Қазіргі қызойнақтың парқы қандай?
Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деген еді. Ал ұлттық код дегеніміз не? Ол – ұлттық болмыс. Демек бір халықты өзге ел-жұрттан ажыратып, танытатын және сол халықты ерекшелеп тұратын, басқаға ұқсамайтын таным-түсінігі мен бітім-болмысы. Осы тұста қазақ елінің ұлттық болмысы әлемдегі сан түрлі халықтан қалай ерекшеленеді деген сұрақ туындайды. Егер бұл туралы айтар болсақ, әрине, ойымызға ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүр мен әдет-ғұрып оралады. Иә, халқымызда санасаңыз саусақ жетпейтін әртүрлі жөн-жоралғылар бар. Олардың әрқайсысы адамның жас ерекшелігі мен белгілі бір жағдайға байланысты орындалады. Алайда, барлығының ұрпаққа берер өнегесі һәм тәрбиесі мол екені жасырын емес. Тек біз бүгінгі жыландай жұтынып тұрған мына ғасырда сол қазақылығымызды сақтап, ұлттық болмысымызды әрмен қарай жалғастыра аламыз ба?
«Сынықтан басқасының бәрі жұғады» деген бар емес пе? Ақпараттар ағыны толассыз ағылған кезеңде көпшілік жаңалықты талғаусыз қабылдауда. Сәйкесінше қазір біреуді біреу өлтіріп жатса да, әлдекімдер тырдай жалаңаштанса да таң қалмайтын болдық. Ең сорақысы, өзіміздікін есімізге де алмай, өзгенің қаңсығын таңсық деп жүрміз. Мысалы, «девичник». Мұны кейбіреулер «қызойнақ» деп атап жүрсе, әлдекімдер «сырласу кеші» деп тәржімалап алған. «Девичникті» өткізудің негізгі мақсаты – әлі тұрмыс құрмаған қыздардың бір-бірімен сырласып, қыз дәуренімен қоштасу. Бұл дәстүр көбінесе Беларусь, Украина, Болгария, Сербия, Польша, Ресейдің солтүстік бөлігінде танымалдыққа ие. Ескі славян дәстүрі бойынша тұрмысқа шығатын қыз құрбыларымен кездесіп, сыңсып, оларға мұңын шағады. Ал жігіттер жағы бойжеткендерге сый-сияпат пен тәтті тағамдар тарту етеді. Жалпы бұл дәстүр біздің елде де болған. Оны біз қазақ жазушыларының туындыларынан байқаймыз. Мәселен, Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» шығармасында «Бір күні қызойнаққа барып, таң ата келіп жатсам, ұйықтап қалған екенмін, әжем оятады» деген сөз қазақта да қызойнақтың болғандығынан хабар береді. Яғни «қыз қонақ» деп түсінген еліміз қызды ұзатпас бұрын оған арнап кеш ұйымдастырған. Тек оның өткізілу барысы басқа еді. Қызойнақтың негізгі мақсаты – беті ашылмаған қызға тұрмыстық өміріне сай келетін кеңес айту саналатын. Сондықтан қызойнақ ата-анасының үйінде өткізілетін. Кеш барысында бойжеткендер сыңсу мен мұңды әндер шырқап, жеңгелер қайын сіңлілеріне сыр шертіп, кәдеге жарайтын кеңес айтатын. Ал қазір ше? Әуелі қыздар бірдей киім киіп, әртүрлі тәттілерге тапсырыс береді. «Девичникті» кез келген жерде, тіпті моншада өткізсе де болады. Егер көңіліңіз қалап, қалтаңыз көтерсе сіз үшін би билеп, ән салатын жігіттерді де қонақ етсеңіз, ешкім «қой» демейді. Өйткені, бұл күн – қайтып айналып келмейтін қыз кезеңмен қоштасу. Міне, бүгінде қазақ қыздары жасап жүрген «девичниктің» парқы осындай.
Қазақ елі салт-дәстүрге бай. Рас, оның арасында қазіргі қоғамның талабына сай келмейтіндері де бар. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген емес пе? Бірақ біз озық дәстүрлерді заманауи қоғамға ықшамдап, бүгінгі күнкөріс пен той-томалаққа сәйкестендірсек, ерсі емес шығар. Жаппай жаңғыру жүріп жатқан кезеңде «қызойнақты» да жаңғыртып, ұлттық болмыс енгізіп өткізсек жөн емес пе? Тіпті жастар отырысын «Бастаңғы» салтының сипатына сай етсе артық болмайды. Мұнда да жастар қауымы өзара жиналады, бір-бірімен жақын танысып, өнерін ортаға салады. Ұлттық ойын өткізіп, қыздар мен жігіттер жағы бір-бірін әртүрлі қырынан сынға салса құптарлық іс емес пе? Негізінен «Бастаңғы» сөзінің өзі бастау, басы, бастапқы деген мағынаны білдіреді. Сондықтан бастапқы махаббат басқа қонған бақ деп қараған. Мұның өзі жаңадан отау тіккелі отырған жұбайларға тәлім болар еді.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ