Қайтып келген таяқтың қайыры бар
Ел сақшылары – полиция қызметкерлерінің мемлекетімізде алар орны ерекше. Қылмыспен күрес, қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың Конституциялық құқықтарын қорғау – олардың басты міндеттері саналады. Әскери шенді сақшылар елі мен жерін сүюдің, халық тыныштығын сақтауда жанын қиюдың небір ерлік үлгісін көрсетіп жатады.
Олар үшін ең үлкен марапат – елге қызмет ету, азаматтардың алғысын алу, абырой биігінен көріну. Әр заманның өз талабы бар. Ішкі істер органдарының қызметкерлері полицей атанып, милиция бөлімдері полиция бөлімдері болып өзгертілді. Көпсалалы қызметтің ішінде мемлекеттік автоинспекцияның (Гаи) атағы жер жарып, ол да жол-патрульдік полициясына айналды. Кешеге дейін олардың көлік жүргізушілерін тәртіпке шақыратын басты құралы ала таяқ болатын. Сол ала таяқ, әсіресе, мас жүргізушілердің «тажалы» еді. Сондай тәрбиеші, сұсты ала таяқтың қоғам өмірінен ғайып болғанына да біраз жыл болды. Оған көлік рөлдерінде үнемі масаң жүретіндер қатты қуанғаны рас. Ал қарапайым халық «бекер істеді» деді де қойды. Кейбір көріпкелдер «Ала таяқ қайтып келеді, онсыз жол-патрульдік полицияны елестету мүмкін емес, халқына ғасырлар бойы мінсіз қызмет атқарған ала таяққа өшіккендері дұрыс болмады. Жоғарыдағы халық қалаулылары ала таяқтың күнгей бетін көрмей, көлеңкелі жағын ғана аңғарған екен. Осыдан қарада тұр, ала таяқ қайта оралады» деген тұғын. Арада тым-тырыс уақыттар өтті. Әр жол-көлік оқиғасының артында адам өмірі, денсаулығы, тағдыры, отбасының қайғы-қасіреті тұратыны белгілі. Елімізде осындай жол-көлік апаттарын азайтудың тиімді жолдары қарастырылды.
Осыған орай Республикамызда 2015 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап «Жол қозғалысы туралы» Заңы бірқатар өзгеріске ұшырап, жаңа нормалар енгізілді. Сөйтіп Үкіметтің қаулысымен жаңа жол жүру қағидалары бекітіліп, қоғамда қолданысқа еніп кеткенін білеміз. «Жол қозғалысы ережесіне» көпшіліктің көзқарасы да әрқилы болғаны аян. Бірақ Заңның аты заң. Заңды білмеу – құқықтық мәдениеттің кемшілігі. Одан хабарыңыздың жоқтығы. Осы жаңа ереженің құрбаны болып, жол-патрульдік инспекторлардың ала таяғы да кете барған. Шынтуайтына келгенде, ала таяқты алғалы осы саланың қызметкерлері мазақ пен күлкіге айналды. Жол-патрульдік инспекторлардың өзі көлік күтіп тұрған жолаушы секілді. Олар қолын көтеріп автокөліктерді тоқтатпақшы болса, жүргізушілер оларды көрмеген, білмеген сыңай танытып, «Қалай жағдай?», «Үй-іші аман ба?» деп амандасқан болып немесе «Адам түгел, бос орын жоқ» дегендей мысқылдармен пагон таққандарға қолдарын көтеріп, қастарынан зу етіп өте шығатын болды. Жүргізушілер еркінсіп, енді ГАИ-ың да, МАИ-ың да, ала таяғың да жоқ» деп мас жүргізушілер көбейіп, жол апатының саны артты. Бірақ мысал, батыс жақтағы теміржол өткелінен пойыз өтіп кептеліс болса, жолға таласқан шопырлар тәртіпті, заңдылықты, жол қауіпсіздігі ережелерін бұзып, баса көктеп төрт-бес қатарға тұрып алады. Сосын жатқан айқай, бірін-бірі жібергісі келмейді. Ал жол біреу-ақ, өткел де жалғыз. Мұндай жағдайды ала таяқсыз реттеу мүмкін емес. Біздің ой-санамыз, заңды сыйлау мәдениетіміз Еуропалықтарға әлі жете қойған жоқ. Бізге әлі де ала таяқ керек. Біз алақанның аялы қимылын түсінбейміз, сондықтан да инспекторларды мазақ етіп, полиция қызметкерлерін күлкі етеміз. Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі қазіргі қоғамның ең қанатты сөздерінің бірі десек болады. Бүгініміз техниканың дамыған заманы. Бір үйде бірнеше көлік көреміз. Күнделікті БАҚ-тан оқып, телеарналардан көрген сайын адам шошырлық жол апаттарын, қайғылы оқиғаларды «Ешкімнің басына бермесін» деп отырамыз. Көлік тізгіндеген әр адам тәртіпке бағынып, жол жүруге қатысты ережені қатаң сақтаса, Баукең айтпақшы, құл болып қалмайды ғой. Біздің кезімізде аудандық ішкі істер бөлімінде ГАИ бөлімшесінің басшылары болып Сұлтан Тәжібаев, Тұрахмет Ерниязов, Оңғар Шығанбаевтай азаматтар адал қызмет етсе, Қыдырбек Жөкебаев, Жаппарбек Оразмаханов, Шәріпбек Есенов, Тимур Ақмолдаев, Есентұрсын Бектұрсанов, Ғабит Арынов секілді инспекторлардың қолдарынан ала таяғы түскен жоқ. Олардың соңдарынан «өйтіпті-бүйтіпті» деген қаңқу сөздер естімеппіз. Халық тарапынан оларға айтылар алғыс пен жылы лебізін ғана сезінетінбіз. Бұлар осы алатаяқтарымен қаншама мас жүргізушілерді тәртіпке шақырып, кездейсоқ жол апаттарынан сақтап, шопырлардың денсаулығын, отбасыларының амандығын ойлады. Мұның бәрі сол кезде тәрбиелік мәні зор ерекше шаралар болатын. Әрине, фәниде «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайтыны да» шын. Қателік құқық бұзушылыққа апарып соқтырса, кім болса да жазасыз қалмайтыны анық. Қазірде елімізде «Мектепке қауіпсіз жол», «Мас жүргізуші – қылмыскер», «Жол қауіпсіздігі», «Жүргізуші, жылдамдықты азайт!» «Алда жүргіншілер жолы» атты айдарлармен жиі акциялар өткізіліп тұрады. Бұндай шаралар жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігінің алдын алу болып табылады.
Негізінде жол қозғалысына әр адамның қатысы болары сөзсіз. Олар – не жүргізуші, не жаяу жүргінші, не қоғамдық көліктің жолаушысы, не балабақша балалары мен мектеп оқушылары. Жол-көлік оқиғаларының жетпіс пайызы тікелей жүргізушілердің кінәсінен болады екен. Оның себебі, жүргізушінің жол қозғалысы ережелерінің талаптарын сақтамауында жатса керек. Оның салдары ауыр жол апаттарына әкеліп соғып жатқанын күнде естіп отырмыз. Оған қала, ауыл ішінде белгіленген жылдамдықты сақтамау, бағдаршамның белгілерін ескермеу, жолдың қарсы бетіне шығып кету, белдік тақпау, масаң болу, рөлде ұйықтап кету түрткі болатыны шындық. Сондай-ақ жүргізушілердің жол үстінде ұялы телефондарымен сөйлесіп, жан-жаққа алаңдауы мен автомобиль жолдарының стандартқа сәйкес еместігі, тегіс емес ойдым-ойдым болғандығы да себепші болатын көрінеді. Айта берсек, жан түршігерлік оқиғалар жол үстінде көбіне жүргізушілердің жауапсыздығы мен жүгенсіздігінен орын алып, отбасыларына қайғы-қасірет әкеліп жатады. Қанша жүрек жұтқан болсаңыз да, темір тұлпарлар сізден сақтық пен тәртіпті, сабырлық пен ұстамдылықты, салауат пен қанағатты, жол қозғалысы ережесі мен заң білуді талап етеді. Қоғамға, қоғам тыныштығына бәріміз де жауаптымыз. Жақында ғана жол-патрульдік полиция қызметкерлеріне ала таяғын қайтару ұсынылды. Оны түн мезгілінде пайдаланса да, әйтеуір алақаннан гөрі пайдасы шашетектен. Жол апаты қайтсе азаяды? Біз де ала таяқ полицейлерге қайтып берілсе» деп топшылағанбыз. Ол күн де келген сияқты. Айбынды, айбарлы ала таяқ халық үшін, қоғам үшін қызмет ете беруіне тілектеспіз. Ұлтымызда «Қайтып келген малдың қайыры бар» деген даналық сөз сирек айтылады. Мен осы мақалға орайластыра «Қайтып келген ала таяқтың құжынаған көлікті қоғамға берері мол» дегім келеді.
Өркен ИСМАИЛ,
аудандық полиция бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы, ҚР Ішкі істер органдарының «Құрметті ардагері», отставкадағы полиция подполковнигі