Дара диспетчер

Сонымен, отыз жылға жуық көлік қызметі саласының ыстығына күйіп, біршама ауыртпалығын арқалаған жанның бірегейі Дүйсенбек Төлегенов. Өмірге 1930 жылы келген Дүйсенбек Төлегеновтың да балалық шағы сол кездердегі қатарластары іспетті қиын-қыстау кезеңмен тұспа-тұс келді. Аштық жылдары, Ұлы Отан соғысы жылдары одан соң елді-мекендерді қайта қалпына келтіру секілді қысылтаяң уақыттар бала Дүйсенбекті ерте есейткендей. Ес жиып, елге қызмет етуді көздеген ол еңбек жолын 1955 жылы Шиелі аудандық кеңесінің атқару комитетінде нұсқаушы болып бастайды. Бір жылдан соң, яғни 1956 жылы қаржы бөлімінде аға салық жинаушы, есепші, 1961 жылға дейін әр түрлі қызмет атқарады. Ал, 1962 жылы аудандағы №1 автотранспорт кәсіпорнында аға диспетчер қызметін абыроймен атқара отырып, мекеме жұмысын алға қояды. Білгенін өзгелерге үйретуге жалықпаған Дүйсенбек Төлегеновты өзінен кейін келген жастар өздеріне ұстаз тұтып, мол тәжірибе жинақтады. Сансыз соқпақты тіршілікте өзіндік биік ерекшелігіңді өзгеге дарыта да, таныта да алу теңдессіз қасиет. Тұла бойындағы асыл қасиеттер мен таза қарекеттерін тағылымды тірліктерге, сәулелі де сындарлы істерге бағыттай білген азамат деуге болады. Ізбасар інілерінің сөзіне сүйенсек, партияның кезінде аталған мекемеде партияның комитет хатшылығын көп жылдар бойы атқарыпты Дүйсенбек аға. Кеңес заманында аудан көлемінде ауыл шаруашылығына және құрылыс саласына көп еңбек сіңіргендігін айта кету керек. Тіршілігі қайнаған ерте көктемнен егін салу, күріш жинауда осы мекемеден көптеген автокөліктер егін жинауға қатысатын көрінеді. Кем дегенде 150 автокөлік тіркемесімен осы науқанға атсалысқан екен. Шөп жинау, малдарды ет комбинатына апарып, құрылысқа қаншама керек-жарақ заттарды Қызылордадан аптасына 25-30 КАМаз тіркемесімен тасып отырған кездерін сағынышпен еске түсірді Дүйсенбек қарт. Сөйтіп, бейнеттің де зейнетін көруді нәсіп еткен Аллаға сансыз шүкіршілік айтқан ақсақал 1990 жылы зейнеткерлікке шығады. Жанұясында ұл-қызынан тараған немере-шөбере, шөпшек тәрбиелеп отырған ол жары Әсиядан ерте айырылды. Тіршіліктің қандай қалтарысында да тасада қалмаған әке балаларына да тәрбиенің тұнығын ұсына білді. Қызы Әлия «Арғымақ» ЖШС 30 жылдан астам есепші болып, бүгінде зейнетте. Екі бірдей ұлы Бақыт пен Бағдаты осы мекеменің жүргізушілері екендігін де сөз арасында айтып қалды.
Аудан экономикасының өркендеп, өсуіне еңбек сіңіріп, өз жолдастары мен төңірегіне сәуле шашып тұратындай кейіпкеріміздің өмірі қай жағынан болса да өнегеге толы десек болғандай. Ілгеріректе ауыл ақсақалдары әңгіме арасында өздері үлгі тұтқан бір адамдар жайлы айтқанда «сүйегі асыл ғой» деген тіркесті сондай сүйіспеншілікпен айтатын. Бүгінгі күні тоқсан атты тіршілік белесінің табалдырығына аяқ салса да, қайраты мен қажыры бойынан кетпеген сыңайлы, айтқан сөзі де ажарлы, жүріп өткен жолдарының әрбір белесін анық есіне түсіріп, қолмен қойғандай айтып отыруы осы сөзімізге дәлел болғандай. Олай болса, жас ұрпаққа береріңіз сарқылмасын демекпіз.
Дина ӘБІЛАСАНҚЫЗЫ.