Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бәсіре беру дәстүрі қаншалықты сақталған?

Бәсіре беру дәстүрі қаншалықты сақталған?

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деген болатын. Десек те, ғасырлар бойы қалыптасқан құндылығымыздың кейбірі қолданыстан шығып ұмыт болып бара жатса, енді бірі заман ағымына қарай өзгеріске ұшырауда. Ал қалған бөлігі еш өзгеріссіз қолданылып келеді.
Білетініміздей, қазақ шаңырағындағы әдет-ғұрып дүниеге сәби келгеннен басталады. Мысалы, шілдехана, бесік той, азан шақырып есім беру, қырқынан шығару, тұсаукесер, сүндет той және т.б. Сондай-ақ үлкен ата-әжелеріміз болмаса, кейінгі ұрпақ біле бермейтін «бәсіре беру» дәстүрі бар. Бәсіре дегеніміз – ат ұстар ат жалын тартып, ержеткенде мінгізілетін құлын немесе бота. Бір ерекшелігі, ол нәрестемен бір күнде туған. Салт бойынша отбасында ер бала туса, ол оң-солын танып, сүндетке отырғаннан кейін өз ата-әжесі немесе нағашылары бәсіре атайтын болған. Түсінігімізде сол баланың өмірі бәсіремен байланысты. Тіпті атаған малын жас баланың өзіне қаратып жем-шөбін, суын бергізген. Осылайша тұлымды ұлдың еңбекке бейім болып өсуіне ықпал жасап, жауапкершілік жүгін сезіндіре білген. Салт бойынша, бәсіреге атаған малды сатуға, мінуге болмайды. Сондай-ақ сойып жеуге де тыйым салынған. Яғни бәсіре беру дәстүрінің маңыздылығын белгілі бір дәрежеде түсіндірген, ұғындырған, сезіндірген.
Өкінішке қарай, заман ағымы аталған дәстүрге де өз әсерін тигізуде. Олай дейтініміз кейбір қалтасы қалың көпшілік балаға сый-сияпаттың ең қымбатын әперуге тырысып әлек. Мысалы, темір тұлпардың кілті немесе белгілі бір соммада ақша ұстату. Бұл осы замандағы бәсекелестіктің көрінісі болса керек.
Әрбір ата-ана баласына не нәрсенің болмасын ең жақсысын, ең таңдаулысын әпергенді қалайды. Алайда, асыра сілтеген іс-әрекеттердің ұрпақ санасына зияны тие ме, сол жағына көптеп назар аударған дұрыс болатын сияқты. Сондықтан ұлтымызға жалын, ұрпағымызға толассыз тәлім-тәрбие беретін салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды ұлықтаған, ұмытпаған жөн.

Фариза КЕНЖЕШОВА

16 мамыр 2020 ж. 1 064 0