Мақтаулы инспектор
Әрдайым ел азаматтарының құқығы мен тыныштығын қорғау жолында толайым тер төгіп жүрген әр полиция қызметкерінің еңбегі бағалауға тұрарлық. Біз біле бермейтін небір оқиғаның ортасында осы мамандық иелері жүреді. Қылмыскерді құрықтап, ерлігі мен ел абыройына бөленіп жүрген сондай азаматтардың бірі – Шиелі аудандық полиция бөлімінің, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Ақылбек Асанов.
Кейіпкеріміз аталған салада еңбек етіп келе жатқанына 10 жылға жуықтады. Қызметінің қарбалас, жұмыстың қауырт екенін Ақылбек Ахтайұлы бізге сұхбат беруге үлгермей жатқанынан-ақ аңғардық. Тіпті, демалыс күні де бар уақыты жұмысына арналды.
Кейіпкеріміз аталған салада еңбек етіп келе жатқанына 10 жылға жуықтады. Қызметінің қарбалас, жұмыстың қауырт екенін Ақылбек Ахтайұлы бізге сұхбат беруге үлгермей жатқанынан-ақ аңғардық. Тіпті, демалыс күні де бар уақыты жұмысына арналды.
А.Асанов 1986 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. Анасы – мейірбике, әкесі инженер болып еңбек еткен. Қарапайым отбасында тәрбиеленіп, №244 Ы.Жақаев мектебінде білім алған ол кейін жоғары оқу орындарында біліктілігін толықтырған. Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің заң, құқықтану факультетін тәмамдаған Ақылбек 2004-2008 жылдар аралығында Алматы қаласында әскери кафедраны бітірген. Алғашқы еңбек жолын 2008-2011 жылдары салық басқармасында қаржыгер, одан соң «Казатомпром» мекемесінде бухгалтер болып бастайды. Мұнан соң өз мамандығымен жұмыс істеуге белді бекем буды. Осылайша, «өскенде кім боласың?» деген сұраққа «полиция боламын» деп жауап беретін Ақылбектің балалық арманы орындалып, 2012 жылдан бастап аудандық полиция бөліміне қызметке орналасады. Осы қызметті бірнеше жыл атқарып, басшылықтың бұйырығымен Ақылбек Бәйгеқұм ауылдық округі бойынша учаскелік полиция инспекторы қызметіне тағайындалды.
Учаскелік инспектор жаңа қызметке тағайындалысымен барынша қырағылық танытып, ауылдық жермен жіті танысып, ауыл халқымен тығыз қарым-қатынас орнатты. Тұрғындар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуда, оны болдырмауда тыңғылықты қызмет атқарып келеді. Оны осы ауылдың тұрғыны Жансұлу Сыздықованың сөзі дәлелдеп берді.
– Қызмет атқару кезінде өзін орындаушылық қабілеті бар білімді маман ретінде таныта білді. Жұмыс барысында жеке уақытымен де санаспайды. Күндіз-түні ауылдың тыныштығын күзетіп, тәртіптің алдын алуға барын салады. Еңбексүйгіш және бастамашыл азамат өзінің кәсіби деңгейін үнемі жоғарылатуға тырысып жүр. Мінезінің салмақтылығы ма, тұрғындармен тез тіл табыса білді. Осылай ісі оңынан болып, шаруасы сәтті шешілген ауыл тұрғындары өз қызметінің маманы Ақылбекке алғыстарын айтып, ақ батасын беріп келеді, – дейді ол.
Жаңатұрмыс ауылдық округінде учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарып жүргенде шағын ауыл халқының мазасын кетірген мал ұрлығы қылмысын ашуда қызметіне адал полиция майорының мол тәжірибесі іске асты. Нәтижесінде 2019 жылдың өзінде мал ұрлығына қатысты 25 қылмыс әшкереленсе, дәл осы секілді ауданда да 25 қылмыстың ізін суытпай ашқаны оның саладағы жетістігі.
– Бүгінде Бәйгеқұм ауылында учаскелік полиция инспекторына жүктелген міндетті мінсіз атқарып, қылмыстың дер кезінде ашылуына қызмет етіп келемін. Бұл үшін ауыл тұрғындарының да көмегі көп. Ауыл шағын болғанымен, сыртта жайылып жүрген малға еге жоқ. Сондықтан әбден дәніккен ұрылар иесіз малға қырғидай тиеді. Сондықтан күндіз-түні жұмыс істеуге тура келеді, – дейді А.Ахтайұлы.
Адал еңбек пен маңдай тер әрине мемлекет тарапынан да ескерусіз қалмайды. Ол аудандық ішкі істер органдарындағы «Мінсіз қызметі үшін» медалін және басқа да марапаттар алған.
Ш.Тілеубаев