Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиелі: Тас жолдың 140 шақырымы жөнделіп жатыр

Шиелі: Тас жолдың 140 шақырымы жөнделіп жатыр




Дамуды ойлаған ел жолын түзейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды тұғырнамасында жол сапасына айрықша назар аударды. «Республикалық маңызы бар 8 мың шақырым және облыстық, аудандық маңызы бар 14 мың шақырым автожолдың сапалы салынуы мен жөнделуін қамтамасыз етеміз» деп уәде берді Мемлекет басшысы.

Айтпасқа лаж жоқ. Елімізде жол сапасы күрделі әрі қиын мәселеге айналып кеткені қашан. Бірақ бұл мәселенің де күрмеуін шешуге тырысып бағуда мамандар. Оған бүгінде «Қызылорда-Жезқазған» тас жолының жұмысы қарқын алғандығы дәлел.

Қызылорда облысында жергілікті маңызы бар 3418,5 шақырым жол бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар жол 1014,5 шақырымды құрайды. Ал бүгінде құрылысы қарқынды жүріп жатқан «Қызылорда-Жезқазған» тас жолы 204 шақырым. Тас жол 2025 жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен көшпелі брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Жәнібек Сыздықов мәлім етті.

«Бүгінгі таңда аймақ басшысының тікелей қолдауымен қайта жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Алдағы уақытта бұл республикалық маңызы бар жол өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосады», – деді Жәнібек Шәкімбайұлы.«Қазіргі таңда республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» тасжолының 12-216 шақырым арасында қайта жаңарту жұмыстары басталды. Бүгінде асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Қайта жөндеу жұмыстарын жергілікті «Қыран» ЖШС атқарып жатыр. Тас жолдың 140 шақырымына жөндеу жұмыстары іске асырылуда. Сондай-ақ су скважиндері, айналмалы жол жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жолдың бойынан асфальт зауыты салынып жатыр. Жөндеу жұмыстары барысында қолданылып жатырған құрылыс заттарының барлығы Жаңақорған ауданынан тасымалданады», – деді «ҚазАвтожол» АҚ ҰҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Ерсайын Мұзаффар.

Ата Заңда жазылғандай, мемлекеттің басты байлығы – адам. Сол үшін сапалы жол – адам амандығының кепілі екендігін қаперде ұстаған жөн.
07 мамыр 2023 ж. 343 0