Ғасырға жуық қызмет
Шиелі ауданымен бірге жасап, өңірдің барлық тыныс-тіршілігін, тарихын қағаз бетінде қаттап, елдің әлеуметтік-экономикасының тұрақтылығын сақтауға өзінше ықпал жасап келе жатқан «Өскен өңір» газеті 19 наурыз күні сексеннің сеңгіріне шығып отыр.
Қазір не көп газет пен журнал көп. Оған соңғы уақытта ғаламторды торлап алған сайттарды қосыңыз. Әйтеуір, екінің бірі БАҚ-тан бақыттарын іздеп, газет шығарып, сайт ашып, журнал жазуға машықтанып алды. Бірақ, сол басылымдардың көпшілігінің ғұмыры тым қысқа болуда. Бүгін жарқ етіп, жарыққа шыққан талай газеттің жылға жетпей жабылғанын да көзіміз көріп жүр. Тіпті, таралымы анағұрлым жоғары, қоғамда өзінің айтары бар белді басылымдарды нарық екі бүйірнен қысқан уақытта, әуелі қызметкерлері қысқарып, көп ұзамай өздерінің де жабылып жатқанын білеміз. Ал, «Өскен өңір» газеті оқырманына ғасырға жуық қызымет етіп, тар заманның талайын басынан өткізсе де жолынан жаңылмады. Сол жаңылмағандықтың белгісі болар, жұртпен бірге сексенінші көктемін қарсы алып жатқаны.
Ұлыстың ұлы күнімен тұспа-тұс келетін басылымның жарық көрген күні, атаулы мерекесі ескерусіз қалған жоқ. Қазақы салт-дәстүрімізге сәйкес, ұжым болып ұйысып, аудан ардагерлері мен мекеме, бөлім басшыларының қара шаңыраққа келіп, ұлттық астан дәм татқызу дәстүріміз биыл да жалғасты. Айтулы мерекеде редакцияда қызмет еткен ардагерлеріміз де құтты қонақтардың қатарынан табылды. Жалпы, бұл редакцияның мерейлі мереке қарсаңындағы ақылдасу, үлкендердің батасы алу мақсатында өткізген мәслихаты ғана. Ал, басты жоспар, ауқымды жобалар жыл көлемінде жүзеге асып, атаулы күнді маусым айының соңғы аптасында атап өтетін болады.
«Өскен өңір» ақпарат.