Келі мен келсап: көрейікші жаңаша жасап
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Жаңғыру атауы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» – деген болатын. Осы орайда, ата-бабамыздан жеткен рухани құндылықтарымызды, оның ішінде ағаштан жасалған бұйымдардың ең көп тараған түрі – келі аспабы.
Мақаламызға арқау еткелі отырған тұрмыс құралының бірі – келі мен келсап. Қазақтың тұрмыс саласындағы кейінгі уақытқа дейін кеңінен пайдаланып келген тұрмыс құралдарының бірі. Ол тары, бидай сияқты дәнді дақылдарды түйіп, ұнтақтайтын қатты ағаштан ойып жасалған құрал. Келі құрылымы жағынан екі түрге бөлінеді. Тақта келі және шұңғыл келі. Ал түрлерінің ерекшеліктері келі аспабының түбі тақта, жайпақ немесе шұңғыл болуына байланыстырады. Шұңғыл келі – дәнді ақтауға пайдаланылса, тақта келі – дәнді жармалап, ұнтақтауға қолданылады. Тақта келінің түбі тегістеу келеді де, келсап тиіп, дәнді майдалауға, ұнтақтауға қолайлы болады.
Сонымен қатар еліміздің оңтүстік өңірінде құрама келілер жиі кездеседі. Бұл өңірде тұтас ағаш көп кездеспейтіндіктен, екі не үш ағаш кесіндісін қиюластырып, түйе терісімен тартып, қаптап тастайды. Келіні шеберлер мықты әрі жарылмай көп жылға шыдауы үшін қызған тандыр ішінде ыстық қозға қақтап алып, оның іші-сыртына қойдың құйрық майын не түйе қомының майын сіңіреді. Тұрмыста қолданатын аспапты жарылып кетпес үшін, әдетте, оның иіні мен тағанын түйенің иленбеген шикі терісімен қаптайды. Шикі тері кепкен кезде тартылады да, келіні қатты қысып қалады. Келінің сыртын қайыспен ысып, жалтыратып қояды. Сондай-ақ келінің түйгіш ағашы – келсапты да қойдың құйрық майын сіңіріп, өңдеуден өткізеді. Келсаптың келіні түйгіштейтін жағы сәл жіңішке болады да, басы жуандау, салмақты етіп жасалады. Қолға ұстайтын жерінен ойық тұтқа шығарылады.
Келінің темірден жасалған түрін «темір келі» деп атайды. Темір келі кейінгі отырықшы елдің ықпалымен қолданыла бастаған шағын ыдыс іспеттес құрал. Түйгіштейтін келсабы да шағын. Келіні қазақ даласында 7-10 жасар балалардан бастап түйе береді. Машықтанған келі түюшілер келінің екі жағына қарама-қарсы тұрып, бір келідегі дәнді алма кезек екі келсаппен бір мезгілде түйеді. Мұндай келі түюдің ерекшелігі – бірінің келсабы екіншісіне соғылмауы, келінің жиегін соқпай, дәнді дәл түйгіштеуі қажет. Яғни, түйірдей дәнді дәл көздейтін мергендік пен ұқыптылықты қажет етеді.
Тұрмыста күнделікті қолданылып жүрген қарапайым құралдың өзін аса терең мағыналықпен пайдаланған бабаларымыз елдің ертеңін, болашақтың денсаулығын ойлаған. Осындай мәні терең тұрмыс құралдары өкінішке орай мұражайларда ғана сақталған. Үйде болған күннің өзінде оның орнын электронды келі техникасы басқан. Көп күшті қажет етпегендіктен сөк, талқан істейтін апалар осы техникамен алмастырған. Тұрмысқа қажетті бүгініміз бен ертеңіміздің айғағы боларлық басқа тұрмыс құралдарының сыры қалың жұртшылыққа мәлім емес. Өйткені атамұра мұрағаттарын біз тек мұражай арқылы ғана білеміз. Сонымен бірге рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі жағдайларын қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Осы ретте келіні түйенің иленбеген шикі терісімен қаптай отырып, электронды келі техникасын құрап шығарса, әлем көшіне ілесе отырып, рухани қазынамызды, ұлттық кодымызды сақтауға болады. Осылайша келешек жастардың бойына патриоттық сезімді дарытып, ел дамуында рухани салаға басымдық беру арқылы қажеттілігіміз жолға қойылар еді. Яғни, салт-дәстүріміздің, тіліміз бен әдебиетіміздің, мәдениетіміздің желісін үзбей, жаңа ғасырдың талаптарымен ұштастыру жалғасын таба бермек.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.