Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аялдамаға аялдап отыратын күн қайда???

Аялдамаға аялдап отыратын күн қайда???

Аялдама,
Жаңға шуақ жайылған баяу ғана.
Қоштасудың көлігі таяуда ма?
Кетсек-ау деп ойлап ем жаяу ғана,
Аялдама...
Иә, бұл әнші Ернар Айдардың орындауындағы аялдама әні. Тыңдап көрдіңіздер ме? Өзіндік лирикалық сезімдер иіріміне жетелейтін әннің тақырыбын біз де мақаламызға арқау еттік. Бірақ, біздің аялдамаларымыздың атауы бар болғанымен жолаушылардың аялдайтын жері жоқ. Сіздерге қызық болып отырған шығар. «Бұл қай жер?» деп. Бұл атақты халық ақыны, әрі композитор-әнші ретінде көзі тірісінде-ақ халық сүйіспеншілігіне бөленген Нартай Бекежановтың дүниеге келіп, бүгінде атын алып отырған ауыл.
Нартай ауылында тұрғындарға тоқтаусыз қызмет көрсетіп отырған қоғамдық көліктер белгілі бір атаудағы аялдамаларға тоқтайды. «Телевишка», «Құлтаев», «Диірмен», «Бұрылыс», «Орта», «Мешіт», «Амангелді», «Қалдыбаев», «Трасса», «Абай», «Медпункт» деп тұрғындар арасында аталып кеткен нүктелер бар. Тұрғындар өздеріне қажетті аялдамаларын атап көрсетіп, сол жерден түсіп қала береді. Алайда, жолаушылар жазда ыстық пен жауыннан қорғанатын, қыста жел мен бораннан ықтасын болатын аялдама қажет екенін айтып, әсіресе, балаларға осы жағдай қиындық тудырып отырғанын жеткізді. Сонымен бірге, аялдама бар болғаны бір ғана жерде, ол да трассаның бойында ғана екенін білдік. Бестам ауылында да осы жайт екен. Нақ осы мәселе қалған ауылдарда да көрініс тапқан. Біз тек кейбіріне ғана тоқталдық. Көлік күтіп жол бойында аялдамасы жоқ тұста тұрған жаңбырлы, батпақты күндері әсіресе, жүйткіп келе жатқан көліктің шалшық суы шашырап кетпесе екен деп қалай қорғанарын білмей дал болатын халықтың тілегін тыңдар төрелер қайда?! Болмаса, көпшілік аялдамаларды жергілікті ландшафтың елеусіз бір белгісі сияқты қабылдайды ма екен?!
Шындығына келгенде, аялдама дегеніңіз тек қоғамдық көлік тоқтайтын орын ғана емес, қариялар аялдап, тізесін бүгетін, жаңбырлы, қарлы күндері жолаушылардың панасы болар мекен емес пе? Белгілі бір көлік аялдайтын орын болмағандықтан, тұрғындар қоғамдық көліктерді қалаған тұсынан тоқтатып, жүргізушілер тарапынан да жағымсыз әңгімелер естіп жататын жайттарды құлағымыз шалады.
Ал, кей ауылдарда екі-үш аялдама болғанымен, аялдай алмайтын орындарға айналған. Олай деуімізге сол орындардың тазалық ауылынан алыстап, күн батқанда «серілердің» бас қосып, көңіл көтеретін алаңына айналуы. Сыра мен спирттік ішімдік бөтелкелері, шағылған шекілдеуіктің қалдығы мен қоқыс қағаздар, сусындардың құтылары шашылып жағымсыз иісі танауыңды тесіп жібереді. Ал, қайсыбірінің тозығы жетіп, жөндеуді қажет етіп тұрғандығы жасырын емес. Енді бірде көшеден өзге саялы жер таппай, халық тұратын жерлерде топтасып алған сиырлар мен есектерді көргенде жануарларға арналған тұрақ па дерсің?
Жуырда республикалық «Асыл арна» арнасынан шымкентік азаматтың өз көшесінің бойынан аялдама салып, сауапты іс жасағандығы жөнінде айтылды. Азаматтық танытып, өз ықтиярымен аялдама салуға қандай ой итермеледі екен деген ой болды алғашқыда. Мұнтаздай таза әрі талапқа сай аялдама көз қуантады. Аялдама айналасын жасыл желекпен көмкеруді де ұмыт қалдырмай, ағаштар мен гүлдердің небір түрлерін отырғызыпты. Ол кісінің айтуынша, мұндай ізгі ой нөсерлетіп жауған жаңбырдың астында қалып қойып, малмандай су болған қалпымен дірдектеп, автобус күтіп тұрған келіншекті көргенде туындаған екен.
Міне, «қаржының көзін қайдан табам» деп істің көзін таппай, халықты әбіржітіп қоятын ел азаматтарына сабақты іс. Бүгінде ауданымыз бойынша мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында әлеуметке әр беретін қаншама нысандар бой көтеруде. Сол тізімге жоғарыда аты аталған нысанды да енгізіп, «Туған жерге тағзым» жобасы бойынша елден шыққан азаматтарды тартып, жұмыс жасалса нұр үстіне нұр болар еді-ау. Ауызды қу шөппен сүртіп, мемлекеттік бюджетке де сеніп отыра бермей, сөзден іске көшсе, жоғымыздың түгенделіп, кеткеніміздің оралғаны осы болмақ.

Дина ЖҮСІП.
16 қаңтар 2018 ж. 1 085 0