Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИЕЛІГЕ ЖАРЫҚ СЫЙЛАҒАН ЭЛЕКТР ТАРАТУ ТОРАБЫ МЕКЕМЕСІ

ШИЕЛІГЕ ЖАРЫҚ СЫЙЛАҒАН ЭЛЕКТР ТАРАТУ ТОРАБЫ МЕКЕМЕСІ

Шиелі ауданында электр жарығын тарату ісінде «ҚЭТТК» АҚ қарасты Шиелі аудандық электр тарату торабы мекемесінің алар орны ерекше. Сондықтан, мереке қарсаңында мекеменің жұмысына тоқталып, алдағы жоспарларымен танысуды жөн көрдік.
Тарихы сонау 1964 жылдан бас­тау алатын мекеменің Шиелі ауданында 18 мыңнан астам пайдаланушысы бар. Негізгі міндеті электр желілерінің тиімді және сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету, электр энергиясын тарту және электр желілері мен жабдықтарын жөндеу.
Шиелі аудандық электр тарату торабы бастығы Нұржан Ахметовтың айтуынша, мекеме биыл көптеген жұмыс атқарған. Атап айтсақ, ұзындығы 7,31 шақырым болатын 10 кВТ әуе желісіне, ұзындығы 5 шақырым болатын 0,4 кВ әуе желісіне күрделі жөндеу жүргізілген. Нәтижесінде 116 дана бетон бағана ауыстырылып, іске қосылған. Сондай-ақ, қосалқы станциялардың 125 литр трансформатор майы, 5 дана ажыратқышы мен 15 дана сақтандырғышы ауыстырылған. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына келер болсақ, жалпы 3 жарым шақырым әуе желісі сымы мен 9 дана темір бағана ауысқан. Ал, тұрғындардың арыз-шағымдары бойынша, 16 бағана ауыстырылып, кернеуі төмен 1,2 шақырым электр сымдары қайта тартылған.
Атқарылған жұмыстарға қарамастан, жарықтың жиі өшуіне байланысты аталмыш мекемеге өкпелеп жататынымыз жасырын емес. Алайда, мекеменің ішкі жұмысымен танысып, жай-күйін білгенде, ренішіміздің орынсыз екендігін түсіндік. Себебі, олардың атқаратын жұмыстарының қатарында электр желілерін ауыстыру ғана емес, сондай-ақ әрбір үйдегі есептегіш құралдарының жұмысын қадағалау, ай сайын есептегіш құралдардың көрсеткішін есептеп, пайдаланушылардың уақытылы төлем жасауын қамтамасыз ету сынды жұмыстар да кіретін көрінеді.
Өнімді жұмыс атқару үшін алдымен, білікті мамандар қажет дейтін болсақ, екіншіден мекеменің техникалық жабдықтарының сақадай сай тұруы маңызды. Сондықтан жыл сайын, электр мамандарының білімін дамыту мақсатында қараша айынан бас­тап, сәуір айына дейін арнайы біліктілік сабақтары өткізілетін көрінеді. Ал техникалық құралдарын, яғни көліктерге тоқталсақ, мекемеде 4 «Уаз» көлігі, 1 кран, 1 «Маз», 1 «Нива» көліктері қарастырылған. 2 ауысыммен 4 апаттық бригада үздіксіз жұмыс істейді.
Тағы бір айта кететін мәселе, «Шиелі аудандық электр тарату торабы» мекемесінде мамандарының жетіспеушілігі қолбайлау болып тұр. Қазірдің өзінде мекемеде 10-нан аса бос жұмыс орны бар. «Келіп, жұмыс істеймін деген мамандарға есігіміз әрдайым ашық. Еңбекақы мәселесіне келер болсақ, жалақы жыл сайын 4 процентке өсіп жатыр» дейді мекеме бастығы. Сондай-ақ, мамандар тарту мақсатында Шиелі индустриалды-аграрлық колледжімен байланыс орнатылған.
– Бізге ең керек дүние өзімізге білікті маман дайындау. Осы мақсатта Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің студенттері аптасына бір рет бізден сабақ алады. Сондай-ақ, «дуальды оқыту» бағдарламасы бойынша ондаған студент өндірістік тәжірибеден өтеді, – дейді Н.Ахметов
Мекеме бастығы: – «Жұмыстың ең ауыры авариялық бригадалардың жұмысы. Екі адамнан ғана тұратын бұл топ авариялық жағдайларда басын қатерге тігіп жұмыс істейді. Бұл жігіттерге талап жоғары. Сондықтан, оларға мен шын жүректен алғыс айтып, мерекелерімен құттықтағым келеді. Жұмыстарына табыс, отбасына бақ-береке тілеймін» деді.
Алдағы жылға жоспарланған жобаларға келер болсақ, 2022 жылы кент ішіндегі 10 кВт әуе желілері, 6 дана қосалқы станция реконструкциядан өтпек. Сонымен қатар, Сұлтөбе, Бала би, Алғбас, Ш.Қодаманов, Жиделіарық ауылдарын дағы электр желілері мен қондырғыларын ауыстыру жоспарда. Сұраныс мақұлданып, қолдау тапса, аталған ауылдар жарықтың жиі сөнуі сынды мәселелерден біржола құтылады деген сенім бар.

Рамазан ӘНӘПИЯ
24 желтоқсан 2021 ж. 1 480 0