Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖОЛДЫҢ «ЖЫРЫ» БІТЕ МЕ?

ЖОЛДЫҢ «ЖЫРЫ» БІТЕ МЕ?

Сырттан келген кісі ауданның хал-жағдайын алдымен жолдың жайына қарап топшылайды. Өйткені өз өңірінің тау-тасын, кем-кетігін жақсы білетін жұртшылықтан гөрі, жолдың шұрық тесік жерлері бөтен көзге анық көрінеді. Анда-санда бір келгенде діттеген жеріне көлігі қиналып жетіп жатса, өңірдің даму деңгейіне оң баға бермесі анық. Тарқатайық...
Кентте жыл сайын көшелерге асфальт төселіп, тротуарлар жаңарып жатады. Қысы-жазы жол жөндеушілер бір тынбайды, әйтеуір. Өткенде ғана, жаңа жылдың қарсаңында Т.Рысқұлов көшесіне тротуар салынды. Мұз үстіндегі асфальт мықты болады-ау, шамасы. Жә, бұған кейінірек тоқталамыз. Қазіргі мәселе – ойдым-ойдым жолдың жөнделер жайы жайлы.
Жалпы жол мәселесі қашанда күн тәртібінен түскен емес. Қанша жөнделіп жатқанымен, сапасы сын көтермей ме, әйтеуір көпшіліктің көңілі тола қоймайды. Оған қатысты тұрғындардың шағымы негізінде ата басылымда да жыл сайын кемі 3-4 проблемалық мақала жазылып жатады. «Аққу ұшып, қаз қонған» тақырыбындағы марқұм А.Айыптың мақаласы кімнің есінде? Аққу мен қаздың жолға не қатысы бар дерсіз. Автор жауын-шашыннан көше бойына жиналған суды аққу ұшып, қаз қонатындай көлге теңейді. Бұл шамамен 4-5 жыл бұрын жазылған мақала еді. Бірақ әлі күнге құндылығын жоғалтқан жоқ.
Биыл ауданға қарасты кент, ауыл әкімдері ай сайын «фейсбук» желісінде тікелей эфирге шығып халықпен сұхбат құратын жақсы бастама басталды. Алғашқы айдың жоспары орындалып та қойды. Сонда байқағанымыз кент әкімінің тікелей эфирін тамашалап, пікір білдірген 100-ден аса адамның жартысына жуығы жол мәселесін сөз етті.
– Тұрғындардың өтінішін саралап, көшелерді аралап, өлшемін жүргізіп, нәтижесінде биылғы жылы 11 көше, қиыршық тас төсеу, 9 көшені асфальттау жоспарда. 5 спорт және ойын алаңы соғылады. Сейфуллин, Ясауи, Т.Рұсқылов, Байтұрсынов көшелеріне өткен жылы жаяу жүргіншілер жолын салдық. Бұған кеткен қаржы 46 млн теңге. Бұл жұмыс биыл да жалғасады. Барлық тұрғынның өтініш-тілегі тіркелген, соған сәйкес жұмыс жасаймыз. Қазіргі таңда 26 көшеге тротуар салуды жоспарлап отырмыз, оның ішінде Тоқбаулин, Есабыз көшелері бар. Орталық көшелердің тротуарлары өзіміздің күшпен қолдан келгенше қардан тазартылып жатыр. Алдын ала өтірік уәде бермейімін. Біз сіздердің өтініштеріңізді тиісті органдарға жеткізіп, қолдау табуына жұмыс жасаймыз, – деген кент әкімі жол мәселесінің шешім табуы тікелей қаржыға байланысты екенін айтты.
Жанар Досмағанбетова есімді желі қолданушысы: «Ғабит мырза, сізге Омаров көшесінің тұрғындарының атынан арыз жазған болатынбыз. Біздің көшемізде жаңбыр, қар жауғанда балаларымызға сабаққа баруға мүмкіндік жоқ, көшемізге асфальт төсеп жарықтандырып беруіңізді сұраймыз» дейді. Ал Эльвира Алдонғарова: «Жаназар батыр көшесі толықтай жөндеуден өтті дедіңіздер. Толық бітпеді ғой. Балалар сабақтан кеш кайтады. Мектептің жан жағы қараңғы» десе, Ұлболған Мұратова: «Орталық мешіт пен ЦОН және 45 мектепке дейін жол жөнделе ме? Қысқа ғана жол ғой» деген өтініш-тілектерін білдіріп жатты.
Асылбек Смайлов есімді азамат. «Менің сұрағым, ауданымыздың орталық көшелерінде бұрынғы уақытта арықтар болатын еді, жауын шашын болған кезде су қайда ағарын білмей жол жиегінде су жиналып, жолдың қозғалысына үлкен кедергі болып жатады. Осыны қайта қолға алып, көшелердің бұрыңғы су жүретін арықтарын қалпына келтіруге жұмыс жүргізілсе деген ұсынысым бар» деп жанашырлық тілегін жеткізді.
Бұдан бөлек Қорқыт ата, Ә.Шорабаев, Р.Бөлебай, Шыныбеков, Ә.Қоңыратбаев, Панфилов, Бұрабай, Шәукебаев, Ә.Оспанов көшелерінің тұрғындары мен Көкшоқы, Арай мөлтек аудандарының халқы да жол мен тротуар мәселесін жарыса қозғады.
Сауалдың барлығын оқып шыққан Ғ.Аманжолов:
– Бұрабай көшесін мен жақсы білемін. Ол жерде тас жол да жоқ, батпақ. Қазір жүріп-тұру қиын. Оны өзім арнайы барып көріп, біліп жүрмін. Биыл бірінші кезекте осы Бұрабай көшесіне тас төсеуден бастаймыз. Тиісті құжаттары дайын. Оның қасында Жетісу көшесі де дәл осындай. Арай мөлтек ауданында да осындай көше бар. Бірінші кезекте адам жүруі қиын 11 көшеге тас төсеу жұмыстарын ерте көктемнен бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Ал асфальт­тау жұмыстарына жаз айларында кірісеміз. Қоңыратбаев көшесін асфальттау деген сұраққа жауап берейін. Бұл көшеге 3-4 жыл бұрын тротуар салғанбыз. Биылғы жоспарда осы көшені асфальттау бар. Нақты істеледі.
Қатты жауын жауғанда көше, базар маңы көл болады. Біз бұндайда арнайы көліктермен суды сорғызамыз, қалғанын қолмен тазалап лаждаймыз. Бұл мәселені шешу үшін біраз қаржы қажет. Мысалы Алматы қаласында көшелерді бұзып, қайтадан канализация, лоток істеді. Біз де болашақта осындай жұмыс істейміз. Оған дейін осылай лаждауға тура келеді, – деп ашығын айтты.
Қаржы жоқ деп қол қусырып отыруға да болмас. «Қалауын тапсаң, қар жанады» дегендей, мәселенің «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» шешімін тапқан абзал. Қазір бұрынғыдай кабинеттен шықпайтын басшылардың дәурені өтті. Халықпен бірге жүріп, бірге болатын, мұң-мұқтажын дер кезінде шешіп беретін кезең келді. Президент Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанды құрамыз» деген шешімінен кейін осындай болуы заңды да. Бірнеше жыл бойы кентті басқарып келе жатқан Ғ.Аманжолов та өңірдегі кем-кетік, қажеттілік пен артықшылықты бес саусақтай білетіндігін тікелей эфир барысында байқатты. Тұрғындардың сауалын оқып шыққан соң:
– Шыныбеков көшесі бұрын кеңес үкіметі кезінде Алматы көшесі болған. Жаяу жүргіншілер жолын салу керек. Бұл көшеге тротуар сыймайды, көше тар. Көліктің өзі зорға жүреді. Бір ғана жолы – тиісті белгілерін қойып, көліктердің жай жүруіне арнайы кедергілер салуға болады. Арай мөлтек ауданын «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында асфальттауға жұмыс істеп жатырмыз. Алдыңғы жылы жоба сметалық құжаттарын әзірлеп, тиісті басқармаға өткізгенбіз. Енді қажетті қаржының бөлінуіне жұмыс істейміз. Шешімін тапса, мөлтек ауданның көшелері толық асфальтталады. Ал Шорабаев көшесі асфалтталмайды, Шұғыла мөлтек ауданына өткен жылы жай жөндеу, қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілген. Ал асфальттау жұмыстары 2023-2025 жылдары жүзеге асуы мүмкін, – деп сөзін қорытындылады.
Басшының ағымдағы жылға жоспарын мұқият тыңдап шықтық. Орындалуы сіз бен біздің назарда. Әйтеуір, «қаржы жоқ» деп титықтап, қиналып қалмасақ игі. «Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» деген ескінің есті сөзі бар. Әрине, қай іске де ынта болмай, ымыраға келу қиын.

Гүлхан ЯХИЯ


04 ақпан 2022 ж. 821 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (9244)

08 қазан 2024 ж.

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031