Асардан алыстамайық
Тұңғыш Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деген еді. Ал біздің ұлттық-тамырымыз тереңде жатыр. Олар – ежелден жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлер. Соның бірі – асар дәстүрі. Еліміздегі бұл игі дәстүр қазақтардан бөлек өзбек, тәжік, түрікмен халықтарында да танымал екен. Яғни түркітілдес халықтардың көбісі бір-біріне көмек қолын созуға даяр. Жалпы асар қой қырқымды ұйымдастыру, баспана салу, қора-қопсы тұрғызу сияқты жұмыстарда жасалады. Асарға келген жұмысшылар ешқандай ақы талап етпейді. Есесіне асарға шақырушы адам келген жандарға жақсылап ас әзірлеп, олардың көңілін көтеруге тырысады. Қазақ қоғамында тіпті бір ауылдан екінші ауылға асарлатып баратын болған.
Иә, бүгінгідей нарық заманында біреуге тегін көмектесу жайлы айтқан күлкілі шығар. Десек те «Көп түкірсе көл», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген тәмсілмен тәрбиеленген халық үшін асарлату жат емес. Сондықтан қазіргі таңда дәстүрдің осы озық үлгісін жаңғырту қажет. Бұл жөнінде тіпті ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев та пікір білдірген болатын. Ол мамыр айында өткен Қазақстан-Ресей жастарының форумында «Ұлтымызда «Асар» деген әдемі дәстүр бар. Мұның мағынасы тереңде жатыр. Кез келген адамға көп болып, жұмыла көмектесу қай заманда да болған. Осы үрдісті тоқтатып алмауымыз керек» деген болатын. Демек бүгінде көрші-қолаңға немесе таныс-тамырға тегін көмек қолын созу ерсі емес. Керісінше оның алып келер көл-көсір пайдасы бар. Асар адамдар арасындағы ауызбіршілік пен ұйымшылдықты берік етеді. Сондай-ақ сіз өзге жанға көмектесу арқылы алғысқа кенелесіз.
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда қала тұрғындары асарлату дәстүрінен алыстап кеткен. Есесіне ауылда бұл дәстүр жалғасып келеді. Мәселен, аудан тұрғыны Болат Біләлов жуырда ғана баспанасын асарлату арқылы аяқтаған екен. Бұл жайында бізге өзі баяндап берді.
– Жаз мезгілінде үйді көтеруді қолға алдым. Үй салудың оңай емес екені барлығымызға мәлім. Ол еселі еңбекті ғана емес, қыруар қаржыны да қажет етеді. Мен қажетті құралдардың барлығын алып қойдым. Алайда, жұмысшыларды жалдауға құлқым болмады. Себебі, олар әлдеқайда көп ақша сұрайды. Әрі жұмыс сапасына сенім білдірмедім. Қайта қазақтағы ерекше дәстүр асардың арқасында шаруамды бітіріп алдым. Жан-жақтағы құрдастар мен ағайын-туысты шақырып, үйімізді бір айдың ішінде аяқтадық. Асар үй тұрғызуға ғана емес, көптен араласпай кеткен достарыммен кездесуге де мүмкіндік сыйлады. Олармен бір айдың ішінде тонның ішкі бауындай араласып кеттік. Сәйкесінше, оларға ас әзірлеп, барлық жағдайын да жасадық, – дейді аудан тұрғыны ағынан жарылып.
Болат ағаның сөзінен дос-жаранмен етене араласып кеткенін аңғарамыз. Яғни асардың бұл да бір пайдасы. Алыс-жақыннан жиналған ағайын бір-бірімен осылайша қарым-қатынас орнатады. Сондай-ақ асар үйдегі өсіп келе жатқан балаға да тағылымды тәрбие көрсетеді. Бұғанасы қатпаған бала еңбекке сүйенуді және ағайын арасында ұйымшылдықты сақтауды санасына сіңіреді. Қазақтың қазынасына баланған салт-дәстүрлердің бір артықшылығы да осы. Олардың қай қайсысын алсаңыз да, өскелең ұрпаққа берері мол.
Фариза КЕНЖЕШОВА