Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсы қасиеттерім үшін кітапқа қарыздармын

Жақсы қасиеттерім үшін кітапқа қарыздармын


Қарапайым, көзінен нұр, жүзінен мейірімнің шуағы шашырап тұратын бір тұлғаның ғұмырындағы өлшеусіз еңбегін елдің есіне салғым келді. Кеңес үкіметінің кезінде комсомол заманасының ардагері, аяулы қыз, ардақты ана, қарымды қаламгер, газет жанашыры, халық қалаулысы Рахиманың өнегелі өмір жолын қазіргі жас ұрпаққа паш етуді бір парызым деп есептедім.

Рая (Рахима) Мұхтарова 1948 жылы 15 маусымда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Бәйгеқұм станциясына қарасты №20 бекетте қарапайым колхозшылар Мұхтар Әбдікерімұлы мен Зүбайра Төлеуіш қызының отбасында дүниеге келді.
1957-1960 жылдары осы бекеттегі бастауыш мектепте оқып, содан кейін «Алғабас» орта мектебінде білімін жалғастырды. Еңбек жолын Ленин атындағы колхозда колхозшы болудан бас­тады. Қоғамдық белсенділігімен көпшіліктің көңілінен шығып, өз қатарының алды бола бастаған жас қызға көп ұзамай ауыл жастарына жетекшілік жасау, колхоздың комсомол комитетінің хатшысы лауазымын атқару сеніп тапсырылды. Комсомол ұйымында 140 мүше есепте тұратын, кейіннен олардың саны 259-ға жетті. Ауылдас-замандастарының қалың ортасында өткізген өнегелі және жалынды жеті жылда іскерлік қабілетін айқын танытты. Сөйтіп, аудан, облыс көлеміне белгілі және беделді комсомол қызметкері ретінде қалыптасты. Оның еңбек жолының сәтті басталуына, біріншіден, сол кездегі колхоз басқармасының төрағасы Әзімхан Исмаилов пен партия ұйымының хатшысы Жағыпар Рысманов ағаларының қамқорлығы зор ықпал етті. Екіншіден, «Социалистік Еңбек Ері» атағын екі рет алған шиелілік Ыбырай Жақаевтың ізін қуып, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін, еңбек өнімділігін арттыру жолында күрескен күрішші жастар – Жақаевшылар қозғалысының Қызылорда обылысында кеңінен тараған жылдарының атқарған рөлі өз септігін тигізді. Сол жылдары Рая аудандық және облыстық комсомол комитеті пленумдарының, Ленин атындағы колхоз басқармасы мен партия комитетінің мүшесі және Жуантөбе ауылдық Советінің депутаты болып бірнеше рет сайланды. Осыншама жауапты істерді ойдағыдай атқарғаны үшін Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар Одағы (БЛКЖО) орталық комитетінің «Комсомолдағы белсенді жұмысы үшін» төсбелгісімен, республикалық, облыстық, және аудандық комсомол комитеттерінің мақтау қағаздарымен марапатталды. Ал, ауылдық комсомол ұйымына БЛКЖО орталық комитетінің «Ескерткіш Қызыл Туы» табыс етілді. «Жастар ұйымына көшбасшы болғаннан кейінгі кезеңде колхоздың орталық кітапханасына басшылық жасады. Кітапхана меңгерушісі бола жүріп ауыл игілігі үшін істелген істердің жалықпас жанашырына айналды. Оқырмандарға арналған мәдени-көпшілік жұмыстарды мейлінше ыждағаттылықпен орындап, кітап сүйер қауымға кеңесші болумен, тиісті бағыт-бағдар берумен айналысты. Әртүрлі диспуттар мен конференциялар, ақын-жазушылармен кездесулер өткізуді, кітап көрмесін ұйымдастыруды үрдіске айналдырды. Небір қызықты тақырыпта өткен диспуттар, әдеби кештер («Жастық жарасымы неде?» , «Қыз өссе елдің көркі», «Этика және эстетика», «Ер есімі ел есінде» т.б.) әлі күнге дейін оқырмандар есінде сақталып келеді. Рая кітапхананың қорын он бір мың данаға жеткізіп, оқырмандар санын 700-ге өсірді. Тақырыптық кітап бұрышы ұйымдастырылып, айына 2-3 рет оқырман қауымға жаңадан шыққан әдебиеттер, мерзімдік газет-журналдарды таратты. Сөйтіп, 1978 жылы кітапхана жұмысын жоғары деңгейге көтергені үшін облыстық және аудандық мәдениет басқармасының «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сол бір меңгерушілік жұмысы барысында: «Өз бойымдағы ең жақсы қасиеттерім үшін кітапқа қарыздармын» – деп отыратын еді.
Р.Мұхтарованы ауыл тұрғындары «Жуантөбе» ауылдық кеңесі атқару комитетіне депутат етіп сайлады. Халық қалаулысы ретінде сайлаушылардың мұң-мұқтажын өтеуге, ауылды көркейтуге, көгалдандыруға атсалысты. Ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы ретінде әйелдер арасындағы жұмыстардың тындырымды да тыңғылықты ұйымдастырушысы бола білді. Кезінде колхозда 815 қыз-келіншектер болса, соның 602-сі қоғамдық еңбекке белсене араласушылар еді.
Аудандық атқару комитетінің шешімімен 1987 жылы Рая Мұхтарованы халық депутаттары «Жуантөбе» ауылдық кеңесі атқару комитетінің хатшысы қызметіне тағайындады.
Жұмысымен қатар, Шиелі аудандық «Өскен өңір» және Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газеттерінің штаттан тыс тілшісі ретінде танылды. Кезінде «кемелденген социализм» өмір сүрген газетшінің тіліне сөз салып, сөзіне түйін мен тұрақты тақырып болған да сол Ленин (Алғабас) атындағы колхоз тұрғындарының тыныс-тіршілігі, тұрмыс-жайы болғаны анық. Редакцияларға жолдаған мақалалары мен хат-хабарларында күрішші, малшы, механизатор, мұғалім, дәрігер, жалпы ауылдың еңбек адамдарын тайлы-тұяғына дейін басты кейіпкер етіп алғаны белгілі (ауылдық кеңес депутаты, механизатор Табибім Тілесов, Қазақстан комсомолының ХV съезіне делегат, жас күрішші Ғазиз Шаухабаев, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, еңбек ардагері Бөпіш Шаухабаева, білікті фельдшер Ерғазы Жексенбаев және т.б.)
Қай тақырыпта қалам тартса да, жақсылыкты жұрттан бұрын сезіп, оны жүрекке жылы тиетіндей, болашақты болжай білетін қаламгер болғандығын айту парыз.
Көңілін де, бойын да мөлдір бұлақтай таза ұстаудан бір танбаған Рая өзінің патриотизмге толы мақалаларын сүйікті туған жеріне Жақаевша еңбек ету үлгілерін насихаттауға арнады. Әсіресе, «рахаттың атасы – еңбек» қағидасын жастарға ұғындыра түсуі, сол арқылы жаңа жас ұрпақты тәрбиелеуге лайықты үлесін қоса алды.
Кейін денсаулығы сыр бере бастаған соң, Алматыға барып емделді, бірақ, одан да көмек болмады. Өзі беті бері қарамасын сезген болар, мені шақырып шығарған өлеңін редакцияға апарып беруімді өтінді. Ол кезде редактор Зәкім Жайлыбаев болатын. Оқып көрді де, дереу баспаға жіберді. «Арманым» атты өлеңінде өмірге, табиғатқа, елге деген махаббаты жайлы толғаған екен.
Жадырап дала болып жатар ма едім,
Даланың таңы болып атар ма едім.
Көретін бар дүниені өз көзіммен,
Күн боп шығып, күн болып батар ма едім.
Өзен боп астан-кестең ағар ма едім,
Қыран боп қанатымды қағар ма едім.
Құлпырған қыз еріндей қызғалдақты,
Төсіме жер боп жатып тағар ма едім.
Дүниеде қасиет көп, құдірет көп,
Бойыма бәрін жинап алар ма едім.
Самал боп туған жерді өбер ме едім
Нұрымды жұлдыз болып төгер ме едім.
Өмірдің бар шығынын төлер ме едім.
Сөйтіп, бір қуанышқа бөлер ме едім,
Ел үшін не ғажаптың бәрін жасап,
Кәдімгі адам болып өлер ме едім.
Айналдырған ауру алмай қоймас дегендей, 1992 жылдың 6 қарашасында сұм ажал қимас жанымызды қара жер қойнауына мәңгілікке алды. Артында ұлы бардың өзі бар, қызы бардың көзі бар дегендей, Мейіржан, Бақытжан, Сандуғаш есімді перзенттері қалды. Әрқайсысы бір-бір мәуелі бәйтерек. Ене жолын жалғастырған Бақытжанның келіншегі – Алғабас ауылдық кітапханасының кітапханашысы.
.
Айжамал Әбдіхамитқызы,
Алғабас ауылы.
23 сәуір 2019 ж. 880 0

Ұқсас жаңалықтар:

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930