Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тапсырма талқыланбайды

Тапсырма талқыланбайды

Өткен аптада аудан әкімдігі мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаровтың төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Жиналысқа аудандағы осы салаға қатысты бөлім басшылары мен аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Аудан көлемінде алаяқтық қылмысының алдын алу шаралары туралы Шиелі аудандық полиция бөлімінің бастығы Серік Тоқтыбаев хабарлама жасады. Баяндамасында 2018 жылы Қызылорда облысында 749 алаяқтық тіркелсе, 2017 жылмен салыстырғанда 7,3 пайызға артқандығы туралы мәлімдеме айтты. Сонымен қатар, ауданда биыл екі айдың ішінде 9 қылмыс орын алып, оның 4-еуі ашылған. Төрт қылмыстың 2-уі сотқа жолданса, қалған екеуі ымыраласу арқылы шешілгендігін жеткізді. Ауданда алаяқтық қылмысы биыл 1,7 пайызға өсім алып, алаңдатарлық жағдай туғызып отырғандығын сараптап айтып берді. Сондай-ақ, осы санаттағы қылмыс санының өсуі сенгіштік пен жеңіл табыс көзіне деген құмарлықтың орын алуымен байланыстырып отырғандығын айта кетті.
«Қазақтың міні – мал ұрлығы», – депті Абай Құнанбаев. Әлі де солай. Еліміздің қай аймағын алсақ та, жыл сайын мал ұрлығы азаймай отыр. Осыған байланысты аудан көлемінде бөтен мүлік ұрлығы қылмысын, оның ішінде мал ұрлығының алдын алу бағытында атқарылған және атқарылатын іс-шаралар туралы аудандық полиция бөлімінің бастығы Серік Әбдімәуленұлы мен аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Әбен Жұпарбек баяндама жасады. Есепті мерзімде 15 мал ұрлығы орын алып, оның 3-і ғана ашылған. Қалған 12-і ашылмай отыр. Орын алған мал ұрлығының 15-і де ауылдық округтерде орын алып отыр. Осы келтірілген деректері мен дәйектеріндегі кездесіп отыратын айырмашылықтарға жиылғандардың назарын аударды. Кент және ауылдық округ әкімдеріне аудан көлеміндегі мал ұрлығына тосқауыл қою бағытында жұмыстарды жандандыруға, сонымен қатар, ауылдық елді мекендерде пада жұмысының ұйымдастырылуына қатаң бақылау орнатып, тиісті жұмыстар атқарылуын талап етті. Ветеринария мәселелері бойынша халықтың арасында ағарту жұмыстарын жалғастыруды, соның ішінде малды ұйымдастырылған тәртіпте бағудың тиімділігін, оларды арнайы белгіленген орындарда және шығу тегін растайтын (ветпаспорт) ілеспе құжаттарынсыз сатуға болмайтындығын, барлық вакциналар тек құжатталған жануарларға егілетіндігін ауыл тұрғындарының назарына жеткізіп, ақпарат беруді нақтылады. Аталған салалар басшыларының есептерін тыңдаған аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров осы мәселелер бойынша кемшін тұстарды түзетуге нақтылы тапсырмалар берді.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
27 наурыз 2019 ж. 881 0