Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖОЛДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРУДА

ЖОЛДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРУДА

Халқымызда «Жол қадірін жүрген білер» – деген әдемі сөз бар. Шынында, үнемі жол үстінде жүретін жолаушылар мен жүргізушілердің пайымынша сапалы жол – жүргізушіні де, көлікті де шаршатпайды. Ең алдымен көлік құралының техникалық жағдайының жақсы, ұзақ жүруіне әсер ететін бірден-бір фактор. Сондықтан жолдың үлкен болсын, кіші болсын – жөндеу жұмыстары барынша сапалы болғаны дұрыс.
Қазіргідей өркениетке ұмтылған кезеңде жолдың сапалы болуы әрбір тұрғын үшін маңызды. Көше асфальттанып, оның бойы жарықтандырылса, халыққа қолайлысы да сол. Сондықтан жыл сайын жолды жөндеуге мемлекеттік қаржыдан тиісті қаражат бөлініп, барлығы жоспар бойынша кезектілігімен іске асуда.
Өткен жылдары аудандық маңызы бар автомобиль жолдары күрделі жөндеуден өтсе, биыл кенттегі ішкі жолдар жаңаруда. Аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің халықпен кездесу жиындарында тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін жол жөндеу жұмысының көп ұзамай шешімін табуы кімді де болса қуантары анық. Бұны ел де көріп, кенттегі Ж.Таспанбетова, С.Кәрімбаев, Б.Тоқбаулин, Б.Оразов және А.Иманов сияқты көшелердің күрделі жөндеуден өтуіне «Бәрекелді, оң болсын!» деп отырғаны бесенеден белгілі.
Әсіресе, дәл орталықтағы ойдым, шұрқ тесік, Абай Құнанбаев көшесіндегі күрделі жол жөндеу жұмысы жаңалықтың төресі болды.
Себебі аудан орталығына келген ауыл тұрғындары, өзге қалалардан келген қонақтар да тап осы көшемен өтетін. Іштей ұялатынбыз. Десек те, бұл жолдар аудан әкімінің тікелей бақылауында болып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын естіп, жақсы хабар болатынына сендік. Міне, енді сенім ақталып, көпшіліктің көкейіндегі сауалдың жауабы нақты іспен беріліп, үміт ақталып келеді.
Аталған көшелердің күрделі жөндеу жұмысын мердігері «Әлем Транс Жол» ЖШС-гі. Тапсырысты сапалы орындау – мердігерге абырой. Сондықтан болар жол қозғалысын бөгемес үшін мердігер мекеме тынымсыз еңбек етуде. Құрылыстың сапасын қадағалаушы мамандар да қарбалас жұмыстың басына жиі барып, қызу тірлікке кіріскен. Ортақ міндет, сапалы жұмыс – бұның бәрі тұрғындардың қолайлы жүріп, тұруы үшін. Кент әкімдігі мамандарының берген мәліметінше, жол жөндеу жұмысына жалпы 5 млрд 300 мың теңге бөлінген. Осы қаражат негізінде 2028 жылға дейін кенттегі көшелер кезең-кезеңімен жаңарып, халық игілігіне беріледі.
Жолдың жақсаруы қоғамдық көліктің кедергісіз қатынауына, жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметтерінің уақытылы жетуіне, сондай-ақ бизнес нысандарының жұмыс тиімділігін арттыруына мол мүмкіндік береді. Биылғы жылы негізгі және қосалқы көшелерді кезең-кезеңімен жаңарту жоспарланған. Маңызды жобалар тұрғындардың ұсыныстары мен қажеттіліктері ескеріле отырып жүзеге асуда. Міне, бүгінгі ел назарындағы ішкі жолдарды қайта жаңғырту жұмысындағы ахуал осындай. Ең бастысы басталған жобалар сапалы жүргізіліп, ел игілігіне мұнтаздай таза, теп-тегіс етіп берілсе дейміз.

Мейіржан ИБРАГИМОВ


14 шілде 2026 ж. 31 0

Қоғам

Арнауға арқау азамат
14 шілде 2026 ж. 37

PDF нұсқалар мұрағаты

№52 (9419)

14 шілде 2026 ж.

№51 (9418)

09 шілде 2026 ж.

№50 (9417).

04 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031