Тәртіп – қоғам тыныштығының кепілі
Наурыздың 15-інші жұлдызында аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті.
Комиссия отырысына аудандық мәслихат хатшысы, аудан әкімінің орынбасарлары, «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, құқық қорғау органдарының басшылары, дербес бөлім басшылары, кент, ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшылары қатысты. Аудан әкімі Қ.Мүбараковтың төрағалығымен өткен отырыста «2020 жылдың қорытындысы бойынша Шиелі ауданы аумағында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы», «Аудан көлемінде алаяқтық қылмысының алдын алу шаралары туралы» мәселелер қаралды. Аталған мәселеге орай ең алдымен аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Қанат Өсербайұлы баяндама жасады. Осы тұста, Қ.Мүбараков «жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бүгінгі қоғамның күн тәртібінен түспейтін түйткілді мәселе» екендігін айты. Аудан көлемінде орнатылуға тиіс жол белгілері, бейне бақылау камералары, бағдаршамдар жөнінде ұсыныс беруді, жол көлік оқиғасын жасап, мемлекеттік мүліктерге зиян келтірген жағдайда кінәлі тұлғаларды дер кезінде анықтап, шығындарды қалпына келтіру бойынша тиісті шаралар атқаруын, қайталануына жол бермеуін қатаң ескертті. Одан әрі күн тәртібіндегі екінші мәселеге орай аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлшат Рысқалиқызы да қосымша хабарлама жасап өтті. Мұнан әрі жиын барысында алаяқтықтан сақтану шаралары кеңінен талқыланып, тұрғындар арасында жиындар өткізу, алаяқтықтан қорғанудың сақтық шаралары туралы баспасөз бетіне мақала жариялау, кент көшелерінің бойына билборд ілу қажет екендігі айтылды. Осы орайда, Қ.Мүбараков аудандық полиция бөлімі мен аудандық ішкі саясат, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдері, Шиелі аудандық білім бөліміне, кент және ауылдық округ әкімдеріне алаяқтықтан сақтану үшін жүйелі жұмыстарды жүргізіп, нақты әрі тиімді тапсырмалар жүктеп, нәтижесі үнемі бақылауда болатындығын жеткізді.
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ – қоғам дерті
Дүйсенбі күні аудан әкімі Қамбарбек Мүбараковтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті.
Күн тәртібінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау мәселелері талқыланды. Бірінші мәселе бойынша «Қызылорда облыстық білім басқармасының Шиелі ауданы бойынша білім бөлімінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарған жұмыстары туралы» аудандық білім бөлімінің басшысы Ы.Мадиев баяндама жасады. Екінші мәселе бойынша «Шиелі кенті әкімінің аппаратында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау бағытында атқарған жұмыстары туралы» кент әкімі Ғ.Аманжоловтың мәлімдемесі тыңдалды.
Қорытындылай келе, мемлекеттік қызмет көрсету мәселесіне бей-жай қарауға жол берілмеуі керектігін айтып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстарға немқұрайлылық танытпауды қатаң ескертті. Сонымен қатар жауапты мамандарға халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды ұдайы ұйымдастыруды тапсырды.
Ақбота Баянбай