Жол қадірін жүрген біледі
Дана халқымызда «жол қадірін жүрген біледі» деген керемет сөз бар. Шындығында солай. Қайбір нәрсенің байыбына барып, қадірін жіті түсіну үшін алдымен оны көзбен көріп, қолмен ұстап, білу қажет. Сонда ғана оның қадір-қасиетіне тереңдей түсесің. Осы орайда өзіміз күнделікті жұмысқа қатынап, тіршілігімізбен тікелей байланысып кеткен жолдардың бүгінгі тыныс тіршілігіне аз-кем тоқталып өтуді жөн санадық. Біздің қолымыздағы мәліметке сүйенсек, бүгінде аудан бойынша 145,4 шақырым аудандық, 92 шақырым облыстық, 80 шақырым республикалық маңыздағы автомобиль жолдары халыққа қызмет етуде. Сонымен қатар Сырдария өзенінде екі қалқымалы көпір мен бір қалқымалы өткел арғы беттегі ағайынмен араны жалғап отыр. Аудандық маңыздағы 145,4 шақырым автомобиль жолдарының 124,5 шақырымы, яғни 83,7 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал облыстық және республикалық маңыздағы автомобиль жолдары 100 пайыз асфальтталып, сапасына жақсы баға берілген. Алдымен Шиелі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің 2018 жылы атқарған жұмыстары мен биылғы жарты жылдық көрсеткіштерін қысқаша назарларыңызға ұсынсақ, сосын әңгімемізді әрмен қарай жалғай жатармыз.
Мәселен, кент және ауылдық елді мекендерде жалпы саны 437 шақырым жол торабы болса, кенттің 51,5 және елді мекендердегі жолдың 46,5 пайызы асфальтталған. 2018 жылы жергілікті бюджеттен 107,9 мың теңге бөлініп, 11 шақырым ауыл, 2,4 шақырым кент жолдары жөнделген. Ал облыстық бюджеттен «Самара-Шымкент» автомобиль жолында орналасқан көпірге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 134,6 млн теңге бөлініп, көпір құрылысы жоспар бойынша аяқтады. Сметалық құны 120 млн теңге тұратын Оқшы Ата мемориалдық кешеніне кіре беріс 4,8 шақырым автомобиль жол құрылысы екі жылға жоспарланып, оны мердігер мекеме «Шиелі Жолшы» ЖШС 96,9 млн теңгеге ұтып алып, облыстық бюджеттен бөлінген 70,0 млн. теңге қаржы игерілді.
Елді мекендердің ішінде Жиделі ауылының кіре беріс жолына 795,0 мың теңгеге жоба-сметалық құжаты даярланып, ҚР Автомобиль жолдары комитетінен салалық сараптама алынған. Сондай-ақ Қарғалы және Ботабай ауылдарының арасын жалғайтын жолға техникалық-экономикалық негіздеме жасауға жергілікті бюджеттен 8000,0 мың теңге бөлініп, игерілген. Самара-Шымкент автомобиль жолының 6,5 шақырымын қайта құрылымдауға жоба сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген.
Ал 2019 жылдың 6 айында атқарылған жұмыстарға тоқталар болсақ, осы жылы «Самара-Шымкент-Майлытоғай» бағыты бойынша 2,8 шақырым жолға облыстық бюджеттен орташа жөндеуге 47088 мың теңге қаржы бөлінген. Аталған жөндеу жұмысы мамыр айында басталып, бүгінгі күнге жұмыс толық атқарылды. «Самара-Шымкент-Жөлек» жолының бойындағы көпірді орташа жөндеуге жоба-сметалық құжаттама жасалып, салалық қорытынды алынды. «Шиелі-Қарғалы-Байкенже-Жаңақорған» автомобиль жолының 15-27 шақырымы орташа жөнделді. Облыстық басқармаға 4 жоба өткізіліп қаржысы күтілуде. Ұзындығы 65 шақырым болатын Ботабай елді мекені мен Бұланбай бауы елді мекенін жалғастыратын жол құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі сараптамадан өтіп жатыр. Иә, бұл ауданда өткен жыл мен биыл атқарылған жұмыстардың легі. Салыстырмалы түрде қарасақ былтыр автомобиль жолдары бойынша едәуір жұмыс атқарылып, көпір салынып, біршама жол жөнделген екен.
Иә, жауапты бөлім берген мәліметтерге көз жүгіртсеңіз риза боласыз. Ал темір тұлпар тізгіндеп, несібесін жолдан іздеп жүрген жүргізушілердің жоғарыдағы көрсеткіштерге көңілдері тола ма?
Досым Ібішев, Шиелі-Қызылорда бағыты бойынша жолаушылар тасымалдаушы:
– Шиелінің жолын көрші облыс, қалалармен салыстыратын болсақ, сапасы төмен, ой-шұқыры да көп. Кентішілік жолдарға қайта жөндеу жұмыстары керек-ақ. Әсіресе, аудандық емхана, Шыныбеков, теріскейдегі «Шұғыла» мөлтек ауданы арқылы Шанхайға баратын жолдар кезек күтпей жөнделсе деген өтінішіміз бар. Ойқы-шойқы жолдардың кесірінен 2 жылда бір рет техникалық жөндеуден өтетін көлігіміз 6 ай сайын әбігерге түсіріп келеді.
Қайрат Мамраев, Еңбекші ауылы:
– «Жол азабы – көр азабы» демей ме, дана халқымыз. Шиелі ауданының жолдарының сапа, деңгейін өзге өңірлерге қарағанда, әлдеқайда көш ілгері деуге болады. Дейтұрғанмен, өңір автожолына көңіл толмайтын тұсымыз да баршылық. Орайы келгенде айта кетейін, кентішілік жолдардың ені тым тар. Кейде қос көлік қатар сыймай, жол жиегіне шығып кетіп жатамыз. Соңғы уақытта жиі орын алып жүрген жол көлік оқиғаларына да осы көшенің тарлығы әсерін тигізіп жүргендей. Сонымен қатар өзім күнделікті қатынайтын Еңбекші ауылының жолына да күрделі жөндеу қажет. Маи қызметкерлері осы жолмен жиі жүретін ауыр жүк көліктердің жол ережесін сақтауын жіті бақыласа дейміз.
Иә, жүргізушілердің уәжі жөнсіз дей алмаймыз. Қазір көлік құралдарының да бағасы арзан емес. Егер, темір тұлпарыңыз шұқырға түсіп кетіп құрылғысы сынатын болса, қалтаңызды жұқартып жібереді. Онсыз да жүрген жолы мен мінген көлігі үшін мемлекетке салық төлеп отырған халықтың осындай кемшіліктен кейін жүйкесі де жұқара түсері анық. Ал қоғамдық-саяси тұрақтылықты, әлеуметтік теңдікті сақтау үшін осындай мәселелерді уақытында шешіп отырғанымыз абзал.
Елдос ЖҮСІП