Көргені көп, айтары мол азамат
1974 жылдың жаз айы болатын. «Қызылту» колхозында Комсомол ұйымының хатшысы әрі аудандық Комсомол комитетінің штаттан тыс бірінші хатшысы қызметін атқаратын кезім.
Аудандық Комсомол комитетінің бюросында бастауыш Комсомол ұйымдарының жұмыстарын жақсарту мақсатында семинар-кеңес өткізу жоспарланып, онда сол кездері жұмысы жақсы аталып жүрген «Алғабас» ауылы бастауыш Комсомол ұйымының жұмысы туралы материал дайындап, бюроға ұсыну тапсырылды. Осы мәселе бойынша «Алғабас» ауылына барған бетім сол еді, алдымнан ауылдық учаскелік инспекторы болып жұмыс істейтін Сейітомар інім кездесе кетті. Сұңғақ бойына әдемі жарасқан қызметтік киімі, ағалап іші-бауырыма кіріп бара жатқан ықылас пейілі мені сол сәтте-ақ жақсы әсерде қалдырды. Қызметке енді-енді араласып, қызметтің не екенін білмек түгіл, әлі сезіне де қоймаған кезіміз ғой, «Үйге жүріңіз, келініңіздің қолынан шәй ішіңіз» деп асты-үстіме түсіп бәйек болғаны әлі ұмытыла қойған жоқ. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, інім сол пейілінен, сол қонақжайлылығынан әлі тайған емес.
Аудандық Комсомол комитетінің бюросында бастауыш Комсомол ұйымдарының жұмыстарын жақсарту мақсатында семинар-кеңес өткізу жоспарланып, онда сол кездері жұмысы жақсы аталып жүрген «Алғабас» ауылы бастауыш Комсомол ұйымының жұмысы туралы материал дайындап, бюроға ұсыну тапсырылды. Осы мәселе бойынша «Алғабас» ауылына барған бетім сол еді, алдымнан ауылдық учаскелік инспекторы болып жұмыс істейтін Сейітомар інім кездесе кетті. Сұңғақ бойына әдемі жарасқан қызметтік киімі, ағалап іші-бауырыма кіріп бара жатқан ықылас пейілі мені сол сәтте-ақ жақсы әсерде қалдырды. Қызметке енді-енді араласып, қызметтің не екенін білмек түгіл, әлі сезіне де қоймаған кезіміз ғой, «Үйге жүріңіз, келініңіздің қолынан шәй ішіңіз» деп асты-үстіме түсіп бәйек болғаны әлі ұмытыла қойған жоқ. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, інім сол пейілінен, сол қонақжайлылығынан әлі тайған емес.
Халқымыздың «Пейіліңді кеңге сал» деген сөзі Сейітомардың өмірлік ұстанымына айналғандай.
Сейітомардың қызметі өсіп, ұзақ жылдар бойы Шиелі, Жаңақорған аудандарында аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Осы кездерде оның бойындағы жастарға тән жақсы қасиеттері барынша ашылды.
Жасынан спортты, өнерді серік еткен інім жақсы әнші, домбырашы, волейболшы, жүрген жерінде жұрттың ел-салын шығарып әңгіме айтып, алқалы топта аталы сөз айтатын дәрежеге жетті.
Бір ауданда тұрғанымызбен, жұмыс саласы бөлек болғаннан соң Сейітомармен онша көп араласа бермедік. Достары Өркен, Жаппарбектермен бірлесе отырып, аудандық ішкі істер қызметкерлерінен құралған «Жалын» ансамблі ұзақ жылдар бойы аудан мен облысқа ғана емес Республикаға дейін аты шығып, дүркіретіп жатты. Кейіннен Жаңақорған ауданы ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары кезінде де волейболдан сала аралық облыс құрамасында ойнап, жақсы нәтиже көрсетіп жүргенін естіп, інімнің сыртынан кәдімгідей қуанып, марқайып жүрдім.
Өз тәжірибемнен байқағаным, адам қоғамдық жұмыстарға неғұрлым белсене араласқан сайын көп адамды танып, араласып, сыйласып, пікірлес болып қалыптасады. Бұл – адамның көпшіл, қоғамшыл болуына ықпал ететін бірден бір фактор. Сейітомардың танымайтын адамының жоқ екеніне тек туыстары ғана емес, үлкен ағалары – біздер де тәнтіміз.
Оған волейболдан облыстық ішкі істер бөлімі құрамында бірнеше жыл бойы үздіксіз ойнауы, Шиелі ауданында әріптестерімен бірге құрған, әлі күнге дейін ізі бар көркемөнерпаздар үйірмесі айқын дәлел болады.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Сейітомар аудан орталығына көшіп келді. Біраз уақыт сыртта қызмет атқарып, аудан азаматтарымен онша көп араласа қоймағанын ауылға келген соң орнын толтырды. Ол ағайынның, құда-жекжаттың, дос-жаранның барлық іс-шараларының бел ортасында жүрді.
Ұйымдастырушылық қабілетін байқаған аудан басшылары оны басшылық қызметке тартты.
Аудан әкімінің мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің бастығы, «Отан» партиясының алғашқы ұйымдастырушысы және атқарушы директоры, Шиелі аудандық ішкі істер бөлімі ардагерлер Кеңесінің төрағасы. Ы.Жақаев атындағы тарихи күріш өсіру мұражайының директоры, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған кезде оның көпшілікпен тіл табыса алатын қасиеті, берілген жұмыстарды аяғына дейін жеткізе алатын қарым-қабілеті, құжаттарды рәсімдеудегі тиянақтылығы оның шын мәніндегі іскерлігін танытты.
Ауданымыздың тыныс-тіршілігінің нығаюына, әл-ауқатының артуына жұмыс жасап, халықтың ауызбіршілігінің сақталуына аянбай еңбек еткен Сейітомар інім аудан тұрғындарының ықыласына бөленіп, 1999 жылы ІІ шақырылған Шиелі аудандық мәслихатының депутаты болып сайланды. Халық қалаулысы болған жылдары елде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге бей-жай қарамай, ауданымыздың елді мекендеріндегі жол, жарық, ауыз су мәселелерінің оң шешілуіне көп үлес қосты.
Шиеліде кезінде ауданның өсіп-өркендеуіне айрықша үлес қосқан, бүгінде арамызда болмағанымен, аты аңызға айналған жерлестерімізді аудан жұртшылығына әсіресе, өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында, олардың атаулы күндерін рет-ретімен дүбірлі той етіп өткізу дәстүрге айналған.
Сейітомар Ы.Жақаевтың 120,125 жылдық мерейтойларын өткізуге үлкен үлес қосты. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ағайындармен хабарласып, тойдың қорына қаражат түсіріп қана қоймай, олардың тойға қатысуына да көп ықпал етті. Шиеліге бірінші рет келіп тойға қатысқан қанша ағайын ауылдарына ризашылықпен қайтты.
Халқымызда «Адамгершілік қасиеті мол» деген сөз бар. Сол қасиеттердің ішіндегі төрелерінің бірі де, бірегейі адамдардың адамдарды іздеп тұруында шығар деп есептеймін. Байқағаным, адам көңілі жарасқан адаммен ғана араласып тұрады екен.
Сейітомар Алматыда тұрғанымен ауылдағы кейбір інілерден көптеу хабарласып, жағдай сұрап тұрады. Оның жақсы қасиеттерінің бірі – сыйласқан, бірге жүрген достарын үнемі мақтап, солармен мақтанып отыратындығында.
Осыдан біраз жыл бұрын Жаңақорған ауданында жұмыс істеп кетсе де, бүгінге дейін сол ауданның халқын, сыйласқан ағаларын әлі де аузының майын тамызып мақтап отырады. «Жігіттің жүрген жері Мысыр шахар» деген осы шығар, сірә. Туған жеріне деген адалдығынан айнымаған осындай жігіттердің мәртебесін көтеріп, қалай құрметтесек те жарасады.
Халқымызда «Көргені көп көш бастайды», «Көргені көптің айтары көп» деген ұлағатты сөз бар. Сейітомар бүгінде 70-тің желкенін тарты. Көш бастайтын да, сол көшке сөз тастайтын да кезі.
Сұлтанбек Оразымбетов,
Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы»