Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаны жайсаң Жамалхан

Жаны жайсаң Жамалхан

1987 жылы Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімі бастығының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары болып екі жылдай қызмет атқарып, отбасылық жағдайына байланысты Шиеліге қайта оралуыма тура келді. Мені «Еңбекші» ­совхозына учаскелік инспектор етіп жіберді.

Совхоз директорының кабинетінде бойшаң бойлы, сылыңғыр, сымбатты келген, мұнтаздай киінген, адаммен бар ықыласымен амандасатын, сөйлер сөзі орнықты, күлімдеп қарайтын, қылшылдаған жас жігітпен таныстым. Маған директор бір көргеннен-ақ байсалды, қарапайым, білімді, іскер, көпшілікпен тез тіл табысып кететін жағымды басшы ретінде көрінді. Сол кездегі түйсігім жаңылыспапты. Бұл кезең Жамалхан Баетұлының қырықтың қырқасынан асқан, ақыл тоқтатқан шағы секілді. Қызметінде де, отбасында да, шаруашылығында да абыройы атойлап тұрғанын сыпайы, жылы сөздерінен-ақ аңғаруға болатын.

Абырой-атағы асқақтап тұрса да кісілігін сездірмей, кішілігін танытқан совхоз директоры Ж.Баетұлы бүгінде қазақтың Қазыбек биіндей қазыналы қарт, бір әулеттің данышпан қариясы болған. Ауызынан Алласы түспейді. Шиелі тұрғындарының кез келген азаматына жанашыр, қамқоршы бола алады. Оның даналыққа толы қанатты сөздері мен әңгімелерін тыңдағанда айналасына ұлттық тәрбиенің нұрын шашып тұрғандай әсерде боласыз. Жаныңызда әркез сенімді ағаңыз жүргендей сезінесіз. Оның кішіге деген ізеті, үлкендерге көрсеткен құрметінен де асып-түсіп жатады. 

Өмірде жаны жайсаң Жамалхан атанған ағамыз осынша қадір-қасиеттерді қайдан алды екен? Көп ұзамай оны да білдік. Көз алдыма «Қараштың» қара сирақ қара баласы, мектеп оқушысы Жамалхан елестей жөнелді. Балалық шақтан, даналық шаққа ұшырған, қарт Қаратаудың етегіне орналасқан табиғаты әсем, адамдары аңыз «Қараш» атты шағын ауыл Жәмекеңнің аталары мекен еткен киелі жер. Әкесі Бает Құлтасұлы (қатарлары Баязит деп кеткен), анасы Зейнекүл Тұрғынқызы да қарапайым шаруа адамдары болған. Ата-анасы дүниеден тым ерте озған Жамалхан үлкен ағасы Әнешбектің тәрбиесінде болады. 
Таудан құлдилай аққан «Қайнарбұлақ» атты бұлақтың мол суын пайдалану үшін ауыл тұрғындары тоған соғып, қыстай су қорын жинап, көктемде егістікке, мал шаруашылығына пайдаланған. Кешегі Жаңақорған совхозындағы сол шағын ауыл іргелі «Бірлік» бүгінде көркейіп, халық саны өсіп, осы жердің түлектері аңсайтын көрікті бір ауылға айналған.

Иә, Әнешбек ағасы әкесі де, шешесі де болыпты. Тағдыр тауқыметін әбден тартқан Әнешбек өте ақылды, алдын болжайтын деседі. 1922 жылы туған ол, 1942 жылы Ұлы Отан соғысының қырғынында тұтқынға түседі. Немістердің концлагерінен қашып шығып, Югославияда партизан отрядына барып қосылады. Партизандар құрамасын кейін Югославияның Президенті болған Броз Тито басқарған. Әнешбек тұтқында болғаны үшін 10 жылға сотталып, И.В.Сталин қайтыс болғаннан кейін, 1954 жылы темір тордан босатылады. Сібірдің бір түкпірінде ағаш дайындаумен айналысқан Әнешбек туған еліне оралып, Баетовтер әулетіне әкелік қамқорлық жасайды. Оқысын, білім алсын, орыс тілін үйренсін деп, «Кыраштың» жеті жылдық мектебін бітірген Жамалханды Арыс қаласындағы туыстарының қолына апарып оқытады. Ж.Баетұлы 1959 жылы Арыс қаласында орта мектепті тәмамдайды.
 
Содан соң туған ауылына қайта келіп, «Бірлік» қаракөл-қой кеңшарының «Қыраш» бөлімшесіндегі №2 қой фермасында қатардағы жұмысшы ретінде еңбек жолын бастайды. Жазда мал азығын даярлап, шөп орады, қой жүнін қырқады. Қыста мал қоралардың көңін тазалайды, күндіз-түні таусылмайтын жұмыстың ортасында озат атанып жүреді. Ол кезде жоғары оқу орнына түсу үшін жастар 2 жыл еңбек өтілін жасау керек деген үкімет қаулысы болатын. Оған қоса мекемелер жолдамамен тегін оқытып, мамандар даярлайтын мүмкіндік те қарастырылған еді. Ойы оқуға ауған Ж.Баетұлы шаруашылық басшыларымен осындай келісімге қол жеткізеді.

1961 жылы кеңшар дирекциясы жолдамамен Алматы мал дәрігерлік институтына жібереді. Жоғары оқу орнын 1967 жылы үздік аяқтаған ол, Жаңақорған аудандық мал дәрігерлік мекемесіне маман болып орналасады. 

Сөйтіп жүріп Ж.Баетұлы – 24 жасында әскери борышын өтеуге шақырту алады. Әскерден қалуға жолы болсада ел көрейін, жер көрейін, ширығамын деген оймен өзі сұранып, борышын өтеуге аттанады. Белоруссияның Бресий қаласынан бірақ шығады. Жоғары білімді солдат ретінде полк штабы бастығының көмекшісі болып тағайындалады. Көп ұзамай Чехословакия елінде контрреволюциялық бүлік басталып, әскери бөлім Польша арқылы Чехословакия шекарасынан өтеді. Бүлік ойдағыдай басылады. Прагадан 40 км жердегі Миловице қаласында СГВ құрамында міндетін атқарған ол, кіші лейтенант шенін алып, 1969 жылы аман-есен елге оралады. Жаңақорғанның «Сунақ ата» кеңшарында мал дәрігері болып шаруашылық жұмысына кірісіп кетеді. Сол жылдары бұл совхоз күрішпен де, ірі қара малымен де айналысқан. Екі сауын фермасы болған.

Ж.Баетұлына үлкен өмірге алғаш жолдама берген кісілер «Бірлік» совхозының директоры Әбдіқаппар Нұртазаев пен бас мал дәрігері Орынбасар Бәйімбетов болса, беріде «Сунақата» совхозының директоры Камал Сапаралиевтің де орны бөлек. Камал Сапаралиев Өзбекстан, Тәжікстандағы ағайын-туыстарын ауылға көшіріп алып келіп, жұмыс қолдарын молайтады. Еліне еңбек етуге баулиды. Осы іскер басшы Жәмекеңнің үйленіп, үйлі болуына да себепші болады. Бір әңгіме арасында Өзбекстаннан көшіп келген үлгілі отбасы бар екенін сол үйдің әдемі қызы бой жетіп отырғанын бойдақ жігіт Жамалханның ойына сала кеткені махаббат жырына ұласпасы бар емес пе?

Бастығының сілтеуімен таныспаққа барған Жәмекең үйге кіріп барса, үш қыз кілем тоқып отырады. Екі қыз амандасып, бір қыз төмен қарап отыра береді. Қыз көруге келген жігітке шашақ бар береді. Қыздың сылаңдаған жеңгесі «көрші үйге кел, сонда сөйлесеміз» дейді. Қыз «Ашығын айтайын, маған мал-мүлік керек емес, жақсы көрсең болды» деп қайырады. Күйеу жігіттің есейіп қалған түріне қарап, «бұрын үйленген қу емессің бе?» деген сұрағын да қойып үлгереді. Сөйтіп, 1969 жылдың қазан айынан ғұмырлық махаббат қызық мол жылдар басталып кетеді. 1970 жылы «Қыраштан» «Сунақатаға» көшіп келеді. Совхоз директоры ауысып, ыңғайсыз басшы келіп, Ж.Баетұлы Шиеліге келеді. Сол тұстағы аудан басшысы Орынбасар Бәйімбетовке кіріп, кез келген жұмысқа дайын екенін жеткізеді. Сөйтіп 1971 жылдың қыркүйек айынан бастап Ж.Баетұлы Шиелінің атынан жарты ғасырдан аса осы жердің ауасын жұтып, суын ішіп, ұрпағын жайып, өсіп-өніп, құда-жекжат болып, әдемі қартайып келеді. 

1971 жылы Шиелі ауданының басшыларының келісімімімен осы ауданда жаңадан «Қарғалы» қаракөл-қой совхозы ашылады. Ж.Баевтұлы осында бас мал дәрігері қызметіне тағайындалады. Жас маман бұл жерде мал шаруашылығының майталмандарымен етене еңбек ете жүріп, мол тәжірибе жинайды. Оның бейнеткештігі, жұртпен тіл табыса алатын қасиеті мен ұйымдастыру қабілетінің молдығы аудан басшылығы тарапынан назарға ілінеді. 1973 жылы совхоз директорының міндетін атқарады. Нағыз іскерлігін көрсетеді. Мақсаты – мал санын көбейту, Қызылқұм қойнауын игеру болатын. Жаңа құрылған ауыл малы отыз мыңнан асып жығылады.  Сол жылы «Майшысазында» ауыл малшыларының слетінде «Қарғалы» Қаракөл-қой совхозы төл алудан аудан чемпионы болып, бірінші орын иеленеді. Сөйтіп Ж.Баетов болса ¬совхоз жұмысшыларының арқасында, аудан басшыларының қолдауымен үлкен жетістікке жетіп, абыройға ие болады. 

1977 жылдың басында ауданда екі қаракөл-қой совхозы ашылады. Аудан көлеміндегі күріш егумен айналысатын шаруашылықтардың уақ малдары «Телікөл» және «Еңбекші» совхоздарына жинақталады. 1975 жылдан бері аудандық мал дәрігерлік мекемесінде бөлім басшысы болып жүрген, аудан басшыларының көптен бергі назарындағы Жамалхан Баетұлы орда бұзар отыз жасында Қаратау бөктеріндегі «Еңбекші» Қаракөл-қой совхозына  бас мал дәрігерлігіне тағайындалады. Бұл жұмыс орында да ол қоғам мүддесіне деген талапшылдығымен, іскерлігімен, адамгершілігімен таныла білді. Және де еңбек адамдарымен етене араласа жүріп, өз тәжірибесін молайта түседі. Жұмысшы қызметкерлер арасында үлкен беделге ие болды. Ауылдың жаны жайсаң адамдарымен қоян қолтық жұмыс істеп, бас мамандармен ферма басшылармен ақылдасып отыруды ұмытпайтын. Осы қасиеті аудан басшылығының назарынан тыс қалмай, 1981 жылы аталмыш шаруашылықтың тізгіні Жамалхан Баетұлына тапсырылады. Осынау қызметінде 10 жыл абыройлы еңбек атқарады. 

Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Ж.Баетов басшылық еткен кезінде «Еңбекші» ауылына атбасын тіреген қазақтың даңқты ақын-жазушыларын әлі де ұмыта қоймаған. Алматыдан партизан батырымыз Қасым Қайсенов ауыл жұртшылығымен, шопандарымен кездесіп  бір апта Жәмекеңнің үйінде жатып қонақ болған. Ақын-жазушылар Сырбай Мәуленов, Фариза Оңғарсынова, Шерхан Мұртазалар халықпен кездесу өткізіп, Еңбекшіден дәм татқан. Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының ұлы Бақытжан, жұбайы Зейнеп Ахметовамен және Дүкенбай Досжановпен елге келіп, Қаратаудағы «Алма бақта» Ыдырыс Жүсіповтың №2-ші ферма шопандарымен жүздесіп, әңгіме-дүкен құрған. Ақын Күләш Ахметова жұбайы Сабырхан Асанов және жазушы Советхан Ғапбасовпен «Қос көлде» малшылармен бас қосып, өлең-жырларын оқыған. Мұның бәрі Ж.Баетұлының өнерге, мәдениетке мығым екендігінен хабар береді. 

Ж.Баетұлын директорлығы кезінде «Еңбекші» совхозы бірнеше рет мал шаруашылығының барлық көрсеткіштері бойынша жоғары деңгейде көрінді. Бұл еңбегі лайықты бағаланып, 1988 жылы республикалық «Ауыл шаруашылығы» көрмесінің жеңімпазы болып, жеңіл көлік сыйға берілді. Сондай-ақ халық депутаттары Шиелі аудандық кеңесіне 2 рет депутат болып сайланды. Кешегі қоғамдық өзгерістер белең алып, жекешелендіру -саясаты басталған 1991 жылы аудан басшысы өзінің келісімімен Ж.Баетұлын аудандық шаруалар одағы және шаруалар қожалығы ассоциациясының төрағасы етіп тағайындайды. Ал 1997 жылы ол аудандық экология комитетінің төрағасы болады. Аудан экономикасын тұрақтандыру мен дамыту қызметін 9 жыл жоғары деңгейде абыроймен атқарып, 2006 жылы бейнеткерліктен құрметті зейнеткерлікке шығады. 

Ардагер Ж.Баетұлы зейнетке шыққан соң, аудан басшыларының ұйғаруымен Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы кәсіподақ бірлестігінің төрағасы қоғамдық қызметіне сайланады. Осы қызметімен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде елдің ынтымағымен ауызбіршілігін сақтау жолында белсенділік танытып, аянбай еңбек етті. Ж.Баетұлының ұзақ жылғы еңбегі, азаматтық белсенділігі, қоғамдық қайраткерлігі, кеудесі алтын сандық ардагерлігі ескеріліп, 2013 жылы аудандық марапаттау комиссиясы абзал абыз ақсақалымызға Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атағын берді. Сонымен қатар қоғам қайраткері Ж.Баетұлы ағамыздың омырауында республикалық кәсіподақ комитетінің бірінші, екінші дәрежелі «Еңбек даңқы» медальдары және Қазақстан Республикасы «Экология саласына 30 жыл», ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері», «ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық» мерекелік медальдары жұлдызша жарқырап тұр. 
Ең басты байлығы Жамалхан Баетұлы – үлкен отбасының, мықты шаңырақтың отағасы. Жұбайы Биялай екеуі үш ұл, төрт қыз тәрбиелеп, 25 немере, 1 шөбере сүйіп отырған, ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырған бақыт құшағындағы асқар таудай әке.

Тарихтағы Көкен батырдың бел баласы Назардан тарайтын батыр ұрпағы Жамалхан Баетұлы биыл 80 жасқа толып отыр. Сәл көзінің мазалағаны болмаса, әзірге арыстандай айбатты. Өмірде сабырлы да салмақты, өте кішіпейіл, қарапайым. 
Ұл-қыздарының барлығы да әртүрлі салада абыроймен еңбек етіп, қоғамға қызмет жасап келеді. Жалпы басшы адам ақылды, адал, ойшыл, ұстамды, талапшыл болуы тиіс. Басшыны сынайтын Құдайдың бір аты – халық. Оған ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – таза, тыныш өмір сүру. Бұл қағидаларды Жұмекең бұлжытпай орындап отырған. Сонан да ол қиындықтан қашпаған, ыза жерді баспаған, дұшпансыз адам болмайды. Оны да «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» демекші, тапқыр сөзімен үндетпей тастаған. Кісінің ала жібін аттамаған, басшысына жағымпазданып мақтамаған, жаңа айттым ғой, досы түгілі дұшпанына кек сақтамаған. Біреудің бетіне жел болып тимеген, күштінің алдында басын имеген, өзіне жараспайтын киімді кимеген сері жігіт. Ж.Баетұлы кейінгі жастар үлгі алардай өнегелі қасиеттерін арқалап сексен жастың сеңгіріне де жетті. Ол сондай-ақ жәркелештікті, жағымпаздықты, өтірік айтуды, жамандайтындықты сүймеген. Сүйген жары Биялайды ұл-қыздарын, келіндерін тәртіппен алға сүйреген. Мақтануға жаны қас. Мақтауды онша жақтырмайтын, кісілігі отбасынан артылмайтын, кісілігі де,  кішілігі де дара қызық жан. Міне, Жамалхан ағамыз өмірде осындай көркем мінезімен асығы алшысынан түскен абзал азамат, ардақты ардагер. Жақсыға жақсы жарасар. Эх, дүние, дүние... Уақытша болғаныңа Әлхамдулилла! Бұл дүние – сынақ. Көбіміз соны Жұмекеңдей түсіне білсек, өмірдің қызығы да сол болмақ. 

Ол үнемі былай «Інім-ау, өмірде үш адамды жақсы көр. Біріншіден, сен туғанды, екіншіден, сенен туғанды, үшіншіден, сен үшін туылғанды. Ағаштан жеміс күтсең бұтағын сындырма, адамнан үміт күтсең көңілін қалдырма» деп отырады. Осындай ұлағатты сөздерімен ол дұрыс әдемі қартая білгендігін дәлелдеп отырса керек-ті.

«Мен Қырашта туғаныммен, Шиелілікпін. Себебі, осы жерде көктедім, өркендедім, қызмет жасадым, дос таптым, бұл елге Құдай қосқан құда болдым, одан артық маған не керек?! Өмірзақтай сырлас ағайым,  Пердәлі мен Қуандықтай құрдастарым, Нұрмахан, Мәден, Әбдімомындай інілерім мен сыйлайтын, мені құрметтейтін замандастарым тұрғанда Шиелі маған айрықша ыстық болмай қайтсін», – деген Жамалхан ағамыз дымқылдаған қос жанарын білдірмей сүртіп жатты.

Ол сексен жас пен алдағы жүз жастың қуаныш жасы болғай. Жамалхан аға, жүз жасаңыз!

Өркен ИСМАИЛ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
16 мамыр 2023 ж. 179 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930