Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Діңгегі мықты шаңырақ шайқалмайды

Діңгегі мықты шаңырақ шайқалмайды


Отбасы – шағын мемлекет. Еліміздің салт-дәстүр мен әдет-ғұрып, адамгершілік қасиеттерге негізделіп құрылған шаңырақта ғана шаттық болады. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп ұлттық жаңғырудың негізгі алғышарттарын айқындап берді. Халқымыздың тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтардың бірі – отбасы құндылығы.
Осы отбасының негізін қалаушы ата-ана мен бала. Өйткені, ата-ананың балаға берген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алмайды. Баланың тәрбиелі болып өсуіне ынтымағы жарасқан, берекелі отбасының да әсері мол. Отбасының әрбір мүшесі береке-бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Дүниенің тұтқасы – еркекте, кілті – әйелде, сыры – данада, қызығы – балада» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Онда аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов, «Нұр Отан» партиясының Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбет, «Шиелі ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ш.Оразымбет қатысып, ұйымдастырды.
Әр салада қызмет етіп, үздік саналып, ұрпақ тәрбиелеп отырған өнегелі отбасыларды шақырып, жастарға үлгі ретінде өмірлерінен үзік сыр шерткізді. Атап айтқанда, энергетика саласынан Қазақстанның Еңбек сіңірген энергетигі, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, Шиелі ауданының Құрметті азаматы, Болат Медетбек пен білім саласының ардагері, Қазақстан Халық ағарту ісінің үздігі Бибіхан апамызбен 28 жыл отасып, 1 қыз, 3 ұл өсіріп, 22 немере сүйіп отырған бақытты отбасы. Ішкі істер саласының ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Шиелі ауданының Құрметті азаматы, Өркен Исмаилов пен «Алтын алқа» иегері Рая апамыз 45 жыл отасып, 3 ұл, 5 қыз тәрбиелеп, 30 немере сүйіп отырған мерейлі отбасы. Ардагер ұстаз, білім саласының ардагері Үбайдулла Орынбаев пен Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі, қажы Айсара апамызбен 46 жыл отасып, бір салада еңбек етіп, 3 қыз, 2 ұл өсіріп, 9 немере сүйіп отырған қажы апа, ағаларымыз арнайы шақырылды. Ауданда қаншама өнегелі отбасылар бары анық. Сондықтан, өнегелі отбасы – елдің тұтқасы. Жарасымды жанұя мен ізгілікті қасиеттерге толы әулет қашан да көпке үлгі болуы тиіс.
Сондай отаулармен отанымыздың іргесі берік бола бермек. Шаттығы мен шырайы жарасқан мұндай әулеттер арамызда жетерлік. Дөңге­лек үстел отырысының ұйымдас­тырылуы да осы мақсатта. Жан-жақты насихаттап, жастарға тәлім тәрбие беру. Шара барысында әндер айтылып, естеліктермен бөлісіп отырды.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.
Сурет Б.БӘЙІМБЕТТІКІ.
10 маусым 2018 ж. 1 767 0