Түйемұрындық кәдесін жасадыңыз ба?
Кез келген ұлттың тарихында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлері болады. Бірақ уақыт ағымына қарай олардың озығы қалып, тозығы ұмытылатыны белгілі. Әсілінде, ұлттық сана, тағылымды тәрбие, рухани байлық беретін салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту туралы Елбасы Н.Назарбаев та «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтқан болатын. Біз де бұл жолы ұмыт қалып бара жатқан салт-дәстүрлердің бірі, яғни «түйемұрындыққа « тереңірек тоқталғанды жөн санадық.
Қазақ халқында «түйемұрындық» дәстүрі ертеден қалыптасқан. Яғни өз ұясынан ұзатылып, өзге шаңыраққа аяқ басқан жас келіннің көшін ауыл адамдары арқан керіп тосып тұратын болған. Түйенің бұйдасынан, мұрындығынан ұстап тұрып, жүргізбеуінің негізгі мақсаты – «Түйемұрындық» кәдесін сұрау. Келіншек көшін бастап келе жатқан әйел жолынан шыққан жандарға дәстүр бойынша көйлек-көншік беріп құтылған. Ал жиналған көпшілік екі жасқа ақ батасын беріп, жүрекжарды тілегін білдірген. Міне, осы дәстүрді қазақта «Түйемұрындық» деп атаған.
Бүгінде бұл дәстүр күнделікті өмірде «арқан тарту» деген атаумен қолданылып жүр. Атымен қоса мәні де өзгерген. Бұрынғыдай төркіні қызға түйе қосып жібермейді. Қалыңдық мінген көлікті ойын балалары арқан керіп тоқтатады. Ал оларға көлік ішіндегілер ақша ұстатуы қажет. Содан кейін ғана әлгі арқанды босатып, көлікті жібереді.
Үлкендердің айтуынша, «Түйемұрындық» бергенде қыздың төркіні қызының жанына түйе қосып жіберген. Ал ботасын келесі жылы жиен немересі келгенде бәсіре ретінде ұсынған.. Сондықтан ботасын үйіне алып қалатын болған. Осы тұста бұл да қазақтың ақ ниетінен туған дәстүр екенін көруге болады.
Салт-дәстүрлеріміздің кейбірі халық арасында кеңінен пайда-ланылып жүрген болса, енді бірі өзгеріп, түрленіп, заманға сай жаңаша күйде қолданылып жатады. Қалай десек те ата-бабадан мұра боп қалған жөн-жоралғылар әрдайым игі мақсаттар үшін қолданыста болған. Сол себепті оларды біле жүру, өмірде пайдалану да артық болмайды.
Фариза КЕНЖЕШОВА