Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Теміржолда төрт түлік қараусыз жүр...

Теміржолда төрт түлік қараусыз жүр...

Шиелі кенті станция разъезд тұрғындарының төрт түлігі қараусыз жайылу салдарынан жолаушылар мен жүк пойыздары зардап шегуде. Оқшауланған жерлерде жүрген ірі қараның жолды бөгеуіне байланысты пойыздар жедел тежегішті басып тоқтауға мәжбүр.
Жалпы, Қызылорда станция ішкі істер желілік бөлімінің Шиелі станциясындағы желілік полиция бөлімшесі Сұлутөбе, Тартоғай, Бәйгеқұм, №20, 21 бекет, Шиелі, Ақмая, Екпінді бекетіне дейінгі аралықта теміржол аймағында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында үздіксіз қызмет атқарып келеді. Оның ішінде жолаушылар, жүк пойыздары, темір жол мекемелері де кіреді. Мұндағы басты мақсат – азаматтардың жеке басының қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу екені айқын. «Осыған сәйкес, қызмет көрсету учаскесіне үнемі криминогендік ахуал жағдайын бақылау мақсатында полиция қызметкерлері бөлініп, тексеру жұмыстары жүргізіледі. Бүгінгі таңда ең өзекті мәселе жоғарыда атап өткеніміздей төрт түлік малдың қараусыз жайылу салдары. Тұрғындардың селқостығы Қызылорда локомотив пайдалану депосына елеулі шығындар тудырып, жолаушылардың уақытын алуда. Осыған орай, кінәлі адамдарға шара көріліп, әкімшілік жауапқа тартылатынын ескертеміз» – дейді, Шиелі станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің мамандары.
Сондықтан, жергілікті тұрғындарға төрт түлікке бас-көз болып, малдарға бақташы бекіту жайын қолға алу керек сыңайлы. Жол қауіпсіздігін ескеріп, көпшілікке зиян, залал келтіруден абай болайық.
Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.


29 шілде 2018 ж. 1 436 0