көлеңкелі сәттерін ұмыттыратын да балаларымыз екені даусыз. Қазақ байлығын қорасындағы малымен емес, бауырындағы баласымен өлшейтіні де содан болар. Бала көбейсе, бұл бір отбасының құт-берекесі ғана емес, күллі елдің байлығы, ұлт демографиясына дем берер жемісі. Осыны ескерген аудан басшылығы Отбасы күні мерекесінде сәбилі болған ақ жаулықтыларды құттықтауды да назардан тыс қалдырмады. Нақтырақ айтар болсақ, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Жергілікті әйелдер кеңестері жұмысын дамыту және отбасы мен неке құндылықтарын насихаттау бағытында шараларды ұйымдастыру қызметі» әлеуметтік жобасы аясында «Шиелі ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ш.Оразымбет, «Nur Otan» партиясының Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбет, сонымен қатар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Баймұратова 5 ананы перзентханаға барып құттықтап, аудан әкімі Қ.Мүбараковтың құттықтау хатын, сыйлықтарын табыстады. Сәбиін бауырына аман-есен басқан жас аналар ақ халаттылар мен аудан әкімдігіне алғысын білдірді.
Отбасы – тәрбиенің бастау бұлағы десек, баланы өмірге бейімдеуде ана мен әкенің рөлі басым. Қазақы дәстүрдің қалыбына үйлестіре айтатын болсақ, әйел-ана ежелден ер-азаматтың сенімді серігі, аяулы жары мен жөн сілтер ақылшысы болып құрметтеледі. Отбасындағы бала тәрбиесіне әйел-ана араласпай тіршіліктің тағы да ажары мен аспаны ашылмаған. Көшпелі дәуірдің дәстүрінде бала бағу, яғни оның бес жасқа дейінгі өсіп-жетілуі ананың ақ сүті мен аялы алақан жылуымен жүзеге асса, одан кейінгі кезеңдегі тәрбиесінде әке мен жалпы қоғамның атқарар міндеті орасан зор деп есептелген. Сондықтан да халқымыз: «Әке – айдын, шеше – ұя», «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деп ұл-қызының тәлім-тәрбиесі мен өнегелік мектебіне әке мен ананың бірдей жауапты екендігін ескерткен.
Бүгінгі таңда қоғам дертіне айналған ажырасу факторлары мен толық емес отбасында тәрбиеленген қиын мінезді балалардың күрт өсуі отбасы құндылықтарының әлсіреуінен болса керек. Ал бүгінгідей құттықтау тек отбасындағы береке бірлікті ғана арттырып қоймайды. Сондай-ақ демографиялық ахуалды да көтеруге сеп боларына сеніміміз кәміл.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ