Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәртіпті сақтайтын сақшылар

Тәртіпті сақтайтын сақшылар


Өмір сүруге қолайлы ортаны қалыптастыруда тәртіп сақшыларының орны бөлек. Қылмыспен күрес жолында полицияның әр бөлімшесінің өзіне тән қызметі және міндеттері бар. Өскелең ұрпақты патриоттық бағытта тәрбиелеу мақсатында Шиелі станция­с­ы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлерімен жас полицейлердің кадет сыныбын құру мақсатында пилоттық жоба ұйымдастырылған. Жобаны кентте орналасқан №252 Г.Н.Ковтунов атындағы орыс орта мектебінің 1 «б» сыныбымен жүзеге асырды.
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейткен жөн. Азаматтар санасына полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы тиіс», – деген болатын. Расында, ел тыныштығын күзетіп, суыққа тоңбай, ыстыққа күймей, алдыңғы қатарда сап түзейтін полицейлердің жұмысы жеңіл деуге келмес. Ал, мектеп ішінен жас полицейлердің кадет сыныбын құру жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға таптырмас мүмкіндік болмақ. Өз ортасынан сайланған тәртіп сақшылары мектеп қабырғасында орын алатын жайсыздықтар, яғни, күш көрсетіп әлімжеттік жасау, ақша талап ету секілді оқушылар арасындағы түсініспеушілікті де жоятын болады. Полицей қызметкерлері біз көз жұма қарайтын осы келеңсіздіктер үлкен қылмысқа үйрететінін де сөз етті шара барысында.
«Жас полиция кадет сыныптарын құрудағы мақсат – бірінші кезекте, патриотизм мен Отанына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуге, мектепте құқық бұзушылықтың алдын алуға және мамандық таңдауда көмек көрсетуге бағытталды» – дейді Шиелі станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің жасөспірімдер ісі жөніндегі тобының аға инспекторы, полиция майоры Салтанат Таймурзаева. Жасөспірімдердің тәртібін мектеп қабырғасынан бастап қолға алған майор сыныппен жұмыс жасау барысында түрлі ойындар ұйымдастырып, сауалнама да жүргізді. Сондай-ақ, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, ережелермен таныстырды.
Г.ДҮЙСЕБАЙ.
23 қазан 2018 ж. 2 235 0