Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖОЛ ЖӨНДЕУДІҢ ЖӨНІ ҚАЛАЙ?

ЖОЛ ЖӨНДЕУДІҢ ЖӨНІ ҚАЛАЙ?

Екі жүзден астам көшесі бар кенттегі жолдардың сапасын арттыруға жыл ­сайын миллиондаған қаржы қаралады. Десе де Орталықтан шалғай жатқан көшелердің біразы әлі күнге өркениетке ілесе алмай келеді. Иә, қазіргі таңда кенттегі ең көкейтесті мәселелердің бірі жөндеу көрмеген жолдар екені жасырын емес.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауданда 80 км республикалық, 98 км облыстық, 145,4 км аудандық барлығы 323,4 км автомобиль жолы бар. Өткен жылы кенттің қақ ортасындағы Сейфуллин, Яссауи, Т.Рұсқылов, Байтұрсынов секілді 4 көшеге құны 46 млн теңге болатын тротуар салынған. Жыл басында кент әкімі фейсбук парақшасында тікелей эфирге шығып, биыл тағы 26 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салуды уәде еткен болатын. «Оның ішінде көптің көкейінде жүрген Тоқбаулин, Есабыз көшелері де бар» деп елді қуантып та қойды. Сол жиында Омаров, Қорқыт ата, Ә.Шорабаев, Р.Бөлебай, Шыныбеков, Ә.Қоңыратбаев, Панфилов, Бурабай, Шәукебаев, Ә.Оспанов көшелерінің тұрғындары жол сапасына шағым айтып, жөндеуді талап еткен. Шынымен де кенттің кей жерлерінде күн құрғаса топырақтан аяқ алып жүре алмайтын, жауын жауса көлге айналатын көшелер бар. Тұрғындардың осындай шағымына қарап, кент көшелерінің қашан көркі кірер екен деген ойға батасың. Ал әкімдік берген есепте жөнделген көшелердің көрсеткіші ауыз толтырып айтарлықтай. Соған қарағанда мәселенің түйіні жөнделген жолдың сапасында болса керек.
Мысалы, 2020 жылы автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмысына бюджеттен 36 800,8 мың теңге қаржы бөлінген. Сөйтіп Шиелі кенті бойынша ұзындығы 24,5 км болатын 72 көшеге және 11 елді мекендегі 27 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Ал былтыр «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың жөндеу жұмыстарына 650,6 млн теңге қаржы қаралған. Одан бөлек аудандық маңыздағы 90 км автомобиль жолдарын күтіп ұстау және кент, ауылішілік 31 көшенің орташа жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 392624,8 мың теңге тағы да бөлінген.
Жөндеу жұмыстарының көбі жыл соңында, қыстың қара суығында жасалатыны жұртты алаңдатады. Себебі көпшіліктің пікірі қыстыгүні салынған жолда сапа болмайды дегенге саяды. Жоғарыда айтқан төрт көшенің тротуары да былтыр тура жаңа жыл қарсаңында төселген еді. Аудан әкімінің баспасөз маманы берген мәліметке сүйенсек, биыл да кенттің 30-ға жуық көшесіне тас төселіп, орташа жөндеу жасалмақ. Бірақ жаздың соңғы айына табан тіресек те, әлі күнге бір де бір көшеден тіршілікті байқамадық. Себебі мемлекеттік сатып алу жұмыстары енді аяқталған. Ал мердігер анықталып, жөндеу жұмыстарын бастағанша есіктен тағы да қыс сығалайтыны анық. Сапасыз салынған жол мен мазасы қашқан жұрт осындайдан шықпай қайтсін?!
Кентішілік Шиелі арығының түрлі қоқыстарға толып, арналарының бітеліп қалып жатқаны да талай жылдан бері шешімін таба алмай келе жатқан түйіткіл. Жауын жау­­са көшелерді су алып, елдің берекесі қашады. Сондайда үлкендер «Шіркін, баяғы Шиелі арығы болса, мына судың бәрі соған ағып кетер еді-ау» деп әлсін-әлсін армандап қана қояды қазір. Өйткені арық «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» кебін киген.
Аймақтағы жетекші аудандардың біріміз дей тұра неге инфрақұрылым бір орыннан жылжи алмай тұр? Біз дамып барамыз ба, қалып барамыз ба? Сұрақ көп. Жауап жоқ.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
02 тамыз 2022 ж. 937 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (9244)

08 қазан 2024 ж.

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031