Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиелі кентінде биыл 38,5 шақырым жол жөнделмек

Шиелі кентінде биыл 38,5 шақырым жол жөнделмек

Соңғы жаңалықтар

Аудан тұрғындары тарапынан сын садағына жиі ілінетін мәселенің бірі – жол сапасы екені жасырын емес. Шеткері елді мекендер тұрмақ, кенттің ішкі жолдары, расында, түйткілді мәселе. Бұған жыл сайын тұрғын үй саны артып, жаңадан көшелердің көптеп қосылуы да себеп.

Әйтпесе екі жүзден астам көшесі бар кенттегі жолдардың сапасын арттыруға жыл сайын миллиондаған қаржы қаралады. Сөйте тұра орталықтан шалғай жатқан көшелердің біразы әлі күнге өркениетке ілесе алмай келеді. Иә, қазіргі таңда кенттегі ең көкейтесті мәселелердің бірі жөндеу көрмеген жолдар екені жасырын емес.

Еліміз тәуелсіздік алғалы жолдарға күрделі жөндеу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді.  Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті бюджеттен миллиондаған қаражат жұмсалуда. Мемлекет назарынан жолдың жайы тыс қалып жатқан жоқ. Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауданда 80 шақырым республикалық, 98 шақырым облыстық, 145,4 шақырым аудандық, барлығы 323,4 шақырым автомобиль жолы бар. 

Кент әкімдігі қызметкерлерінің айтуынша биыл кенттің өзінде 38,5 шақырым жол жөнделмек. Мәселен, орталық көшелердің 20-дан астамы асфальтталады деп күтілуде. Олардың ішінде Ш.Уәлиханов, Алтынбеков, Абай тұйығы, Жайлыбаев тұйығы, Желтоқсан тұйығы, Ә.Иманбеков, Ә.Молдағұлова тұйықтары мен соңы, Ы.Жақаев және Т.Тоқтаров тұйықтары, Отырар, Жерұйық, Қаратаевтан қашыртқы каналға дейінгі аралық, Ердешбаев, М.Мырзахметов, Омаров, аурухана маңындағы -атауы жоқ 2 көше, Ермағанбетовтен Ә.Исмайловқа дейінгі аралық, Өмірбеков тұйығы, Қ.Нұртазаев соңы, Кәрімбаев тұйығы, Әби Едігеев, Ж.Базарабаев және жанындағы атауы жоқ көшелер жөндеуден өтпек. 

Аталған жоба сәтті жүзеге асса көптің көңілін күпті етіп, жүйкесін жұқартқан түйткілдің түйіні тарқайтыны анық. Әсіресе аурухана маңындағы жаңадан ашылған кейбір көшелерде жол деген аты болмаса адам түгілі көліктің жүруі мұң. Тек орталық қана емес, теріскей бет пен Көкшоқы халқы үшін де қуанатын сәттің ауылы алыс емес. Мәселен, теріскей беттегі күрделі жөндеуді қажет ететін Қажымұқан, Панфилов, Жұмабаев, Ковтунов, Бөлтекейұлы, И.Құтпанұлы тұйығы, Ботабаев тұйығы, Шәкәрім тұйығы, Жұбанов, Ж.Молдағалиев, Самара-Шымкент пен Құрманғазы аралығы, Боранов көшесі, Қабанбай батыр, Бурабай, М.Сыздықов, Қалдыбаев, Шопашев, Аманкелді көшесінің бас жағы, Ш.Бәкіров және Ағыбай батыр тұйықтарын жөндеу биылғы жылдың бюджетіне жоспарланып отыр. Сонымен қатар Көкшоқыдағы жалпы ұзындығы 19,88 шақырым Қарабұзау, ГРЭ-23-тегі атауы жоқ 3 көше асфальтталады. 

Айта кетейік, бұл тізімде Арай мөлтек ауданы да бар. Мұндағы жалпы ұзындығы 3 шақырым жолдың құрылысына 69 млн 440 мың теңге бөлінген.

Осылайша биыл кенттегі 38 519 метр жолға жөндеу жұмыстары жасалатын болады. Ол үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, «Шиелі-Жолшы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жалпы соммасы 588 млн 316 мың теңгеге келісім шарт та жасалған.
Айта кетейік, былтыр кенттегі жол жөндеу жұмыстарына 208 млн 860 мың теңге бөлініп, 14609 метр асфальт төселген болатын.
Жыл сайын қаншама жол жөнделіп, халықтың игілігіне табысталып жатқанымен бұл саладағы мәселе де басқа салалардағыдай анық әрі күрделі. Себебі дұрыс жобалау, материалдың сапасынан бастап, тендерлерді өткізу шарттары, жоспарлы жөндеудің болмауы, климаттық жағдайлардың ескерілмеуі, ауыр жүк көліктерінің көптеп жүруі сияқты бірінен-бірі туындап, бірімен-бірі сабақтасып жатқан күрмеудің түйіні бары анық.

Қалай десек те, жол сапасының сын көтеруі – ең маңызды іс. Сондықтан жауапты мамандарға ғана сенім артпай, жергілікті жұрт та бейқам қалмауы тиіс. Әсіресе, көше асфальттарына сол көшенің тұрғындары жауаптылық танытса игі. 

Қорыта айтқанда, құзырлы органдар құзыреттілігін білдіргенімен, біз бен сіз де білек сыбана бақылауға кіріссек бітпейтін іс болмайды. Ендеше, уақыт оздырмай салынып жатқан жолға мән беріңіздер.
25 мамыр 2023 ж. 116 0