Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Арқауы – бақыт мекені

Арқауы – бақыт мекені


Аптаның алғашқы жұмыс күні. Әдетте, дүйсенбіні ауыр күн дейміз. Мүмкін, демалыс күндердің «аймағынан» шыққымыз келмегендіктен болар. Жұмысқа бірден кірісіп кете алмай, сүлесоқ күйде жүреміз. Алайда, күн соңындағы салтанатты шара бізді осынау көңіл-күйден арылтты. Тақырыбымен-ақ санамызды серпілтіп, жігерімізді жаныды.

Иә, біз әңгімеге арқау еткелі отырған жиын аудан тұрғындарының қатысуымен «Отбасы – бақыт мекені» деген атаумен кең көлемде өтті. Айта кету керек, өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін таратып, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған бұл шара аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық сот пен ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өтті. Мерекелік кешке аудан әкімі Ә.Оразбекұлы, аудан активтері мен тұрғындары қатысты.
Отбасы – адам баласының түп тамыры, жер бетіндегі саялы бағы, меншікті мекені, алтын ұясы. Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады деп жиі естиміз. Отбасында ата-ананың орны ерекше, жауапкершілігі мол. Әке – асқар тау десек, ана – ақ сүтімен рух дарытушы, тәлім үйретуші, перзентінің ең алғашқы ұстазы. Туған шаңырақтан алған тәрбие – бұл барша халқымыздың берекелі әрі табыс­ты болашағының кепілі. Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы, бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қатынасы, мәдениеттілікті тәрбиелеу де отбасынан басталады. Сондықтан, отбасы өте қажетті, басқалай ешнәрсемен ауыстыруға болмайтын баспалдақ. Шаңырағының биік, керегесінің кең, босағасының берік бол­уы арқылы әр азамат өз мемлекетінің гүлденуіне ықпал ете алады. Осы ретте, елімізде «Отбасы күні» Елбасы Жарлығымен бірнеше жылдан бері қыркүйек айының екінші жексенбісі күні тойланып келе жатқандығын атап өтпеске болмас. Мұның өзі бекер емес-ті.
Жалпы, күнделікті қарбаласта отбасы деген құндылықтың, үйлену, үй болу деген тіршілік бастауының астарына терең бойламайтын секілдіміз. Маңызына да мән бере бермейміз. Бұл басқосу «отбасы» деген құндылық ордасынан хабар беруді емес, сол отбасын бақыт мекеніне айналдыру ұғымын көздеді. Сонымен, көп күттірмеген мазмұнды кеш өз шымылдығын түрді. Алдымен үлкен лэд экран арқылы еліміздегі «Мерейлі отбасы» байқауы жөнінде оның мақсаты мен маңызы турасында қысқаша бейнеролик көрермен назарына ұсынылды. Мұнан соң көптің қошеметімен сахна төріне озған аудан басшысы Ә.Оразбекұлы жиынға қатысушыларды құттықтай отырып:
– Отбасы – адам баласының өсіп- өнер алтын ұясы, қоғамның іргетасы, ажырамас бөлігі. Отбасы тұрақты қоғам дамуының шарты ретінде жанұя қаншалықты берік болса, мемлекетіміз де соншалықты мықты болмақ. Көне дәуірлерден бастау алатын, өзінің тарихи тәжірибесінен, игі салт, ізгі дәстүрлерінен мүлдем қол үзген қоғамда жаңғыру немесе жаңару мүмкін емес. Халқымыздың осындай тамыры тереңге кеткен тарихымен бірге жалғасып, келе жатқан рухани байлықтарының бірі – отбасы құндылықтары. Тіпті, біздің отбасылық құндылықтарымыздың негізі де осы отбасылық дәстүрімізде жатыр десек, қателеспеген болар едік, – деп өз ойын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен астас­тырды. Аталы сөздерді арқау еткен бая­н­­­­­­­дама жүректерге жол тапты.
Ал, мерекелік марапаттың кезегі келгенде, көпшілік алдына ерекше екі жұп шықты. Бірі денсаулықтарындағы шектеулерге қарамастан, отбасын құрып, алдарына үлкен мақсаттар қоя отырып, берекелі тірлігін жасап отырған Дүйсеновтер болса, екіншісі, шаңырақ көтерген алғашқы сәттен бастап қайырымдылық көрсетіп, қиналған жандарға демеу болған Жұматаевтар отбасы еді. Халық көзайымына айналған жас жұптарға ізгі лебіздер арналып, сый-сияпат жасалды.
Әрі қарай өз ойын ортаға салған аудандық сот төрағасы М.Күздеубаев сот ісіндегі жаңашыл бастамаларды атап өтіп, нәтижелі жұмыстар жалғасын табатындығын деректер мен дәйектерді алға тарту арқылы тарқатты.
Өз айналасындағы баянды ғұмырларды үлгі, өнеге еткен кезекті қонақ аудан ардагері, үлкен әулеттің шырағданы Өркен Исмаил болды. Шынайы көріністерді ашық айтқан баталы кісінің тақырып төңірегінде қаузағаны аз болмады.
Кеш мазмұнын айшықтай түскен сәт жоғарыда атап өткен, қайырымдылықты өзінің парызына балаған «Сауда-көлік компаниясы Шиелі» автошаруашылығы бөлімінің инженер-энергетигі Е.Жұматаевтың жүрекжарды әңгімесі еді. Жастарды жақсылық, ізгі іс жасауға үндеуі көпті толқытты.
Кеш барысында аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, құлақ құрышын қандырды. С.Көрегенов, А.Досмағамбетов, Г.Тұрсынбек, Г.Әбілованың орындауындағы Н.Тілендиевтің «Әке туралы жыр», Ж.Төлебайдың «Шын ғашықтар», М.Салықовтың «Жібек сезім», Жарылқасын Дәулеттің «Перзент парызы» секілді сезімдердің қылын шерткен сазды әуендер шиеліліктерге рия­сыз көңіл-күй сыйлағандығы айқын. Осылайша, күні бойғы жүктемелерін мәдени шарамен түйіндеген тұрғындар бір серпілді.

Дина ЖҮСІПОВА.
Б.БӘЙІМБЕТ (фото).
30 қараша 2018 ж. 916 0