Жылдар бойы жырлаған жол азабы

Республикалық маңыздағы күре жолдың жалпы ұзындығы 424 шақырымды құрайды. Оның Қызылордаға тиесілі 204 шақырымы жөнделмек. Халықты шаршатқан жолды салатын мердігер мекемелер де анықталып қойды. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжат әзірлену үстінде. Жаңа жоба осы жылдың шілде-тамыз айларында сараптаудан өтпек.
Әр адым аттаған сайын шұрық-тесік жолдардың жолаушыларға қиындық тудыратыны айтпаса да ұғынықты болар. Қоғамдық тыңдауда жұртты әуре-сарсаңға салған жолдың бүге-шүгесіне дейін жөнделетіндігі айтылды. Мәселен, жол бойында демалыс орындары, жаңа нобайдағы «Нұрлы» аялдамасы бой көтеріп, тиісінше әр жерге қоқыс жәшіктері қойылмақ. Ал бүгінгі күні жаңа жоба бойынша салынатын көпірлер мен өткелдердің саны нақтылануда. Бұл ретте Қызылорда мен Жезқазған аралығындағы мал жайылымдары да ескерілуі тиіс екендігі тілге тиек етілді.
– Жол құрылысы 2021 жылы басталмақ. Қазір жоба талқылану үстінде. Оған дейін барлық тұрғынның ұсынысы ауызша, жазбаша түрде қабылданады. Жолға қажетті материалдар тек теміржолмен тасымалданатын болады, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Шанжархан Мырзабай.
Айта кетейік, жөнделетін жолдың экологияға еш зияны жоқ. Оны эколог мамандар барынша зерттеп, дәлелдеп отыр.
Сұлушаш МАДИЯРОВА