Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Фариза Оңғарсыноваға арналған мүшәйра жеңімпаздары анықталды

Фариза Оңғарсыноваға арналған мүшәйра жеңімпаздары анықталды


Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында: "Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды", – деген еді. Иә, рухани жаңғыру алдымен елдің ұлттық рухани тамырынан нәр алады. Рухани тамырымыздың бір бөлігі – әдебиет. Әрине рухани жаңғыруды әр сала өз бетінше жүзеге асыру жолында түрлі игі бастамаларды қолға алынып жатыр. Соның басында әдебиет тұруы тиіс. Кешегі һәм бүгінгі қазақ әдебиетіне маңдай тері сіңген ақын-жазушыларымыздың шығармаларын жас ұрпақ санасына сіңіріп өсірсек рухани жаңғырудың алғы шарты сол болмақ. Сондай алыптарымыздың бірі, қазақ поэзиясының анасы – Фариза Оңғарсынованың туғанына биыл  80 жыл. Осыған орай сәуір айында "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Атырау облысының әкімдігі, облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының қолдауымен, "Руханият" қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен көрнекті ақын, Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойына орай республикалық жабық жыр мүшәйрасы өткізілетінін хабарлаған едік. 45 жасқа дейін қатысқан ақындар Фаризаға арналған және еркін тақырыпта бір-бір өлеңнен жіберуі тиісті болатын. Ақын шығармаларын насихаттау, жастар шығармашылығын қолдау және Атырау өңірінің тарихы мен тұлғаларының жарқын бейнесін дәріптеу мақсатында өткізілген мүшәйра жеңімпаздары бүгін белгілі болып, Атырауда оларға белгіленген жүлделер табысталды. Ақын, Махамбет сыйлығының иегері Светқали Нұржан төрелік ететін қазылар алқасының мүшелері 100-ге жуық түскен шығармаларды қарап, жүзден жүйрік шыққандарды анықтады. Бас жүлде – Мирас Асан ( 800 мың теңге); Бірінші орын – Қалқаман Сарин (500 мың теңге); Екінші орын – Батырхан Сәрсенхан, Асыланбек Шығыров (300 мың теңгеден); Үшінші орын – Тоқтарәлі Таңжарық,  Динара Мәлік,  Жанерке Ғинаят (150 мың теңгеден); Ынталандыру сыйлығы – Арайлым Жақсылық. Аталған шараға Атырау облысының әкімі де қатысты. "Бүгінгі өлеңнің тойы – ақын тойы Атырау еліндегі шымылдығын ашқалы отыр. Қазақта «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген жақсы сөз бар. Жазба поэзия өкілдерінің қатысуымен өткен бұл байқау шын мәнісіндегі талантты жастардың келешегіне қанат бітіреді деген ойдамыз. Аса күрделі, жұмбақ, асқақ ақынның өлеңдегі бейнесін жасауға талпыныс білдірген 100 – ге тарта үміткердің арасынан озық шыққандар бүгін Фариза Оңғарсынқызы туған жерге келіп отыр. Фариза апамыз жүздеген жас талантты қанатының астына алған қамқор ұстаз болды. Ол тұсауын кескен көптеген жастар бүгінде қазақ әдебиетінің белгілі өкілдеріне айналып үлгерді", – деді Нұрлан Ноғаев. Марапаттарды елімізге белгілі ақын-жазушылардан бөлек аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев пен ақынның ұлы Алмас Оңғарсынов табыстады.

Massaget.kz
26 маусым 2019 ж. 1 549 0