Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі еленген эколог

Еңбегі еленген эколог


Жуырда елге еселі еңбегі сіңген, ұзақ жылдар бойы ауылшаруашылығы саласында аянбай еңбек еткен, Шиелі аудандық экология басқармасының басшысы болған, бүгінгі таңда бейнеттің зейнетін көріп отырған кейіпкеріміз Жамалхан Баетов аудандағы «Тарихи-өлкетану музейіне» Қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік инспекторы киім үлгісімен біршама сурет, құжаттарын табыстады. Қандай да бір шешім қабылдамас бұрын ойға салып, қабырғасымен кеңесетін қария ауданның экологиясын сақтауда сүбелі үлес қосқан азаматтардың бірегейі.
Ауданымызда уран өндірісі көп жылдан бері жүріп жатыр. Қоршаған ортаға тигізер ықтимал залалын, әлсіз радиактивті қалдықтар, жерден шыққан, бөлінген қосындылар (500 метр тереңдіктен) пайдаланылған құбырлар мен жер астынан бірге шыққан, сүзгіден қалған қалдықтар, аспаптар залалсыздандырылып, сақталып, тиісті орынға жинақталып болғаннан кейін ол арнайы бөлінген орынға көмілуге тиісті. Аталған жұмыстар ауданнан көп жылдардан бері арнайы контейнерлерге салынып, басқа жердегі орындарға пойызға тиеп алып кететін.
Алайда, Жамалхан ағайдың айтуынша «2000 жылдары «КАЗАТОМПРОМ» басшылығы сол қалдықтарды аудан аумағында көмуге шешім қабылдаған болатын. Осы мақсатта жер дайындауға кіріскен еді. Оны «Сасқұмы» деп белгілеп, жобасын әзірлеп экологиялық комитетке алып келді. Дегенмен, мен оған түбегейлі қарсы шықтым. Себебі, ол елді мекендерге жақын. Сондықтан, қол қоймадым. Олар қайтадан екінші жобамен келді. Ол, Қаратаудың Дарбаза аймағы еді. Бұл жобаны да жөн деп санамадым. Себебі, бұл жерде де ауыл бар. Жайылым жер, демалатын жер бар. Ең соңында үшінші рет таудың ар жағында Майшыдан әрі Боздөңнің аумағындағы елсіз-сусыз шөл далаға апарып көмуге жоба жасатып алып келді. Сонда барып, бұл жобаға қол қойып, келісім бердік. Бұл жердің арнайы қоршауы, күзетшісі бар. Барлық талапқа сәйкес. Одан кейінгі жылдары, яғни 2004 жылдары «КАЗВЕРНАЛ» деген қиыршықтас өңдейтін мекеме басшылығы тас зауытын саламыз деп жоба әкелді. Ол Шиелінің ортасы, яғни қазіргі Ы.Жақаев паркінің шеті екен. Теміржол желісі бар. Сол жерді пайдаланбақшы. Айналасында үйлер, Шиелінің шаңқай беті. Қаратау беткейден жел соқса, шаң-тозаңды кент ішіне үйіреді. Біз бұған да қарсы шықтық. Содан олар тау беткейіне алып кетті. Мекеменің жұмыс істегені дұрыс дегенімен, жергілікті халықтың хал-жағдайын, денсаулығын да ойлау керекпіз ғой. Келбетті өлкенің экологиясына жанашырлық таныту әрбір азаматтың парызы деп білемін. Әрине, осының бәрі сол кездегі облыстық экология департаментінің басшысы Қуанышқали Шапшаңовпен келісіп, оның кеңесін алып отырып, бірге жұмыс жасағанмыздың арқасы деп білемін» – дейді өз ісінің маманы.
Елім деген ердің ісін елге насихаттау біздің жұмыс. Еңбек адамының адамгершілік қасиеті мен бітімі бөлек болмысы көпке үлгі боларлық. Ұзақ жылдар ауылшаруашылығы басқармасында жұмыс жасап, колхоз басқарған Ж.Баетов жас ұрпаққа қоршаған ортаны қорғау керектігін түсіндіру қажет дейді. Сол себепті, аудандық тарихи-өлкетану музейіне өз жәдігерін аманаттап, оның тарихын тереңнен түсіндіріп өтті. Қарапайым қалыбынан таңбаған зейнеткер «Маған берілген ауданның «Құрметті азаматы» атағы бұл еңбектеріме емес, ауданның экологиясын сақтауға қосқан үлесім үшін берілді деп білемін» – дейді.

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.
15 мамыр 2018 ж. 1 621 0