Электр қуатының құны көтеріле ме?

Жиында сөз алған Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Г.Өтегенова «Шиелі Жарығы» ЖШС биылғы жылдың 1 ақпанынан бастап аталған департаментке тарифті өсіру жөнінде өтініш бергенін атап өтті. Бұл өтініш бойынша электр энергиясының алдағы уақыттағы орташа тарифі 1 квт электр қуаты үшін 17,22 теңгені құрамақ. Яғни бұл 8,3 пайыз өсімді құрап отыр. Серіктестік басшысы Қ.Қасымовтың сөзіне сүйенсек, «Шиелі Жарығы» мекемесі электр жарығының бағасын қымбаттатуға мәжбүр. Себебі, электр энергиясын тасымалдау да, сатылым бағасының тарифі де артқан. Сонымен қатар «КЕGОК» АҚ-ның жүйелік қызметінің тарифі де қымбаттаған. Жалпы базалық тарифті 3-5 пайызға көтеру жөнінде ұсыныстар айтылып, соңғы шешім 29 қаңтарда қабылданатынын айтты. Жиын барысында ұққанымыз, жеке тұрғындар үшін айтарлықтай өзгерістер болмайды. Тек ауыртпашылық бюджеттік мекемелер мен кәсіпкерлерге түсетін көрінеді.
Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ