Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қызылорда-Жезқазған» жолында не жаңалық?

«Қызылорда-Жезқазған» жолында не жаңалық?



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен аталған жолды жаңғырту қолға алынған болатын. Бүгінде облыс басшылығының қолдауымен ауқымды жобаны жүзеге асыру бағытында қызу жұмыс басталып кетті.

– Республикалық маңыздағы «Қызылорда-Жезқазған» жолын қайта жаңғырту бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы өткен жылдың желтоқсан айында алынды. Жобалау-іздестіру және техникалық-экономикалық негіздеме 2019-2020 жылдар аралығында жүргізілді. Ендігі кезекте 2025 жылға дейін күре жолды ел игілігіне айналдыру міндеті тұр, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Пакуатдин Шамұратов.
Күре жолдың 204 шақырымы (12-216 шақырым) Қызылорда облысының аумағында жатыр. Облыс аумағындағы жол бөлігі алты лотқа бөлінген. Қазіргі таңда олардың басым бөлігінде құрылыс жүргізетін компаниялар анықталды. Қызылорда қаласының аумағында орналасатын айналма жолы төрт жолақты болып салынады. Ұзындығы 14,6 шақырымды құрайтын бұл бөлігі 1 б санатқа енгізілген. Ал ұзындығы 201,4 шақырымға жететін қалған бөлігі екінші санатты, яғни екі жолақты болады.
– Қызылорда қаласы аумағындағы айналма жол толықтай жарықтандырылады. Сондай-ақ, 2 жол айрығы, 2 ауыл шаруашылығы техникалары мен үй жануарларына арналған жол өткелі, су арнасына арналған 3 көпір жоспарланған. Жол бойында салмақ, габарит, жылдамдық өлшейтін аркалар орналастырылып, демалыс алаңдары бой көтереді және 117 қиылысу мен түйісу нүктелері қарастырылған, – деді «ҚазАвтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Ерсайын Мұзафар.
Оның айтуынша, қазірге дейін 3-6 лоттар бойынша жеңімпаздар анықталды. Атап айтқанда, «Қытай азаматтық инженерлік-құрылыс компаниясы» 76-127, «Қыран» ЖШС 127-156, «Гуйчжоу жол-инженерлік корпорациясы» 156-186, «Stesol corporation» мекемесі 186-216 шақырым аралығында құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Ал 1 және 2 лоттар бойынша тендерлік рәсімдер жасалуда. Құрылысқа техникалық қадағалаушы ретінде кореялық «Dohwa Engineering CoLTD» және қазақстандық «Consulting Group» ЖШС бірлескен кәсіпорны бекітілген.
Аталған компаниялар былтыр жол құрылысына дайындық жұмыстарын жүргізді. Оның ішінде уақытша жерге орналастыруға қажетті рұқсат құжаттар мен мемлекеттік актілерді рәсімдеу, топырақ карьерлері мен су скважиналарын пайдалану үшін рұқсатнама құжаттарын алу, арнайы техникаларды жеткізу, айналма жолдарды салу, құрылыс материалдарын апару мәселесі бар.
Сонымен «Қызылорда-Жезқазған» жолының құрылысы қызу бастау алатын күн жақын. Бұл, шын мәнінде, талай жылдан бері сөз күйінде келетін ең маңызды мәселенің бірі шешім тапқанын көрсетеді. Ендігі іске сәттілік болсын дейік.

Әділжан ҮМБЕТ
28 ақпан 2023 ж. 195 0